00:00
Астана -10oC
USD:
476.27
EUR:
515.47
RUB:
5.41
Поиск

Жем-шөпке субсидия берілгенде жұттың алдын алуға болар еді-сарапшы

13.02.2024 | 09:35
184
Фото: ашық дереккөз

Сарапшының айтуынша, жылқылардың қырылуына басты себеп – қысқы жұт. Ал жұтты алдын ала болжап білу мүмкін емес. 

Қазақ «Жұт жеті ағайынды» дейді. Оның біреуі – қыстың күні жауған жауын немесе күннің аяқ астынан жылынып кетуі. Міне, өткенде екі-үш күн жылынды да, соның салдарынан қар еріді. Ал бірнеше күннен кейін аяз болып, еріген жер қайта мұз болып қатып қалды. Сөйтіп, бүкіл жайылым жабылып қалды. Мал аштан қырылып, болмаса соның салдарынан дерттері ушығып жығылып жатыр. Ал мұндай уақытта малды қорада ұстаудан басқа амал жоқ. Ақпанның ортасынан наурыздың ортасына дейін бір ай барын ескерсек, бұл уақытта қорада тұрған малға қыруар жем-шөп керек. Дегенмен бұған кей шаруаның әлі жетеді де, кейбірінің қалтасы көтермейді. Қаражаты жеткендер малын қолда ұстайды, басқаларының малы, өкінішке орай, осылай қырылады, - деді «Шопан-ата» ұлттық агро - қозғалысы төрағасы.   

Алмасбек Садырбаевтың айтуынша, шаруаларға жеп-шөпті арзан бағамен алатындай субсидия көбірек берілсе, олар жұмыртұяқтыларды осындай күндері қораларында ұстап отыруға мүмкіндігі болар еді. 

Негізі біз осы мәселені 4-5 жыл бұрын көтергенбіз. Малшыларға қыстыкүнгі малдың жемшөбі үшін субсидия берілсе деген ұсынысты күнтәртібіне енгізген едік. Сол кездегі мықты әкімдердің бірі, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин, Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіхалықовалар бірінші болып елді қолдап, осы  субсидияны енгізген еді. Ол кісілер кеткен соң сол өңірлердің бірталайында субсидия сақталған жоқ. Қазір үкімет аталған субсидиялардан бас тартып жатыр. Ал арзан бағамен жем-шөп алуға қолайлы субсидия дәл осындай кезде шаруаға үлкен көмек болар еді. Өкінішке орай, үкіметтің ұстанымы жергілікті әкімдердің ұстанымына қарай өзгеріп кетті. Міне, көріп отырғандарыңыздай шаруалар орасан зор шығынға ұшырап отыр. Мал шығыны тек қана Ақмола облысында емес, Павладарда, Қарағандыда, Ұлытауда, Қостанайда да болып жатыр. Өйткені былтыр шөптің құны аспандап кетті. Шөптің бір орамы 18-20 мың теңгеге дейін жетті. Онсыз да жетісіп жүрмеген шаруалар «Құдай сақтасын» деген соқыр тәуекелмен мына қысқа мардымсыз дайындығымен кіріп кеткенін көріп отырмыз.  Ал оның ақыры мынадай болды. Шаруаларға жеңілдетілген бағамен жем-шөпке субсидия берілсе, мұндай қырғынның алдын алуға болар еді, - дейді А. Садырбаев.

Все новости