00:00
Астана -10oC
USD:
443.37
EUR:
474.49
RUB:
4.83
Іздеу

«Құны 65 миллион теңге»: Қосшыда жер учаскесі мемлекетке қайтарылды

14.04.2023 | 12:00
45
Фото: ашық дереккөз

Қосшы қаласында құны 65 миллион теңге болатын жер учаскесі қайтарылды, деп хабарлады Elorda.info.

Бұл туралы Ақмола облысы прокуратурасының ресми сайтында жарияланды.

Прокуратура коммерциялық мақсатта жер беру кезінде жергілікті атқарушы органдар тарапынан өрескел заңбұзушылық болғанын анықтады.

Атап айтқанда, Қосшы ауылдық округі әкімінің өкімімен 2016 жылғы тамызда жауапкершілігі шектеулі серіктестікке ауданы 3,2778 гектар жер учаскесіне уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын берді. Осы өкімнің негізінде ЖШС мен Целиноград ауданының жер қатынастары бөлімі арасында жер учаскесіне уақытша өтеулі жер пайдалану туралы шарт жасалды.

Жалдау мерзімі бірнеше рет ұзартылды. Алайда 2016 жылдан бастап кәсіпорын жер учаскесін нысаналы мақсаты бойынша пайдаланған жоқ. Ал құжаттарға сәйкес, ЖШС тұрғын үй кешенін салуды көздеген.

Кадастрлық құны 65 миллион теңге болатын бұл жер учаскесі Қосшы қаласының орталығында орналасқан. Инвестиция салу тиімді. Мұны 2021 жылы ЖШС басқа заңды тұлғаға жалдау құқығын 120 миллион теңгеге сатқанына қарап тұжырым жасауға болады.

Алайда қадағалау органы жер учаскесі Жер кодексі 48-бабының нормаларын бұза отырып, атап айтқанда, сауда-саттық (конкурстар, аукциондар) өткізілмей берілгенін анықтады.

Ақмола облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2022 жылғы 7 қарашадағы шешімімен департаменттің талап арызы негізінде жер мемлекетке қайтарылды. Шешім биыл 16 ақпанда заңды күшіне енді.

Әкімдіктің мәліметінше, осы жерге мектеп салу жоспарда бар.

Барлық жаңалықтар