00:00
Астана -10oC
USD:
476.27
EUR:
515.47
RUB:
5.41
Поиск

Астананың сайлауалды рейтингі: елордалық округтердегі сайлаушылар өз таңдауын жасады

01.04.2023 | 00:03
Елорда ақпарат
23

«Демократия институты» ғылыми-зерттеу қауымдастығы наурыздың 3-6 күндері аралығында елордалық сайлаушылардың сайлау белсенділігіне әлеуметтік зерттеу жүргізді. Телефон арқылы жүргізілген сауалнамаға жасы 18-ден асқан 1 600 респондент қатысты, деп хабарлады Elorda.info ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

Елордалықтардың сайлау белсенділігі қандай?

Ең алдымен Астана тұрғындарына «2023 жылдың 19 наурызында сайлау өтеді. Сіз дауыс беруге қатысасыз ба?» деген сауал қойылды. Бұл сауалға «иә» деп жауап бергендердің үлесі 44,8 пайызды құрайды. Бұл ретте жастардың белсенділігінің төмендігі байқалады. Не бәрі – 17,1 пайыз. Ал сауалнамаға қатысқан жасы 60-тан астан қала тұрғындарының 59,2 пайызы дауыс беруге баратындығын айтқан. жалпы аудандар бойынша сайлау күнінде дауыс беруге дайын сайлаушылардың үлесі мынадай: Есіл ауданы – 48,6, Сарыарқа ауданы – 37,2, Алматы ауданы – 42,2, Байқоңыр ауданы – 46,6 пайыз.

№1 сайлау округі. Бірмандатты округ бойынша кандидаттар қаншалықты танымал

Қоғамдық пікірге жүргізілген сауалнама нәтижелерін салыстыра сараптама жасау барысында №1 округтен кандидаттар арасында Дәулет Тұрлыхановтың көш бастап тұрғанын байқауға болады. Оның танымалдық үлесі Алматы ауданында 84,4, ал Байқоңыр ауданында 87,6 пайызды құрайды. Тұрғындар кандидат жайлы ең алдымен телеарналар мен әлеуметтік желілер арқылы біліп отыр. Одан кейінгі орында таратылатын үгіт материалдары мен билбордтар тұр.

Танымалдығы бойынша екінші орында тұрған кандидат – Тәңірберген Бердоңғаров. Оны Алматы ауданы тұрғындарының 22,6, ал Байқоңыр ауданының 20 пайызы біледі. Елордалықтар кандидатты әлеуметтік желілер арқылы таниды. Үшінші орында – Уәлихан Қайсаров. Кандидатты Алматы ауданы сайлаушыларының 10,4, Байқоңыр ауданының 14,2 пайызы әлеуметтік желі арқылы біледі.

Гүлжамал Бәйменова, Сұлтанхан Жүсіп, Вероника Ким, Марат Жыланбаевтардың танымалдығы 5-10 пайыз аралығында. Қалған 30 кандидатты елордалықтар танимайды десек те болады.

Үгіт науқанының тиімділігі

«Жалпы қай кандидаттың үгіт материалдарын атап өтер едіңіз?» деген сауалға да респонденттердің басым бөлігі Дәулет Тұрлыхановтың белсенділігіне көңілі толатындығын атап өткен. Алматы (73,8 пайыз) мен Байқоңыр (71,2) пайыз тұрғындары кандидаттың бағдарламасымен таныс. Ал Алматы ауданы тұрғындарының 25,5, Байқоңыр ауданының 13 пайызы Тәңірберген Бердоңғаровтың сайлау науқанын біледі. Үшінші орында Уәлихан Қайсаров тұр: Байқоңыр ауданы бойынша – 8,8, Алматы ауданы бойынша 9,2 пайыз.

Кандидаттар рейтингі

Кандидаттардың сайлауға қатысты рейтингі «Егер сіз Парламент Мәжілісі сайлауына барсаңыз, онда окургіңіз бойынша Мәжіліс депутаттағына қай қандидатқа дауыс бересіз?» деген сауал арқылы бағаланды.

Сауалнама қорытындысында №1 округі мандатына Дәулет Тұрлыханов теңдессіз үміткер болып отыр. Екі ауданда да сайлауға қатысатын сайлаушылардың басым бөлігі, нақтырақ айтқанда Алматы ауданы тұрғындарының 77,2, ал Байқоңыр ауданының 70,8 пайызы Дәулет Тұрлыхановқа дауыс беруге дайын. Одан кейінгі орында келе жатқан Тәңірберген Бердоңғаровқа Алматы ауданы тұрғындарының 11,8, ал Байқоңыр ауданы тұрғындарының 13,2 пайызы дауыс беретіндіктерін айтқан. Ал Алматы ауданы сайлаушыларының 5,5, Байқоңыр ауданы сайлаушыларының 4,8 пайызы Уәлихан Қайсарға дауыс бермек.

№2 сайлау округі. Бірмандатты округ бойынша кандидаттар қаншалықты танымал

№2 сайлау округі бойынша кандидаттар арасында Дәулет Мұқаевтың танымалдығы өте жоғары екендігін байқауға болады. Оны Есіл ауданы сайлаушыларының 68,4, Сарыарқа ауданы тұрғындарының 77,2 пайызы жақсы біледі. Тұрғындардың басым бөлігі кандидатпен әлеуметтік желі арқылы таныс. Екінші және үшінші орында таратылатын үгіт материалдары мен билбордтар тұр. Танымалдығы бойынша екінші орында Ерік Жолжақсынов тұр. Кандидаттың Есіл ауданындағы танымалдығы 26, ал Сарыарқа бойынша 17 пайызды құрайды. Тұрғындар оны телеарналар мен әлеуметтік желілер арқылы біледі. Үшінші орында – Бақытбек Смағұл. Кандидатты Есіл ауданы тұрғындарының 20, Сарыарқа ауданы тұрғындарының 14 пайызы біледі. Кандидат туралы ақпараттардың негізгі көзі – әлеуметтік желілер, таныстар мен туған-туыстар берген ақпарат.

А.Әміртаев, Н.Өтешев, А.Шораев, Д.Лория, Т.Өмірзақов, Р.Жансейітов, Я. Федоровтардың танымалдығы 5-10 пайыз аралығында ғана. Ал қалған 33 кандидатты елордалықтар танымайды десек те болады. Олардың танымалдығы 5 пайызға да жетпейді.

Үгіт науқанының тиімділігі

Қоғамдық пікірге жүргізілген сауалнама Дәулет Мұқаевтың екі ауданда да өте тиімді үгіт-насихат жұмысын жүргізіп жатқанын көрсетіп отыр. Оның штабы жұмысымен Есіл ауданы респонденттерінің 63, ал Сарыарқа ауданы сайлаушыларының 74 пайызы таныс. Есіл (23 пайыз) мен Сарыарқа (14) аудандары бойынша екінші орында Ерік Жолжақсынов тұр. Екі ауданда үшінші орынға шыққан кандидаттар өзгерген. Мәселен, Есіл ауданында А.Әміртаев тұрғындар арасында танымал. Оны сайлаушылардың 13 пайызы біледі. Ал Сарыарқа ауданында үшінші орында 11 пайызбен Бақытбек Смағұл тұр.

Кандидаттар рейтингі

Дәулет Мұқаев өз округіндегі ең танымал кандидат саналады. Екі ауданда да сауалнамаға қатысқан респонденттердің басым бөлігі 19 наурыз күні оған дауыс беруге дайын. Нақтырақ айтқанда, Дәулет Мұқаевты Есіл ауданы тұрғындарының 60,4, Сарыарқа ауданы тұрғындарының 70,8 пайызы қолдайды. Одан кейінгі орында Ерік Жолжақсынов келе жатыр. Сауалнамаға қатысқан Есіл ауданы тұрғындарының 21, Сарыарқа ауданы тұрғындарының 13 пайызы дауыс беретіндіктерін айтқан. Үздік үштікті Бақытбек Смағұл аяқтап тұр. Оған Есіл ауданы респонденттерінің 6, Сарыарқа ауданы респонденттерінің 8 пайызы дауыс беруге дайын.

Сауалнама 13 ақпан күні Орталық сайлау комиссиясына ресми хабарландыру арқылы жүргізілді.

 

Все новости