00:00
Астана -10oC
USD:
476.27
EUR:
515.47
RUB:
5.41
Поиск

Жигули Дайрабаев: Жаңа технологиялар мен цифрландыру арқылы суды үнемдеуге көшуіміз керек

31.03.2023 | 19:49
Елорда ақпарат
28

Бүгін Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Жигули Дайрабаев Панфилов ауданындағы «Ернар» шаруа қожалығына барып, кәсіпорын ұжымымен кездесті, деп хабарлады Elorda.info.

Қазіргі уақытта аталмыш өндіріс ошағы Головацкий ауылының тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп, ауыл шаруашылығы саласының дамуына ауқымды үлес қосып отыр.

Өз кезегінде Жигули Дайрабаев кәсіпорынның заманауи технологияларды белсенді қолданатындығын ерекше атап өтті. Кандидаттың айтуынша, соңғы жылдары әлемде су ресурстарының ахуалы бойынша алаңдаушылық артып келеді. Халық саны ұлғайып, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы қарқынды дамуда. Бұл өз кезегінде суды пайдаланудың көлемін арттырып отыр.

Біз жаңа технологиялар мен цифрландыру арқылы суды үнемдеуге көшуіміз керек. Су тапшылығын жоюдың басқа жолы жоқ. Бұл – аса маңызды міндет. Суарудың су үнемдеу технологияларын толық көлемде енгізу су шығынын азайтып, өнімділікті арттыра отырып, суармалы жерлерді ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді, – деді кандидат.

Бүгінде агросектор саласына жаңбырлатып суару әдісін енгізудің тиімділігі орасан зор. Әдісті қолдану кезінде тыңайтқыштар мен құнарлы заттар жоғалып кетпейді, яғни, несібесін жерден табатын диқандар үшін өте қолайлы.

Жаңбырлатып суару әдісі шөлді және шөлейтті жерлерді игілікке жаратып, бау-бақша егу, жылыжайлар салып, өнім алуға жақсы мүмкіндік береді. Елімізде әлемдік озық тәжірибелерді ауыл шаруашылығына енгізу жұмыстары жасалып жатыр. Бастысы біз осы жолды белсенді түрде жалғастыруымыз тиіс. Ауыл шаруашылығы саласына бағытталған субсидия көлемін ұлғайту және лизингтік компанияларға қолдау көрсетуіміз қажет, – деді Жигули Дайрабаев.

Өз кезегінде «Ернар» шаруа қожалығының басшысы Олжас Жапарқұлов кандидатқа және «Ауыл» партиясының өкілдеріне алғысын білдірді.

Партияның аудандық мәслихаттардағы депутаттары ауыл шаруашылығы саласын дамытуда, жұртшылықты алаңдатқан мәселелерді шешуде белсенді жұмыс жүргізуде. Алдағы уақытта да партияның басымдық беретін бағыттарын бірлесе жүзеге асыруымыз керек, – дейді Олжас Жапарқұлов.

Сонымен қатар, Жигули Дайрабаев Жаркент қаласының тұрғындарымен кездесіп, сұрақтарына жауап берді. Көпшілікті, әсіресе, Қытай елімен ынтымақтастық мәселесі қызықтырды. Кандидат көршілес мемлекеттермен әрдайым достық қарым-қатынаста болу маңызды екендігін атап өтті. Жиын соңында Жигули Дайрабаев өзінің сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті.

Все новости