00:00
Астана -10oC
USD:
475.39
EUR:
513.37
RUB:
5.4
Поиск

«Таңдау жасайтын сәт келді!»: Төлеген Қуанышев президенттік сайлау туралы пікір білдірді

31.03.2023 | 19:47
Елорда ақпарат
50

Қоғам қайраткері, «Күй анасы» республикалық қорының жетекшісі Төлеген Қуанышев алдағы саяси науқан – президенттік сайлауға қатысты пікір білдірді, деп хабарлады Elorda.info.

Тәуелсіз еліміздің қарқындап дамуының шешуші кезеңінің куәсі болудамыз. Бүгінде сын сағатта тұрмыз. Бұл – елдің келешегі айқындалатын тұс.

Замандастарыма, кейінгі толқын өкілдеріне айтарым, біріншіден, 20 қарашада өтетін Президент сайлауына келіп, дауыс беріп, өздеріңіздің азаматтық ұстанымдарыңызды көрсетсеңіздер, орынды болады деп есептеймін.

Жаңа сайланған Президент алдағы өзінің қызметінде еліміздің әрбір азаматы мен азаматшасы өзін еркін сезінітіндей құқығы жоғары, құндылықтары биік, мәдениеті мен әдебиеті көркейіп дамитын қоғамды қалыптастырса деген үмітім бар.

Үкіметтің құрамы жаңарып, әр сала бойынша билік басына интеллектуалды, оқымысты, ұлтжанды мамандар келсе, қоғам дамуындағы кенжелеп қалған әлеуметтік, соның ішінде демографиялық мәселелерге баса қөңіл аударылып, көпбалалы отбасыларына мемлекет қамқорлығын күшейтсе, құба-құп болар еді, - деді ол.

Төлеген Қуанышев өзін еліміздің қауіпсіздігі мазалайтынын айтты.

Қазір заман аумалы-төкпелі болып тұр. Сондықтан мені мазалайтын тағы бір мәселе бар, ол – еліміздің қауіпсіздігі. Кең байтақ жерімізді тек әскери құрылымдар арқылы қорғап қалу оңайға түспейтін сияқты. Осыған байланысты жоғары және орта оқу орындарында әскери дайындық курстарды жаппай ұйымдастырылып, азаматтық қорғаныстардың алғы шарт ережелері мен талаптарын бұқара халыққа түсіндіріп оқыту жұмыстарын жандандыру қажеттілігі бүгінгі күннің талабы деп есептеймін.

Біртұтас халқы, әділетті заңы бар, өркениетті қоғам орната білген мемлекеттің ғана келешегі кемел болмақ. Бізге халықтың қолдауына ие болған, тәуелсіз елімізді өркендетуге бар күш-қайратын аямай еңбек ететін басшы қажет. Ендеше, таңдау жасайтын сәт келді! – деді қоғам қайраткері.

Все новости