00:00
Астана -10oC
USD:
443.44
EUR:
480.51
RUB:
4.88
Іздеу

«Жаңбырды тоқтатыңдар!»: iKomek кез келген мәселенің шешімін табады

17.04.2023 | 16:57
48
Фото: Оңалхан Өнерхан

Елордадағы iKomek109 орталығына қала тұрғындары мен қонақтары шұғыл мәселелермен қоса ойға қонымсыз сұрақтар бойынша да хабарласады. Мәселен, бейтаныс біреу нөсер жауынды тоқтатуын сұрапты. Жыл басынан бері мұнда 600 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Олардың 80 пайызы бірден шешіледі екен. «iKomek-ке нақты қандай мәселелер бойынша хабарласуға болады? Орталыққа түскен әр мәселе қанша уақыт ішінде шешіліп, тұрғынға жауап беріледі? Міне, осындай маңызды сұрақтардың жауабын білу мақсатында Elorda.info журналисі арнайы Астанадағы iKomek орталығына барып қайтты.

8.jpg

Астанадағы iKomek109 орталығы 2018 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Орталық қызметкерлері күндіз-түні қала тұрғындары мен қонақтарының қоңырауларына жауап береді. Азаматтар 109 желісі арқылы шұғыл мәселелер бойынша хабарласа алады.

11.jpg

Орталықта күн сайын желіге 45-50 оператор шығады. Олардың ішінде сағат 9:00-ден кешкі 21:00-ге дейін 17 оператор, сағат 8:00-ден 17:00-ге дейін 19 оператор, сағат 08:00-ден 08:00-ге дейін 11 оператор кесте бойынша жұмыс атқарады, - деді Астана қаласы әкімдігінің қалалық Мониторинг және жедел әрекет ету орталығы Анализ және сапаны бақылау департаментінің директоры Айтқабыл Бопантай.

10.jpg

(Фотода: Астана қаласы әкімдігінің қалалық Мониторинг және жедел әрекет ету орталығы Анализ және сапаны бақылау департаментінің директоры Айтқабыл Бопантай)

109 желісі арқылы келіп түскен өтінішті операторлар бірыңғай жүйеге тіркейді. Ал өтінішке бірден жауап берілсе, өтініш жабылады. Егер арнайы мамандардың қарауын қажет етсе, жүйе арқылы жауапты мекемеге жіберіледі. Жауап қарастыру уақыты – 7 күн. Осы уақыт ішінде оператор өтініш берушіге жауап береді. Егер де қарастыру уақыты маңызды себептермен ұзартуды талап етсе, онда жауапты маманмен белгілі уақытқа шегеріледі.

5.jpg

Басшының айтуынша, орталыққа келіп түскен өтініштердің 83 пайызы бірден шешіледі. Ал қалған 17 пайызы инцидент ретінде тіркеліп, жауапты мекемеге жіберіледі. 

7.jpg

Сонымен, iKomek-ке нақты қандай мәселелер бойынша хабарласуға болады?

iKomek109 –  тұрғындарға коммуналдық және қала өміріне байланысты сұрақтар бойынша қызмет көрсететін Астана қаласының бірыңғай байланыс орталығы. Қала тұрғындары әр түрлі сұрақтар бойынша хабарласа алады. Олардың қатарында денсаулық сақтау, білім беру салалары, қоғамдық көліктің жұмысы, тұрғын үйлерді су, жарық, жылумен қамтамасыз ету, қаланы қардан, қоқыстан тазалау, жасыл желектерді суару, жол инфрақұрылымы және т.б. басқа әкімдіктің жұмысына қатысты сұрақтар бар, - деді Айтқабыл Бопантай.

Қалада iKomek109 орталығы 2018 жылы ашылған күннен бастап 10 млн-нан астам өтініш келіп түскен. 

3.jpg

2018 жылы – 1 037 мың, 2019 жылы – 1 670 мың, 2020 жылы – 2 197 мың, 2021 жылы – 2 490  мың, 2022 жылы – 2 274 мың өтініш түссе, ал биылдан бастап 600 мыңнан астам адам орталыққа жүгінген. Олардың көбі –  денсаулық сақтау, қоғамдық көлік, қаланы жарық, сумен жабдықтау, жол инфрақұрылымына қатысты, - деді басшы.

4.jpg

Сондай-ақ қыс мезгілінде қаланы қардан тазалау, көктемде су басу, қоқыстан тазарту, жазда жасыл желектерді суару  секілді жыл мезгіліне қарай да қала тұрғындары мен қонақтарынан өтініштер келіп тұрады.

Мұнда тәулігіне орташа есеппен 6 000-нан 9 000-ға дейін өтініш түседі. Мәселен, пандемия кезінде жедел әрі нақты ақпарат тарату мақсатында iKomek109 орталығы сенім телефоны ретінде қызмет атқарған кезде тәулігіне 7 000-нан 29 000-ға дейін өтініш түскен, - деді Айтқабыл Бопантай.

iKomek орталығының ашылғанына биыл 4 жылдан асты. Орталыққа түсетін өтініштердің саны жылдан-жылға артып келеді. Бұл орталық жұмысының тиімділігінің көрсеткіші деуге болады дейді басшы.

12.jpg

Қала әкімдігінің 21 басқармасы, 4 аудандық әкімдік, 30-дан аса коммуналдық мекеме, 600-ден аса тұрғын үйге қызмет көрсетуші сервистік мекеме, 80 лифті шаруашылығына қызмет көрсетуші фирманың байланыс нөмірлері 109 қысқа нөміріне біріктірілген. Тұрғындарға әкімдікпен және оған қарасты мекемелермен байланыс орнату үшін ыңғайлы сервис ұсынылды. Өтініштің 50 пайызы байланыс орталығы, 20 пайызы қосымша сервистер арқылы түседі, - деді қалалық Мониторинг және жедел әрекет ету орталығы Анализ және сапаны бақылау департаментінің директоры Айтқабыл Бопантай.

Тәулік бойы қызмет ететін орталыққа азаматтардан қызықты өтініштер де келіп түседі. «109 интеллектуалды байланыс-орталығы» департаментінің директоры Әсел Өмірзақ солардың бірнешеуін бөлісті.

2022 жылдың жазында болған нөсер жауын кезінде 109-ға ер адам қоңырау шалып, жаңбырды тікұшақтардың көмегімен тоқтатуымызды өтінді. Қала күнінде бұлтты ыдыратты дегенді алға тартқан ол бұл жолы да жаңбырды тоқтатуды сұрады, - деді Әсел Өмірзақ.

9.jpg

(Фотода: «109 интеллектуалды байланыс-орталығы» департаментінің директоры Әсел Өмірзақ)

Ал бір күні биодәретханада қамалып қалған жас жігіт хабарласқан.

Саябақтан бір жігіт қоңырау шалып, биодәретханада қамалып қалғанын хабарлады. Бір сағат бойы сыртқа шыға алмаған. Біз 102 нөміріне хабарласып, полиция қызметкерлерін жібердік. Саябақ әкімшілігіне хабарладық. Оны 30 минуттан кейін сыртқа шығарды, - деп еске түсірді ол.

Осындай түрлі қызықты оқиғалар болып тұрады екен. Тіпті бейтаныс біреу орталық операторының дауысына ғашық болып қалғанын айтыпты.

Бірде 109-ға консультация алу үшін бір жігіт хабарласты. Консультацияны толығымен алғаннан кейін ол оператормен таныспақшы болды. «Қарындас, даусыңыз сондай әдемі, сізбен танысуға бола ма? Жұмыстан нешеде шығасыз? Жұмысыңыздан алып кетсем, бола ма?» деп те айтқан, - деді Әсел Досымжанқызы.

Сабина КӘКІМЖАН

Барлық жаңалықтар