00:00
Астана -10oC
USD:
443.44
EUR:
480.51
RUB:
4.88
Іздеу

Түркі мемлекеттері ресми Астана ұсынған «Түркі дәуірі» ұранымен жұмыс істемек

25.12.2023 | 04:00
102
Фото: ашық дереккөз

Халықаралық қауымдастық тас лақтырсаң тиетін түрлі ұйымдарға тола бастаған уақыт. Демек, барлық ел тарихымен тамырласып жатқан одақтас іздейді, мүдделес болуды көксейді. Қазақ ұлты үшін олардың ішінде ең маңыздысы – Түркі мемлекеттері халықаралық ұйымы екенін жоққа шығара алмаймыз. Осы тұрғыда Elorda.info сарапшысы, белгілі журналист Дәрмен Смайыл бауырлас елдердің бірлігі жолындағы бірлесе атқарылған біршама істерді саралап шықты. 

 Түбі бір түркілердің әлемдік біртұтастануы саяси ғана емес, экономикалық тұрғыдан аса қажет дүние. Биыл 3 қарашада аталған ұйымның мерейтойлық саммитінде төрағалықты Қазақстан қабылдап алды. Түркі мемлекеттері 2024 жылы ресми Астана ұсынған «Түркі дәуірі» ұранымен жұмыс істемек.

Әртүрлі ақпарат көздеріне көз жүгіртсек, жалпы әлемде түркі тілдес халықтың саны – 250 миллионға жуық. Бұл үлкен аудитория ғана емес, сонымен қатар ірі саяси-экономикалық аймақ деуге де тұрарлық. Ең бастысы, бір-біріне қолдау берудегі ынтымақтастығы қазіргі уақытта еш мемлекетті бей-жай қалдырмайды.

Түркі жұртында қазақ ұлты басым рөл атқаратынын барлық түркі әлемі, дүниесі мойындады. Қазақстанды олар атажұрт, атақоныс немесе «баба ошағы» ретінде қарастырады. Сондықтан, жуырда ғана тізгінін Қазақстан ұстаған Түркі мемлекеттері ұйымының онжылдық саммитінің Астанада өтуі де бекер емес шығар деп жоримыз.

Түркі мемлекеттерінің ынтымағына негіз болған істерге көбіне Қазақстанның ұйытқы болғанын бағамдаймыз. Оған еліміздің бастамасымен құрылған осы ұйымнан бастап, ТҮРКСОЙ, ТүркПА, Түркі академиясы секілді идеяларды айтсақ та жеткілікті. Қазірде бұл бірлестіктер бауырлас елдердің экономикалық жағынан сабақтасып, мәдени-рухани жақындасуына өлшеусіз үлес қосып отыр.

Кезінде Қазақстанның идеясымен дүниеге келген ұйымның Астанада өткен саммитінде ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Түркі әлемінің келешегі – 2040» атты құжат бекітілді. Ең бастысы, бауырлас елдердің бірлігін бекемдей түстік. Ортақ құндылықтарымызды төрткүл дүниеге таныттық. Біз бабалар өсиетін орындап, түркі елдерінің ынтымағын нығайтып келеміз. Ендігі мақсат – өзара сенімге және бауырластыққа негізделген бірлігімізді сақтап, өскелең ұрпаққа табыстау. Түркі әлемі жаһандық ықпалы бар елдермен тең дәрежеде қарым-қатынас жасап отыр. Басқа мемлекеттер біздің ұйымның ұстанымдарына баса мән беретін болды. Сондықтан түркі халықтарының ықпалдастығын арттыра түсу – бәрімізге ортақ міндет, – деп алдағы қадамдар туралы тізбеледі.

Рас, түркі әлемі өз атажұртынан үлкен үміт күтетіні анық. Осы жерде «Қазақстан төрағалығы ұйымға не береді?» деген сұрақ туындайтыны сөзсіз. Бұған жауап ретінде еліміздің қандай бағыттар бойынша жұмыс істейтінін сараптап көрсек. Бұл Астананың күллі түркі дүниесіне бағыттаған 8 басымдығынан айқын көрінеді. Ол – салт-дәстүр, біріздендіру, реформалар, ғылым, сенім, инвестиция, медиация  және энергия атты сегіз құндылықтан құралған. Мұның барлығы ортақ тағдырға тоғысуға мүдделі тараптар үшін маңызды екені даусыз.

Саммиттен кейін іле-шала екі ел президенттерінің сәуірдегі тапсырмасы бойынша Әзірбайжанда Қазақстанның мәдени күндері өтті. Осындай рухани байланыс түркі елдері арасындағы жақындасуды одан әрі арттыра берері анық. Мұндай рухани байланыстар барша түркі елдерінде өтіп тұрады. Бауырлас авторлардың кітаптары басылып, түрлі руханыи-ғылыми кездесулер жиі ұйымдастырылып отыратыны көңілге жұбаныш.

Астанада өткен мерейтойлық Түркі ұйымының басқосуында тағы бір аса маңызды мәселе күн тәртібіне шығарылды. Ол – Түркі мемлекеттері ұйымының, оның құрылымдарының туларын және эмблемаларын бір үлгіге келтіру. Бір тудың астына бірігудің астарында үлкен сыр жатқаны – түсінген адамға үлкен философиялық мән. Әлемнің әр қырында қоюлана шашылып жатқан түркілердің тотемдік ишаратын – таңбалық тұтастану деп қабылдаған жөн.

Қаржылық инвестиция, әскери қорғаныс, түрлі сын-қатерлерге жауап, ақпараттық-технологиялық қауіпсіздік секілді түрлі-түрлі маңызды әрекеттерді қаузаған отырыс ТМҰ-ның әлем елдерімен иық тіресе бастағанын дәлелдейді. Ұйымның негізгі мақсатын бір ауыз сөзге сидырсақ – түркі мемлекеттері арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық және басқа да түрлі байланыстарды тиімдлікпен жан-жақты дамыту ретінде ілгерілемек.

Экономикалық демекші, бүгінде түркілердің ішкі жалпы өнімі 1,4 триллион долларға жуықтап, соңғы бір жылдың ішінде тауар айналымы 22 миллиард доллардан асты. Алдағы күндері бұл көрсеткішті 1,5 есе ұлғайту көзделіп отыр. Осыдан-ақ, ТМҰ-ның әл-ауқаты жыл санап артып бара жатқанын байқаймыз.

Бір тудың астына бірігуді ойластырған тарихы мен тағдыры ортақ бауыр елдерге тағы бір үлкен сынақ – ортақ тілге көшу мәселесі екені айтпаса да түсінікті. Саммитте Түркия президенті Режеп Ердоған көтерген бұл тақырып та өте өзекті. «Бір санадағы» ойдың сәулесінен туған ортақ тілде сөйлеуге деген талпыныстың арғы жағы, бәлкім, ортақ валютаны енгізуге апаруы да ғажап емес. 

Демек, түбір бір түркітілдес елдердің түгелдене тұтас болуына серпін беруді мақсат еткен Қазақстанның «Түркі дәуірі!» ұраны мен оның ұсынған басымдықтарынан үміттің де зор екенін байқаймыз.

Барлық жаңалықтар