00:00
Астана -10oC
USD:
441.66
EUR:
475.14
RUB:
4.86
Іздеу

Алқабилер соты – билік пен халықты жақындастырады

31.03.2023 | 23:13
Елорда ақпарат
40

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауында еліміздегі сот төрелігін жүзеге асыруға қоғам өкілдерінің кеңінен қатысуына жол ашатын алқабилер институтын одан ары дамытып, алқабилердің қарауына берілетін істердің  санатын кеңейту туралы тапсырмасы құқық қорғау саласындағы айшықты реформалардың бірі. Расында Президенттің өзі айтқандай, бұл жаңашылдық сот жүйесін демократияландыруға және оған қоғамның сенімін арттыруға мүмкіндік береді. 

Жасыратыны жоқ, қоғамның еліміздегі сот төрелігіне қатысты айтар уәжі көп. Алайда практикалық қызметінде заңның адамы «заң қатал, бірақ бұл – заң» деген принципті басшылыққа алуы тиіс. Дегенмен заңдылық пен әділеттілік көбіне сәйкес келмейді және олардың арасында қайшылықтар туындағанда, судья абстрактілі әділеттілік үшін заңдылықты аяқасты ете алмайды. Ал мұндай қайшылықтар сот үкіміне наразылық тудырады айтпаса да түсінікті. Осылайша, қоғамның соттарға деген сенімсіздігі тек көпе-көрінеу заңсыз сот шешімдерімен ғана емес, сондай-ақ судьялардың заң аясымен шектелуімен де байланысты. Заң аясы әділ шешім қабылдауға мүмкіндік бере бермейді. Президент атап өткен саланы жаңғырту мәселесі де, міне, осындай түйткілдерден туындап отыр.

Осы мақсатта былтыр Жоғарғы Сот «Қылмыстық-процестік кодекске алқабилердің қатысуымен сот қарайтын істердің санаттарын кеңейту бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірледі. Бұл құжат алқабилердің қатысуымен істерді қарау мәселелерін реттейтін қылмыстық іс жүргізу заңнамасын жетілдіруді көздейді. Енді жаңа заңға сәйкес, алқабилердің қатысуымен қаралатын істер санаты едәуір ұлғайтылмақ. Мәселен, бұрын алқабилер қылмыстық құқық бұзушылықтардың 14-құрамын қарастырып келсе, биылғы 1 қаңтардан бастап 35-ке дейін, ал 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап, аса ауыр ғана емес, құқық бұзушылықтардың басқа да құрамы бойынша 44-ке дейін ұлғаятын болады. Атап айтқанда, оларға адам өліміне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соғатын және қоғамдық резонанс туғызатын мынадай 13 ауыр қылмыс құрамын беру ұсынылды.

Атап айтқанда, бұл Қылмыстық кодекстің:

- 116-баптың 2, 3-бөліктері (адамның дене мүшелерін заңсыз алу);

- 146-баптың 2, 3-бөліктері (азаптау);

- 249-баптың 2-бөлігі (рейдерлік);

- 317-баптың 4-бөлігі (медициналық қызметкердің әрекеттерінен абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелу);

- 335-баптың 4-бөлігі (ауыр салдарға әкелген балық пен басқа да су жануарларын заңсыз аулау);

- 337-баптың  4, 6-бөліктері (ауыр салдарға әкелген заңсыз аң аулау);

- 345-баптың 4-бөлігі (көлік құралын басқарғанда абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелген жол-көлік оқиғасы);

- 345-1-баптың 4-бөлігі (көлік құралын мас күйде басқарып екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелген жол-көлік оқиғасы);

- 346-баптың 5, 6-бөліктері (көлік құралын басқару құқығынан айырылған және мас күйде көлік басқарғанда адамның өліміне әкелген жол-көлік оқиғасы).

Әрине, 13-пен шектемей, алқабилерге барлық ауыр қылмыстық істерді қарау құқығын беруге болар еді. Бірақ бұл үшін – алқабилердің жалақысына, сот мамандарының штатын көбейтуге, қосымша сот залдарын салуға, қажетті жабдықтар мен техника алуға едәуір бюджет қаражаты қажет. Үкімет мұндай қаражатты бөлуге дайын емес.

Сондықтан, мемлекеттік органдармен бірге талқылаудан кейін Жоғары Сотқа тек ұсынылып отырған құрамдарды таңдауға тура келді.

Мысалы, азаптау туралы істер (ҚК-нің 146-бабы) соңғы оқиғалар аясында ерекше назарға түсті. Мемлекет басшысы осындай істер бойынша бейтарап әрі объективті тергеу мен қарауды қамтамасыз етуді тапсырды. Олар тек ел ішінде ғана емес, сонымен қатар, халықаралық бақылаушылар мен ұйымдардың назарында. Сондықтан, біздің ойымызша, мұндай істерді қарауға алқабилерді тарту дұрыс болады.

Алқабилер соты – қылмыстық процестің қағидаттарын бекітуде маңызды оң рөл атқарады, сондай-ақ билік пен халықтың жақындасуын қамтамасыз етеді, қоғамның құқықтық деңгейі мен құқықтық мәдениетін арттырады, заңға бағынатын азаматтарды тәрбиелейді, халықтың сотқа деген сенімі мен құрметін арттыруға ықпал етеді. 

Жалпы, алқабилер ретінде сотқа қатысатын азаматтар жеткілікті. Бірақ, шынында да, бүгінгі таңда алқабилерді іріктеу бойынша қиындықтар бар.

«Алқабилер туралы» Заңның қолданыстағы нормаларына сәйкес, алқабилердің тізімін, яғни осындай бес тізімді жергілікті атқарушы органдар қалыптастырады.

2022 жылғы 14 шілдеде «Алқабилер туралы» Заңға алқабилерге кандидаттардың тізімін қалыптастыруды автоматтандыруға бағытталған өзгерістер енді.

Енді тек бір тізім болады. Оны қалыптастыру Цифрлық даму министрлігінің базасында мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері арқылы, электрондық нысанда – автоматтандырылған болады.

Жүйе – алқабилерге кандидаттар тізімінің сапасын едәуір арттырады, ол – жедел, ашық және объективті іріктеуді қамтамасыз етеді.

Өзгерістер 2023 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі. Бүгінгі кемшіліктер толығымен жойылады деп ойлаймын.                             

Бұл – сот жүйесін дамыту бағытындағы маңызды шара. Алқабилер соты қылмыстық процестің негізгі қағидаттарын: жарыспалық пен тараптардың теңдігі, кінәсіздік презумпциясын және басқа да қағидаттарды бекітуде маңызды оң рөл атқарады.

Алқабилердің қарауына жататын істер бойынша сотқа дейінгі тергеудің сапасы әлдеқайда жоғары.

Алқабилердің соты – билік пен халықты жақындастыруды қамтамасыз етеді, қоғамның құқықтық деңгейі мен құқықтық мәдениетін, сондай-ақ, сотқа деген сенімді арттыруға ықпал етеді.

Айдос САДУАҚАСОВ,

саяси ғылымдар кандидаты

Барлық жаңалықтар