00:00
Астана -10oC
USD:
442.05
EUR:
474.14
RUB:
4.74
Іздеу

Нартай Аралбайұлы: Ашық қоғам құрамыз десек, журналистерді шектемеуіміз керек

Фото: Нартай Аралбайұлы

Нартай Аралбайұлы... Оны көзі қарақты жанның бәрі білетін шығар..?! Өзі айтқандай, көзін тырнап ашқалы сүйікті ісі журналистика саласында, оның ішінде телеарнада жұмыс жасап келді. «Мәселенің мәнісін» кесек мінезбен, екпінмен айтқанда көрерменін көгілдір экранға байлап-матап тастайтын да өзі. «Мың бір түннің» ішіне бүккен мың сан сырын ақтарып, елдің білсем дегенін дөп басып жеткізетін де сол. Әркез қоғамның сөзін сөйлеген журналист игі ісін бүгінде депутат ретінде жалғастыруда. Elorda.info тілшісі 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Нартай Сәрсенғалиевпен осы төңірегінде сұхбаттасты.

-Нартай Аралбайұлы, Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп жатыр деп естідік. Жұмыс тобы не шешті?

-Иә, жұма күні, 23 маусымда, алғашқы жұмыс тобының отырысы басталды. Шамамен 3 сағаттың көлемінде отырдық. 10 бөлімді талқыладық. Соның ішінде «Азаматтарымыздың миын уламас үшін шетелдік телеарна, шетелдік БАҚ құралдарының жолын қалай бөгей аламыз, ол үшін не істей аламыз?» деген мәселелер бар. Ал шетелдік кабельдер арқылы көрсетілетін телеарналар хабарларын орыс я басқа тілде емес, қазақ тілінде таратсын деп талап етпекпіз. Жылда конкурсқа түсіп, мемлекеттен қаражат алатын телеарналарға белгіленген пайызда қазақ тілінде ақпарат таратуды,  мемлекеттің саясатын жеткізуді, дұрыс дүниелерді көрсетуді міндеттемекпіз. Сондай жағдайда олар конкурсқа түспей-ақ  тікелей желілер арқылы ақпарат тарата бермек. Отандық бұқаралық ақпарат құралдарының қанша пайызы отандық контентпен жабылу керек? Міне, осы сияқты бірнеше мәселелерді талқыладық. Ал журналистер үшін біз тағы бір мәселеге алаңдап отырмыз. Бұл - пресс-карта. Мен пресс-карта деген нәрсеге қарсымын. Журналистерді олай желіге байлауға болмайды. Онсыз да олардың аккредиттейтін тәртібі бар. Бәрі сонымен жүзеге асу керек, сонымен тоқтау керек. Егер ашық қоғам құрамыз десек, журналисті ешқандай шектемеуіміз керек. 

-Егер құзырлы орган БАҚ туралы заңды масс-медиа деп қайтадан қабылдап жатса, бұдан журналистердің ұтары бар ма? 

-Егер құзырлы орын БАҚ туралы заңды масс-медиа деп қайтадан жасақтап жатса, біз журналистерге қандай да бір басымдық беруіміз керек. Мәселен, олардың баспаналы болуына, өзге де әлеуметтік жағдайын реттеуге көмек қарастырылғаны жөн. Әйтпесе, әріптестеріміз айтқандай, құр ауызға қақпақ болып, сөз бостандығын шектейтін дүние секілді болып қалады. Демократиялық қоғам боламыз десек, дәл осындай заңдарды қабылдаған кезде абайлауымыз керек. Иә, адамның жеке басы, өміріне тиісуге болмайды. Балалардың, азаматтардың ақпараттық қауіпсіздігі бар. Түрлі деструктивтік діни ағымдар, түрлі арсыз жыныстық контенттер де, өкінішке орай, толып кетті. Соларды реттеу қажет, бірақ сөз бостандығы, шындық айту, шенеуніктердің қате шешімдері болса, соны сынаймын деген журналистерге ешқандай кедергі жасауға болмайды. Заңнаманың ішінде маманның кәсіби жұмысын істеуге кедергі  болатын дүниелер болса, соны түзетуге, қабылдатпауға күш салуымыз керек. Әрине Нартай Аралбайұлының бір өзі ол жерде ештеңе шеше қоймайды. Бірақ біз жұмыс тобында әріптестерімізбен біріге кесіп, пішіп отырмыз. Масс-медиа туралы заң жобасының жұмыс тобында 98 адам бар. Мен келгелі осынша адамның жұмыс табында отырғанын бірінші рет көріп отырмын. Дені дұрыс дүние пайда болуы керек, сол үшін күш салып жатырмыз. 

-Кейде журналистің тікелей міндеті - ақпарат алудың қиындап кететіні бар ғой…

- Мемлекеттік органдардан сұраққа жауап алу 7 күн болса, енді 5 жұмыс күніне қысқармақ. Бірақ мен бұған да көңілім тола қоймайды. 5 жұмыс күні өте көп деп ойлаймын. Журналистер, сәт сайын, секунд сайын ақпарат алып отырады. Мысалы, бейсенбі күні хат жіберсеңіз, жауабын сәрсенбіде бір аласыз. Оған дейін ол сақалды боп кетпей ме? Бізде үнемі мемлекеттік орындар «журналистер, сайттар, телеграм каналдар фейк ақпарат жібереді, нақты ақпарат айтпайды» деп айтып жатады. Бірақ, оларға: “Кешіріңіздер, сіздер де мүдделі болуларыңыз керек. Алдыңызға хат келді ма, маманыңызды шақырып, ақпаратты ал да, тарс-тарс еткізіп жауап бер. Ешқандай қиындығы жоқ”, - дер едім. Қате ақпарат шығып жатса: “Айналайын, Салтанат, - деп звонда. -Сен неге өтірік айтасың халыққа?” деп. Қажет болса, журналист болсын, басқа болсын, жалған ақпарат таратқаны үшін адамды жауапқа тартуға болады. Бірақ біз оған жағдай жасауымыз керек. Сіз маған хат жіберсеңіз, хатыңыз дереу келіп түскен болса, мен 3-4 сағат ішінде жұмыс күні аяқталғанша жауап берген болсам, мен сізден талап ете алам. Ал сізден хатты алып алып, тәртіп бойынша 7 жұмыс күні деп созбақтап жүріп алатын болсам, мен сізге қалай заңды негізде талап қоя алам? Сондықтан журналистерден ресми түрде хат келді ма, оған дереу жауап беру керек деп санаймын. Баспасөз хатшылары дегеннен де талай жапа шеккенбіз. Таңғалатыным, өзіміздің ішімізден шыққан адамдар кейде өзімізді танымай қалатыны бар. Керісінше, олар көмектесуі керек, жәрдемдесуі керек деп ойлаймын.

-Қазір журналист - я мемлекеттік қызметкер емес, я бюджет қызметкері емес. Осы тұрғыда журналистің  статусы, мәртебесі туралы мәселе жиі көтеріліп жүр. Бұл туралы не дейсіз?

-Журналистің қандайда бір белгілі мәртебесі болуы керек деп ойлаймын. Бірақ бұл туралы масс-медианың ішіне кіргізіп қойсақ та, әлеуметтік тұрғыда басымдығы болмайтын болса, құр өтірік, сылдыр сөзден не пайда? Ал көп журналистер қазір көмекке мұқтаж. Сөз бостандығы бойынша журналистерге қандайда шектеулердің барын да естіп, біліп қалып жатамыз. Өзіміздің де басымыздан өткен жағдай. Мұның несін жасырамыз? Бірақ Нартай Аралбайұлы брендімен ашылған youtube каналымызда талай сын айтылды, айта да береміз. Шындық айтқан журналиске ешқандай шектеу болмауы керек. 

- Осы журналистерді кім қорғайды?

- Журналистерді Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі шырылдап қорғауы керек қой. Бірақ журналистің әрекеті заңның аясында болуы тиіс. Заңсыз болса, әрине, одан ешкім аттап кете алмайды. Сол үшін де қарастырып отырған заңымыз журналистердің ақпарат алу, тарату құқын шектемеуі керек. Билікке қажет заңды қабылдап алып, сол бойынша журналисті “ұр тоқпақ” қып төбесіне тоқылдатып ұрып отыруға болмайды. Масс-медиа заңында ешкім ешкімді жау көрмеуі керек. Мемлекеттік органдар, азаматтық қоғам өкілдері, журналистер - бәріміз бірігіп отырып қабылдауымыз керек. Заңды олай-бұлай бұра беруімізге болмайды. Өйткені осы заңның негізінде  ондаған жылдар өмір сүруіміз керек болады. 

-Журналистің карьералық өсу жолдары қандай? Қай бағытта дами алады? 

-Шынымды айтайын, тәуелсіз журналист болып жүргеннен артық бақыт жоқ. Ал қай деңгейге дейін өсу тілшінің өзіне байланысты. Мысалы, Опра, Познерді алайық. Қандай деңгейде? Олардың бір ауыз сөзі тұтас қоғам өкілдерінің пікірі ретінде саналады.Тәуелсіз дегенді көп айтып, сол сөздің де құндылығын кетіріп алғандаймыз. Тәуелсіз журналист - ерекше құндылықтың иесі. Осыны ескеру керек. Солай болып қалуы керек. Бәрі сөздің салмағына байланысты. Мына креслоның , мандаттың салмағына байланысты емес. 

-Әдетте танымал адамның сөзі өтімді ғой, танымал болу үшін не істеу керек?

-Жұмыс істеу керек. Арлы жолмен, адал жолмен жұмыс істеу керек. “Атың шықпаса, жер өрте” деген нәрседен аулақ болу қажет деп санаймын. Қазір қазақ қоғамының ақпарат қабылдауы өте жоғары деңгейге өскен. Бізде кейде “ойй, керемет нәрсені жазамыз, қоғам оқымайды” деп айтылып жатады. Мұндайда кінәні өзгеден емес, өзімізден іздеуіміз керек. Мүмкін өзіміз сауатты еш нәрсе бере алмаған шығармыз? Қазір youtube каналымда саяси контент шығады. Халық қалай талдайды десеңші?! Құдай-ау, сұрақ қойып отырған дауыс тембріне дейін мән беріп, “мына жерде кішкене бата алмадың ғой, Нәке”  деп немесе “әй, мықты айттың” деп қояды. Сөзімізге ғана емес, біздің тембрімізге, сөйлеу мәнерімізге қарап отырып бағалайды. Қазір халық өте ақылды. Позициясы өте мықты. Сондықтан елдің, халықтың сөзін сөйлесең, ешқашан қор болмайсың. 

-Бұған оқу-білімнен бөлек, харизма да көмектесетін сияқты… 

-Көмектеседі деп ойлаймын.

-Сонда да қайсысы басымырақ?

-Әрине оқу-білім. Ақпаратты жедел алып, қорыта білу мүмкіндігі де болу керек және еңбекқорлық. Еңбек етпесеңіз, талантыңыз табытқа түседі. Ұйықтамау керек. Сұхбат жазу керек, мақала жазу керек. 10-ы өтпесін, 20-сы өтпесін. Бір күні болмаса, бір күні біреуі жарып шығады. Сол кезде сені естиді, білетін болады. Жедел еш нәрсе болмайды. Жедел келген атақ, желмен келген ақша  сияқты, желмен ұшады да кетеді. 

-Сіз қалай танымал болдыңыз? Нартай Аралбайұлының бренді қалай қалыптасты?

-Мен шындық айтуға жанымды салдым. Бір отбасының жалғыз перзентімін. Ата-анамның үмітін ақтауға тырыстым. Ұстаздарымды жерге қаратпауға тырыстым. Ұлы ұстазым - Серік Әбікенұлы Сарыбаев. Жетісу арнасын басқарды.  Қазір жеке шығармашылығымен айналысуда. Сөзі де, өзі де үлкен тау тұлға. Менің ұстазым Серік Әбікенұлы болғаны үшін қатты мақтанамын. Кез келген жерде басымды тік көтеріп айта алам. Десе де оның шәкірті болғаным маған үлкен салмақ салады, жауапкершілік артады. Өйткені Серік Әбікенұлы өте ақылды, өте білімді, мінезді. Шақырады, мініңді айтады, бітті, бұл әңгіме басқа жерге шықпайды. Сені кез келген жерде қорғап шығады. Осы ғой журналистердің қатты жақсы көретіні. Серік Әбікенұлы бастығымыз боп тұрғанда, өзімізді үлкен таудың көлеңкесінде тұрғандай сезінетінбіз. Әлі күнге дейін солай. Дәл осындай ұстаздарымыз бар кезде біз жаман болмайтын шығармыз. Youtube каналда шындық айтып шырылдап жүргенде мен қызмет ететін телеарналарға хабарламалар түскенін білем. Сол кезде маған «я былай, я былай таңдау жаса» деп айтпаған, менің ақиқат айтуыма кедергі болмаған редакциялардың басшыларына, басқарма басшыларына да  алғымыз шексіз. Олар “Бұл - Нартайдың жеке жобасы, ал телеарнадағы жұмысын мінсіз атқарып жатыр, еңбек шартында көрсетілген міндеттерін орындап жатыр” дейтін. Бұлай айта алу да екінің бірінің қолынан келмейді. 

-Үлгі тұтар ұстаздарыңызды айттыңыз, жақсы көретін тұстастарыңыз кімдер? 

-Журналистердің бәрін жақсы көрем. Неге бөліп-жарып айтпаймын? Өйткені қай-қайсының да жұмыстарының қиын екенін білемін. Мысалы, кеше сұхбат алам деп жаздыңыз, оның әрі қарайғы тағдырына алаңдайсыз. Мен “жоқ” десем, жұмысыңыз күйіп кетейін деп тұр.  Мына менің сөзімді “кодировка” жасаудың өзі оңай емес. Тағы бір нәрсе қоса кетейін, актер Нұрлан Қоянбаевпен сұхбаттасқанмын. Оған көпшілік: “Бағдарлама қонағына неге ана сұрақты қоймайсың, қолайсыз сұрақ неге қоймайсың?” - деп айтып жатады екен. “Бұған өзімнің принципім бар, - дейді ол. - Адам мен үшін уақытын қиып келді ғой, жұмыстары бар, отбасы бар, болмаса тынығып, ұйықтамай ма? Бірақ мені адам ретінде сыйлап келді. Сондықтан ол кісіні ыңғайсыз жағдайға қалдыруға ұяламын». Әрине мен де сұхбатта сынап жатам, бірақ түбіндегі сыйластық кетпеу керек. Себебі ол адам сені сыйлағаннан кейін алтын уақытын бөліп келді. Мәселе осында. Мен де спикерге қызмет шеңберінде сауал қоямын, бірақ жеке басына тиіспеймін. Жеке өмірі - оның өз жауапкершілігі, мәшһарда өзі жауап береді. Ал қоғам алдында сұрауға болады. 

-Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан: Салтанат Мұратқызы

Барлық жаңалықтар