00:00
Астана -10oC
USD:
441.66
EUR:
475.14
RUB:
4.86
Іздеу

Мемлекет басшысы Қазақстан халқын Жаңа жылмен құттықтады

31.12.2023 | 18:28
34
фото: akorda.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отандастарымызды Жаңа 2024 жылмен құттықтады. Мемлекет басшысының құттықтауын отандық телеарналар тікелей эфирден көрсетті, деп хабарлады Elorda.info

Біз әрбір таңға үміт артамыз, әрбір жылдан жақсылық күтеміз. Ал үміттің ақталуы, арман-мақсаттың орындалуы өзімізге байланысты. Ең бастысы, еліміздегі татулықты, тыныштық пен тұрақтылықты бағалайық. Бірлігі мықты елдің рухы биік болады. Ұлы Абай айтқандай, бірлік дегеніміз – ең алдымен, ақылға – бірлік. Мемлекеттігімізді сақтау үшін ауызбіршілігімізді сақтайық. Қастерлі Отанымызды көркейтеміз десек, табанды еңбек етейік.

Дамыған мемлекет болу үшін озық білімге ұмтылып, жаңа технологияны, соның ішінде жасанды интеллектіні игеруіміз қажет. Әрдайым бір-бірімізге қамқор болайық. Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет көрсетейік. Балаларымыздың тәрбиесіне баса мән берейік. Үлгі-өнеге болып, ұлағатты ұрпақ өсірейік.

Тәуелсіздік ұрпақтары жақсы қасиеттерді бойына сіңіріп өсіп келеді. Олар өнерде, спортта, ғылымда және бизнесте зор табысқа жетуде. Біз жастарымыздың осындай мықты, адал азамат болғанын мақтан тұтамыз. Қазақстанның болашағы – отаншыл, білімді, еңбекқор азаматтардың, яғни жастардың қолында. Мен жас ұрпақтың жасампаздық қуатына сенемін!

Біз – бәріміз тек болашаққа, тек алға ұмтылатын мемлекет болуымыз керек. Біз бір ел болып біріксек, кез келген белесті бағындырамыз. Ең бастысы, еліміз тыныш, іргеміз бүтін болсын!

Жаңа жылға дейін санаулы секундтар қалды. Табалдырықтан аттағалы тұрған жыл бәріміз үшін жетістіктерге толы болсын! Сонымен қатар бүгін Жаңа жылдың қарсаңында жұмыс істеп жатқан адамдарға арнайы құттықтауымды жолдаймын. Сіздер елімізге адал қызмет етіп жүрсіздер. Мен баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін.

Жаңа жыл әр шаңыраққа, әр азаматқа қуаныш пен шаттық әкелсін!

Үлкендеріміз аман болсын!

Балалардың арманы орындалсын!

Еңбектеріңіз жемісті болсын!

Төрт құбыламыз түгел болсын!

Көк туымыз мәңгі желбіресін!  

Әнұранымыз шырқала берсін!

Жаңа жыл құтты болсын, ағайын! ,- делінген Президенттің ел халқына құттықтаукында.                   

Барлық жаңалықтар