00:00
Астана -10oC
USD:
443.37
EUR:
474.49
RUB:
4.83
Іздеу

Бір-бірімізге 365 күн мейірімді болып, алғыс айтып жүрейік – Әскер Пириев

31.03.2023 | 23:39
Елорда ақпарат
33

Тек Қазақ елінде ғана бар бұл мерекеде қиын-қыстау кезенде түрлі себептермен біздің елімізден пана тауып, қолдау көрген түрлі этнос өкілдері Қазақстан халқына алғыс білдіреді. Осындай идеямен дүниеге келген бұл күннің аясы кеңейіп, жергілікті халық та өзінің жақындарына алғыс айта бастады, деп жазады Elorda.info.

Осы орайда «Ахыска» түрік этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әскер Пириев бұл мерекенің миссиясы қандай деген сауалға жауап берді.

1 наурыз - Алғыс айту күні Қазақстандағы ең жас мереке ғой. Бірақ бұл мерекенің мән-маңызы зор. Әрі бұл күн тек Қазақстанда ғана бар. Неге десеңіз, еліміздің өзіндік қалыптасу тарихы бар. Әу баста бұл күн түрлі этнос өкілдерінің сонау қиын-қыстау заманда қазақ халқына қолдау көрсетіп, көмектескені үшін алғыс айту мерекесі болды. Сонымен қатар өзге этностардың бір-біріне алғыс айтуы ретінде бастап едік. Кейін масштабы кеңейіп, кім кімге алғыс айтқысы келсе, осы күнді пайдалануға өте керемет себеп болды. Мәселен, кейбіреулер ата-анасына, ұстаздарына алғыс айтпаған шығар немесе науқас өзін емдеген дәрігеріне алғыс айтып үлгермеген шығар... Пенде болған соң кейде ұмытып кетеміз ғой.

Бұл жерде басты миссия мынада: сонау 30-40-жылдардағы қиын жағдайда қазақ жеріне келген түрлі этностарға жергілікті халық қол ұшын созып, өздері қиналып жүрсе де барын бөлісті. Алайда бүгінде мұны білетіндер саны аз қалып отыр. Өкінішке қарай, ары қарай да азая бастайды. Қоғамда оларды көрген азаматтар да сирейді, - деді ол. 

Әскер Пириевтің айтуынша, бұл күні адамдар бір-біріне жақындай түседі.

Біз келешек буынға еліміздің қалай қалыптасқаны, сан түрлі тағдырлардың қалай тоғысқанын жеткізу үшін бұл күн өте маңызды. Алғыс айтудың жақсы жағы, алғысты айтқан да және қабыл алған адамда да керемет эмоция болады. Бұл – жүрекке жылы тиеді. Адамдар бір-біріне жақындай түседі. Мейірімді бола бастайды. Еліміздегі 20 миллионға жуық халықта осындай эмоциялық толқын жүрсе, әлеуметтік желіде өзінің жалғасын тапса, қоғамға жақсы қасиеттерді сеңіре берсек, жақсы болады деп ойлаймын. Алайда бұл сезімді жеткізу үшін бір күн жетпейді. Біз бір-бірімізге 365 күн мейірімді болып, алғыс айтып жүруімізге себеп бар деп ойлаймын, - деді «Ахыска» түрік этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

Сондай-ақ ол сөз соңында біздің күшіміз бірлікте екенін еске салып, еліміздің барша азаматына жылы тілегін білдірді.

Қазір әлеуметтік желінің заманы болды ғой. Алғыс айтатын адамымыздың аты-жөнін жазып не белгілеп, оған деген шынайы сезімімізді білдірсек, оны басқалар да көреді. Мәтіндер өте жылы. Мұны көрген адамға да жақсы ой келіп, ол да өзінің жақын адамына алғыс айтып, жалғастырады.

Мысалы, біздің Этно-мәдени орталық, Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы түрлі акция, іс-шаралар ұйымдастырады. Полиция, медицина, білім, т.б. салаларда жұмыс істеген ардагер аға-апаларымызды еске алып, олармен кездесіп, сый-сыяпаттар беріледі.

Алғыс айту күні айтар тілегім, жоғарыда айтқанымдай, бір-бірімізге жақын болайық, мейірімді болайық. Біздің алғыс айтар және қабыл алар себептеріміз көп болсын. Біздің күшіміз бірлікте екенін ешқашан ұмытпайық. Қазақстанның барша азаматына алғыс айтар жандар көп болсын деп тілеймін, - деді Ә. Пириев.

 

Барлық жаңалықтар