00:00
Астана -10oC
USD:
476.27
EUR:
515.47
RUB:
5.41
Поиск

Сайлаудың әділ өтуінде байқаушылардың үлесі зор

31.03.2023 | 23:20
Елорда ақпарат
28

Психологияда бақылау зерттеу әдісі бар. Бұл әдіс бойынша, әр түрлі жеке тұлғаның іс-әрекеті мен қылықтарын қабылдаудың негізінде мақсатты зерттеу жүреді. Ең қызығы, бақылау жүргізілген кезде, адам оны білмеуі керек, егер сезген жағдайда шынайылық жоғалады. Әрине, бақылаудың саяси науқандағы орны ерекше. Дегенмен, сайлаудағы бақылауда байқаушы сайлаушы мен сайлау учаскесінің мүшелеріне еш кедергі келтірмей, байқап қана отыруы тиіс. Бұл – аксиома. Өйткені сайлау – мемлекеттік саясаттың демократиялық мызғымас даму механизмдерінің жалғыз құралы. Сондықтан бақылаушының рөлі осы саясаттың қорғаны һәм қарауылы болуы тиіс.

Жалпы, байқаушының рөлі Сайлау туралы заңмен реттелген. Егер заңның субьектісі ретінде қарасақ, ол сайлаудың өз тәртібінде заңның бұзылмауын қадағалайды. Егер тәртіп бұзылса, тиісті заң бұзушылықты ескертіп, тіпті актіге тіркеп, куәгерлердің қолымен қуаттап, тиісті заңды қадағалушы құзырлы мекемелерге жолдайды. Әлбетте, идеалды жағдайда, сайлау әділдігі осылай жүруі керек. Нәтижесінде, дәлелдері анықталып, заңды белден басқандар байқалса, сот шешімімен сайлау жүрген учаскенің нәтижесі жоққа шығарылады. Ал заңсыз әрекетке барғандар өздерінің қылмыстық жауапкершіліктерін алмаса да, әкімшілік жауапқа тартылуы бек мүмкін. Айтпақшы, қылмыстық жауапкершілікке тартылу практикасы 2007 жылы Украинадағы сайлауда 17 сайлау учаскесінің төрағаларының сотталуымен аяқталған еді. Осылайша, сайлаудағы заңсыздықтар тоқтатылды.

Естеріңізде болса, 1999 жылы бізде де мұндай жағдайлар болды. Әсіресе, Құрманғазы №16, Жамбыл №24, Абай №53 округтерінің нәтижелері жарамсыз деп танылып, Атырау, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарының комиссия мүшелері жауапкершілікке тартылған болатын. Салдарынан 47 округте сайлау қайта өткізілді.

Ал 2004 жылы 67 бір мандаттық округтен 513 адам сынға түсті. 22 округте қайтадан сайлау өтті.

Әрине, жоғарыда аталған оқиғаларда байқаушының қызметі зор. Биылғы жеке мандатпен түсетін аралас сайлау кезінде де мұндай қоғамдық бақылау өте жоғары болмақ. Себебі, белгілі демократиялық кең мүмкіндіктерде жеке азаматтардың бәсекелесуі күшейеді. Сондықтан байқаушылық жауапкершілігінің мемлекеттің алдындағы маңызды саяси қадамдарында, түсіне білгенге, үлкен рөлге ие.

Алдағы 19 наурыздағы сайлауда отандық тәуелсіз байқаушылардан құралған бірнеше ұйым менмұндалап, қатарын сайлаудан-сайлауға арттырып, осы күндері байқаушыларын оқытып, сайлау күніне сақадай сай болуға талпынып жатыр. Солардың ішінде үш рет сайлауда көрінген «Baqyla» тәуелсіз байқаушылар қозғалысы биылғы науқанға үш жарым мың байқаушысымен араласпақ. Олардан қалыспай, екінші рет сайлауды бақылауға республикалық деңгейде «Дауыс» қоғамдық байқаушылар коалициясы да екі мыңнан астам байқаушысымен кіріспек.

Бұл жерде байқаушылардың көп болғаны дұрыс, егер елімізде 12 мыңнан астам сайлау учаскесі бар десек, солардың бәрін қамту мүмкін емес жағдай. Бірақ байқаушылық үрдісіндегі қадамдары жаман емес. Бұл да өзінше бір демократияық тәрбие жұмысы, себебі, байқаушылардың қатары сексен пайыз жастардан құралып отыр.

Мұны келешекте болатын әділ сайлауларға біртабан жақындау деп қабылдаған жөн. Қалай десек те, демократиялық қоғамда байқаушылықтан өзге балама құралдар әзірше ойлап табылмады.

Мақсат ЖАҚАУ,

саясаттанушы

Все новости