00:00
Астана -10oC
USD:
443.44
EUR:
480.51
RUB:
4.88
Іздеу

Қаңтар оқиғасы елдің санасы мен жанына ауыр тиді – Зұлфухар Ғайыпов

Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Зұлфухар Ғайыпов Қаңтар оқиғасына қатысты өзінің ой-пікірін бөлісті, деп хабарлады Elorda.info тілшісі.

Еліміздің жаңа тарихында «Қаңтар оқиғасы» деген атпен енген дүрбелеңнің өткеніне жыл толды. Осы уақыт аралығында қаншама қылмыстық іс қаралып, қаншама жан бас еркінен айырылды. Бұл оқиғаға қатысы жоқ қаншама қарапайым жан оққа  ұшты. Абайсызда, байқамай оқиға орнынан табылғандар, жасөспірімдер  жауапқа тартылды. Турасын айту керек, осы жолы Адвокаттар қоғамы белсенділік танытып, талай жанды арашалап, алып шықты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші күннен құқық қорғау органдарына оқиғаны тексеру барысында барынша әділеттілік таныту керек деп баса айтты. Президенттің жариялаған рақымшылығының арқасында қаншама адам бостандыққа шықты. Осының барлығы да елдің санасы мен жанына ауыр тиді, - деді ол.

Зұлфухар Сұлтанұлы өз сөзінде қаңтар оқиғасының әлі де болса зерттейтін тұстары барын айтты.

Қоғамда бұл оқиғаға байланысты көптеген саяси сарапшы мен басқа да саяси қайраткерлер өз пікірлерін білдірді. Тіпті жаңа жылдың басында парламенттік тыңдау да өтті. Арнайы құқық қорғау органдарының басшылары келіп, баяндама жасады. Көптеген сұрақ қойылды. Жауаптар тыңдалды. Бірқатар тың пікір айтылды.  Сонда да болса бұл оқиғаның әлі де болса тереңірек зерттейтін тұстары баршылық екені мәлім болды. Негізгі себебінің бірі де бірегейі, ол қоғамдағы әлеуметтік мәселелердің соңғы жылдары барынша тұмшаланып, бай мен кедей арасындағы алшақтықтың ұлғаюы, орта таптың бірте-бірте жойылып, керісінше, оның люмпенизациялануы,  сонымен қатар жастар саясатындағы қателіктер мен елді жайлаған тамыр-таныстық пен жемқорлық екені баса айтылды, - деді Зұлфухар Ғайыпов.

Қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы қаңтардағы оқиғадан қандай сабақ алу керек екенін айтып берді.

Қаңтар оқиғасынан алатын сабағымыз қандай? Біріншіден, біздің негізгі заңымыз Конституцияда көрсетілгендей, әлеуметтік мемлекет екенімізді қашанда басты назарда ұстау керек. Екіншіден, құқықтық мемлекетке тән қоғамдағы құқықтық сауаттылық пен мәдениетті қалыптастырған абзал. Еліміздегі соңғы кездегі болған ірілі-ұсақты локальды жанжалдар кезінде бұқара тарапынан құқық қорғау саласының өкілдеріне деген «құрметтің» дефицитін байқаймыз. Һәкім Абай атамыз «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» деп айтқандай,  сала қызметіне өзгерістер қажет екені сезіліп тұр. Үшіншіден, «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқы қашанда өткеннен сабақ ала білген парасатты, дана халық.

Елімізде осы Қаңтар оқиғасынан кейін қоғамды өзгерту мақсатында Мемлекет басшысының бастамасымен ірі саяси-әлеуметтік, экономикалық реформалар басталып кетті. Ендігі кезекте ел болып ұйысып, әділетті қоғам орнатуда бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, елдігімізді танытып, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Әділетті Қазақстан құру жолындағы саясатының айналасына топтасайық. Тарихтан сабақ ала білейік. Ел болашағы жолында Күлтегін бабамыздың «Елі бегіне, Бегі еліне сенген ел ұзақ жасайды» деген сөзін берік ұстанайық, ардақты әлеумет, – деді З. Ғайыпов.

Барлық жаңалықтар