00:00
Астана -10oC
USD:
443.35
EUR:
475.54
RUB:
4.82
Іздеу

Мәдина Әжікенова: Кәсіпті 300 мың теңгемен де бастауға болады

Фото: Мәдина Әжікенова

Президент биылғы Жолдауында еліміздің нарығында белсенді жұмыс істеп жатқан табысты кәсіпорындар көп емес екеніне назар аударды. Сәйкесінше оларға қолдау көрсету қажет екенін айтты. Бүгінде мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге қандай көмек көрсетіліп жатыр? Elorda.info тілшісі тақырып төңірегінде Астана қаласы мәслихатының VIII шақырылым депутаты, кәсіпкер  Мәдина Әжікеновамен сұхбаттасты. 

-Мәдина Берікболқызы, қазір мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге қандай нақты қолдаулар көрсетілуде?

Қазіргі кезде елімізде шағын және орта бизнеске жан-жақты қолдау көрсетілуде. Кәсіпкерлердің жаңа жобаларына, сондай-ақ кәсібін әрі қарай дөңгелентіп кетуі үшін тиімді пайызбен несиелер ұсынылып отыр. Әсіресе, кәсібіне қажетті құрал-жабдықтарын алып, қосымша филиалдарын ашуы үшін көп мүмкіндіктер қарастырылған. Мұндай кәсіпорындардың әрқайсысына қатысты нақты жоспар әзірлеп, сол арқылы олардың өндіріс қабілетін арттырып, өнім көлемін екі-үш есе көбейту қажет.  Міне, мемлекет басшысы осы және өзге де бизнес саласында ұзақ жыл бойы қордаланып келген өзекті мәселелерді көтеріп, кәсіпкерлерге қолдау көрсету бойынша нақты тапсырмалар берді. 

Нақтырақ айтсақ, үлкен қолдаулардың бірі ретінде мораторийді атасақ болады. Осы құжат негізінде шағын және орта бизнес өкілдерін билік өкілдері келіп негізсіз тексере алмайтын болды. Осы мүмкіндіктің арқасында кәсіпкерлер өздерінің жұмыстарын реттеп, заңды түрде жүргізуде. 

Соңғы кезде жеке кәсіпкерлер үшін қайтарымсыз 5 млн теңге көлемінде гранттар берілуде. Көбіне бұл жобаларға көпбалалы аналар, әлеуметтік жағдайы төмен адамдар тартылады. Жақында ғана аталған жобаға 113 адам қатысып, олар 5 млн теңге грант иесі болды. Келесі жылы қаржы көлемін ұлғайтып, одан да көп кәсіпкерге мүмкіндік беру жоспарланып отыр. 

Ал үлкен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер үшін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының» төмен пайызбен ұсынатын несиелері бар. 

-Ал нақты астаналық кәсіпкерлер үшін қандай жеңілдіктер бар? 

Бұл тарапта Сізбен өз тәжірибеммен бөлісейін. Осыдан 5 жыл бұрын «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының субсидиясы арқылы балабақшаға Астанадан қолайлы ғимарат сатып алдым. «Банкцентркредит» арқылы несие пайызы 14 болған еді,  оның 8 пайызын қор төлесе, мен өзім 6 пайызын ғана төледім. Бұл үлкен демеу болды. Біз алған ақшаның пайызын емес, қарызын төледік. Сөйтіп, қарызымызды 5 жылда жылдам қайтардық. Кейін бұл салаға қатысты тағы да мемлекеттен қаржылық мүмкіндіктерге жол ашылды. Ол арқылы балабақшаның кейбір шығыны мен қызметкерлердің табысын жабудамыз. 

Қазір де бұл жоба бар.  2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы деп аталады. Бірақ қазір несиелік пайызы 8-ге көтерілді. Дегенмен инфляцияға байланысты бұл да тиімді. Мен ғана емес, әріптестерім де осы арқылы өз бизнестерін кеңейтуде. 

Екінші жоба «Астана - бизнес» деп аталады. Бұл жерде жаңадан ісін бастап жатқан кәсіпкерлер үшін 50 млн теңгеге шейін, кәсібі бар адамдар үшін 100 млн теңгеге дейін 7 пайызбен несие беріледі. Бір ерекшелігі, бұл жерде сала-салаға бөлмейді. Көптеген кәсіпкер осы мүмкіндікті пайдалана алады. Бұл жөнінде «Банкцентркредит», «Халық банк», «Форте банк», «Фридом банктерден» «Астана – бизнес» жобасы бойынша кеңес алуға болады. Елордалықтарға құлаққағыс, аталған жоба бойынша өтініштер күні бүгінге дейін өтініш қабылдануда. 

Ал «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы құжаттарды өткізген кезде, олар өздері өзара келісіммен жұмыс істейтін 4-5 банкті таңдауыңызға ұсынады. Мен, мысалы, үш банкке өтініш бердім. Иә, қиындығы да жоқ емес, құжаттарды мұқият жинау керек. Нәтижесінде «Халық банкпен» 8 пайызға несиелендірілдік. 

Сондай-ақ биыл мәслихат қабырғасында бөлшек сауда салығы  4 пайыздан 3 пайызға дейін төмендетілді. Бұл да - кәсіпкерлер үшін қолдау, демеу. 

-Кәсіпкерлікті несиелендіруде қандай қиындықтар тууы мүмкін?

Несие алғанда қандай қиындықтар туады? Көбі «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының субсидиясы бар, сол кепілдік болады деп ойлайды. Мысалы, мен ғимаратты сатып алу үшін осы ғимаратты кепілдікке қоямын. Оған қоса 20 пайызға дейін алғашқы жарна керек болады. Ғимарат бағасы 100 млн болса, соның 20 млн-ы сіздің қолыңызда болуы керек. Ал көпшілік адамның қолында  ондай сома жоқ. Бұрын олар үйі болса, үйін кепілдікке қойып, несиені солай алатын, енді бұл ереже өзгерді.

-Ал өз кәсібімді ашамын деушілерге қандай кеңес берер едіңіз? Шағын орта бизнес өкілі өз ісін неден бастағаны дұрыс? 

Ең алдымен, нақты қай салада кәсіп жасай алатынын анықтап алуы керек. Кәсібін енді бастағалы отырған адам өзіне «Менің қолымнан не келеді?», «Не нәрсеге қызығушылығым жоғары?» деген сияқты сауалдарды қоюы керек. Мысалы, мен өз кәсібімді бастамас бұрын әуелі шаштараз ашқым келді, сосын телефон аксессуарларын сататын дүкен ашқым келді, одан кейін «Той көйлектерін сатсам ба?» деген ой туды. Өйткені мен атаған кәсіптің барлығы да - қазір табысты салалар. Бірақ ең жүрегіме жақыны – балабақша ашу болды. Өйткені маған баламен жұмыс жасау ұнайды. Әрі бұл кәсіпті ашу арқылы қазіргі балабақша орны жетіспеушілігі мәселесіне өзімнің үлкен үлесімді қосар едім. Сөйтіп, 100 балаға арналған балабақша аштым. Сәйкесінше Астанада 100 отбасының балабақшаға қатысты мәселесі шешілді. Осылайша әрі өзіңіздің жаныңызға жақын, қолыңыздан келетін, табыс әкелетін кәсіпті таңдау арқылы қоғамға да пайда әкелсеңіз, керемет емес пе? 

-Кәсіпті бастау үшін қаржылық капитал болуы міндетті ме? Көпшілік адам қолында қомақты қаржы болмағандықтан, өз бизнесін бастаудан тартынып жатады. 

Тағы да жеке мысал айтайын. Бір кезде мен анама осы сауалды қойғанмын. Оған ұзақ жыл сауда саласында жұмыс жасаған анам: «Ниет болса, кәсіпті 300 мың теңгемен де, 500 мың теңгемен де бастауға болады», - деп жауап берген еді. Ол кәсіппен айналысқысы келетін адам кез келген жерден табыс көзін таба алатынын айтты. Мысалы, Астанада не сатуға болады? Ең аяғы, «Шанқай» базарынан арзан шұлықтарды алып, оны қаланың ортасында екі есе бағасына сатуға болады. Бастысы, ниет етіңіз де, тәуекел етіңіз!

-Сұхбатыңызға рахмет! 

 

Барлық жаңалықтар