00:00
Астана -10oC
USD:
441.58
EUR:
480
RUB:
4.86
Іздеу

Расул Жұмалы: Тарихқа дұрыс баға беретін болсақ, бұл – қазақтың үшінші мемлекеті

24.02.2023 | 20:42
Елорда ақпарат
46

– Биыл әлемдегі ең резонансты оқиғалар қандай болды және олар Қазақстанға қалай әсер етті?

– 2021 жыл күрделі, ауыр жылдардың бірі болды. Тек Қазақстанда ғана емес, аймақтық, ғаламдық деңгейде үлкен өзгерістер орын алды. Оның ішіндегі ең негізгісі пандемия мәселесі болды. Бұл өз кезегінде 2 жылдан астам уақыт бойы бүкіл әлемді әбігерге салып, оның салдары тек денсаулық сақтау саласына ғана емес, жалпы әлемдік экономикаға, қаржылық және әлеуметтік жағдайға өзінің кері әсерін тигізді. Пандемия кезіндегі локдаун мен түрлі карантиндік шаралардың салдарынан көптеген бизнес ошағы жабылуға мәжбүр болды. Экономиканың бірталай саласына, оның ішінде туризм, көлік тасымалы сынды салаларға үлкен соққы әкелді. Қазақстанға да өзінің кері әсерін тигізгені анық.

Басқа да оқиғаларға келсек, көпшілікті алаңдататын жағдай әлемде болып жатқан шиеленістер мен қантөгістер. Мәселен, Таяу Шығыстағы текетірес, Сирияда  толастамай отырған соғыс әрекеттері, Ливиядағы және Орталық Африка Республикасындағы, Иемендегі, Иран мен Сауд Арабиясы арасындағы текетірестерді айтсақ болады. Сонымен қатар 2014 жылдан бері жалғасып келе жатқан Ресей мен Украина арасындағы әрекеттер. 2021 жылдың басынан бастап, Донбастағы, Луганскідегі шекаралас аймақтардағы шиеленістің қайта ушыға түскені осы 2021 жылдың тағы бір көрінісі десек болады.

Енді Орталық Азия туралы айтсақ, онда да алаңдайтындай оқиғалар болды. Нақтырақ айтсам, тәжік пен қырғыз арасында болған шекарадағы тартыс, оның арты шиеленіске ұласып, адам шығынына себепкер болды. Америка бастаған НАТО әскерлерінің Ауғанстаннан асығыс-үсігіс шығарылып, ауған билігіне бүкіл әлем террористік деп танитын Талибан қозғалысы келді. Осы жағдай да біраз алаңдаушылық туғызды. Бұл тек қана Ауғанстандағы жағдай емес, көршілес жатқан Орталық Азияның қауіпсіздігіне де үлкен қауіп болып отыр.  

фото: eadaily.com

Қиын жағдайлармен бірге халықаралық саясатта біршама ресми оқиға болды. Мәселен, Америкадағы биліктің ауысып, жаңа президент - демократтардың өкілі Джо Байденнің келгендігі немесе Германия Федеративтік Республикасын 20 жылдан бері басқарып келген канцлер Ангела Меркельдің отставкаға кетіп, бұл жерде де билік ауысуы болды. Әлбетте, бұл ситуациялар әлемдік саясатқа ықпал ететіні белгілі. Неге десеңіз, аталған елдер экономикалық, әскери, саяси тұрғыдан шешуші мемлекеттер болғандықтан биліктің ауысуы бұл мемлекеттердің өз ішінде ғана емес, әлемдік саясатқа, оның ішінде жаңа айтып кеткен мемлекеттер арасындағы шиеленіске әсер етеді. Қазір оның кейбір көріністерін байқап отырмыз. Мәселен, Украина мәселесіне қатысты Джо Байден мен Владимир Путиннің арасында жүргізілген келіссөздерді айтуға болады. Басқа да шиеленісті жағдайлар болды. Мысалы, алдыңғы жылы Беларусь Республикасындағы президенттік сайлаудан кейін халықтың  сайлау нәтижелеріне қарсы шығып, президент Лукашенконың саясатына наразылық білдіргенін айтуға болады. Мұның арты жаппай репрессияға алып келді. Лукашенконың саясаты халықаралық кейбір нормаларды бұзды, яғни ол озбырлығымен көзге түсті. Бұдан бөлек, оппозиционерді құрықтау мақсатында еуропалық шах өзінің әуе кеңістігінде қауіп-қатер туғызып отырғандығы тағы бар.

фото: pikabu.ru

Өткен күздің аяғына қарай Беларусь пен Еуропа арасындағы шекарадағы миграциялық дағдарыс, соны қоздырып отырған Лукашенко мен Путиннің ісі гибриттік соғыстың тағы бір көрінісі деп айтуға болады. Таяу Шығыстан келген миграцияны қысым жасаудың саяси бір әрекеті, құралы ретінде пайдаланды. Осындай шаруалардың бірталайын атап өтуімізге болады.

– Өзіңіз атап өткендей, биыл АҚШ президенттігіне Джо Байденнің келуі мен Германияда Ангела Меркельдің отставкаға кетуі бұл халықаралық тәртіп нормаларына үлкен өзгеріс әкеледі деп отырсыз ғой?

фото: csef.ru

– Әсері болады. Бірақ біз ескеруіміз керек, сөз болып отырған - әлемдегі нөмірі бірінші держава АҚШ пен Еуропадағы экономикалық гигант Германия. Бұл елдердің аймақтық, ғаламдық саясатқа әсері өте зор. Бірақ президенттің немесе канцлердің ауысуымен түбегейлі өзгерістерді күтудің қисыны шамалы. Себебі бұлардың саяси жүйесі демократиялық жүйе, яғни бір адамға қарап қалмаған. Олай дейтініміз, демократия институттардың билігі ғой. Ол парламент, сенат, бундестаг немесе өздерінің элиталары, баспасөз құралдары сынды институттар болуы мүмкін. Сондықтан билік жүз пайыз Байденнің қолында немесе Меркелдің орнына келген саясаткерге байланысты деп айта алмаймыз. Әлсін-әлсін кейбір өзгерістерді күтуге болады. Мысалы, Байденнің әкімшілігі «Украинаға байланысты Ресейге қысымды күшейтеміз» деп отыр. Бір жағынан бұл енді көптен күткен мәселе. Себебі Ресей Украинаға, Грузияға, Молдоваға қатысты басқыншылық әрекеттерінен бас тартпай отыр. Оның үстіне қысым көрсетудің жаңа әрекеттеріне жүгінуде. Еуропа елдеріне біресе газды шектеу арқылы қысым көрсеткісі келеді, біресе шетелдік мигранттарды пайдаланып, солар арқылы сес көрсетеді. Бұл әрекеттер халықаралық заңнамаларға қайшы, сол себептен де оларға қарымта санкциялардың жасалып отырғаны да негізді. Бірақ таяқтың екінші ұшы Ресейге ғана емес, Қазақстанға да тиюде. Бұл да жағымсыз көрініс. Себебі, Қазақстанның Ресейге қатысты тәуелділігі зор. Оның ішінде Еуразиялық экономикалық одақ аясында талай ұпайларымызды Ресейге беріп қойғанбыз. Тиісінше тәуелді болғандықтан, шекараларымыздың ашықтығынан, оның үстіне ортақ экономика, ортақ қаржылық кеңістік және кедендік одақ болғаннан кейін, Ресейге жасалып отырған қысым бізге де осындай бір жағымсыз тұстарын көрсетіп жатыр. Оның нақты өлшемдері жоқ. Бірақ осы санкциялардың салдары жыл сайын Қазақстанға миллиардтаған шығын келтіріп отыр. Сондықтан, әрине, бұл санкциялар үшін Батыс елдерін айыптай алмаймыз. Олар Ресейге халықаралық заңнамаларды өрескел бұзғаны үшін,  одан да даулы әрекеттерге бармас үшін істеп отыр. Бұл жерде Ресейдің дәмесі Украина немесе Беларусиямен шектелмейтіндігін жақсы түсінеміз. Қазақстанға да ондай бір дәмелері бар екендігін білеміз. Мәселен, 2021 жылы Ресей тарапынан жасалған мәлімдемелер соны қайта дәлелдей түскендей болды. Мәселен, Кеңес одағын қалпына келтіруге, солтүстік облыстарға қатысты және Қазақстандағы орыстілді азаматтарға қысым жасалып жатыр-мыс деген мәлімдемелер болды. Сондықтан біз кешенді түрде осы мәселелерді қарастыруымыз керек. Жақында Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өттік. Осы тәуелсіздікті нақты бір мазмұнмен толтыру қажет. Оның ішінде бұрынғы метрополия Ресейге деген тәуелділіктен мүмкіндігінше арылу әрекеттері жалғасын табуы қажет деп ойлаймын. Сондықтан Түркі мемлекеттері ұйымының құрылғаны осы бағыттағы жөні дұрыс қадамдардың бірі. Әрине, жеткілікті деңгейде емес. Бірақ осындай әрекеттердің жасалып отырғанының өзі қуантарлық жағдай.

– Жалпы, АҚШ пен Қытайдың қарым-қатынасы Джо Байденнің келуімен қалай жүруі мүмкін? Қазақстанға Қытайдың экономикалық тұрғыдан алғанда әсері бар екендігі белгілі ғой.

фото: lenta.ru

– АҚШ пен Қытайдың арасындағы текетірес немесе тартыс бұған дейін де басталған. Дональд Трамптың билігі кезінде одан сайын өрши түсті. Трамп тарапынан «санкцияларды енгіземіз, қысым жасаймыз, Қытайдың тауарларына олардың жекелеген  компанияларына, мысалы, Huawei сияқты компанияларға бірталай айыппұл санкцияларын қолданамыз» деген секілді әрекеттер жасалды. Ол Трампқа дейін де болды. Енді бұл әлемдегі бәсекелестіктің көрінісі ғой. Әлемде тек саяси, әскери тартыс қана емес, экономикалық, инвестициялық, технологиялық тартыстар жүріп тұрады. Ол енді ұнасын, ұнамасын, үйреншікті жағдай. Сондықтан Қытай қалай болғанда да әлемдегі екінші экономика. Яғни, оның да өз дәмесі, амбициясы зор. Аймақтық қана емес, ғаламдық үлкен әлеуметтік жүйе болып келе жатқан мемлекет. Әрине, осындай екі алып мемлекеттің, алып экономиканың бір-бірімен сыйыспайтыны, бәсекелес нарықтағы бір-бірінің мүдделеріне қарсы шығуы белгілі құбылыс. Бұл жағдайларды біз осыдан 10 жыл бұрын да, 20 жыл бұрын да байқадық. Экономикалық тұрғыдан қарағанда, әрине, өте алаңдатады. Себебі, қайталап айтамын, екі ірі экономика бір-бірімен бәсекелесетін немесе бір-біріне қарсы шығатын болса «екі түйе тірессе, ортасында шыбын өледі» деген қазақтың мақалы сияқты ғой. Алып мемлекеттер арасындағы экономикалық тайталас кіші экономикаларға, яғни Қытай мен Америкаға бағынышты немесе тәуелді экономикаларға кері әсерін айналма жолмен береді. Себебі, Америка белгілі бір әрекеттерді жасағанда ол санкцияларды жариялайды, оны жариялап қоймай, соны (санкцияларды) елемейтін үшінші елдерге айыппұл салады. Өз алдына Қытай осындай әрекеттерге барады. Екі ортада қай жақты қабылдайсың, қай жақтың ұстанымымен келісесің деген мәселелер қайта туындайтыны анық. Яғни экономикалық тұрғыдан осындай мәселелер бар. Бірақ байқап отырғанымыздай, 2021 жылы Вашингтон мен Бейжіңнің арасында  тек экономикалық текетірес емес, кейбір саяси қауіп-қатер көзге көріне бастады. 2021 жылы АҚШ Ауғанстан мәселесінен қашып, тәлібтерден жеңілуі оның әлемдік абыройына бірталай нұқсан келтірді. Бұған дейін ол тұтас держава еді, яғни ең мықты, әлеуеті зор әскери күш ретінде танылған болатын. Қазір енді оның абыройының төмендеген сәтін пайдаланып, Иран, Ресей, Қытай сынды геосаяси, экономикалық бәсекелестері күшейе түскісі келеді. Олардың ылғи алға тартатыны: «Біз АҚШ-тың дүниежүзіндегі шешуші рөліне келіспейміз, барлық мәселені бір ғана мемлекет шешпеуі керек. Біз өз аумағымызда өзіміз қожайынбыз. Басқа мемлекеттермен мәселені қалай шешкіміз келсе, солай шешеміз. Оған Америка бола ма, НАТО бола ма - араласпасын» деген мәселені, әсіресе, Ресей президенті Владимир Путин жиі көтереді.

фото: www.pravda.com.ua

«Ертең Украинаға әскерді кіргізсек, шаруаларың болмасын, бұл Украинамен өзіміздің мәселеміз, Украинамен айналып келгенде бір халықпыз, украин халқы мен орыс халқы бір халық, беларусь пен орыс бір халық. Сондықтан НАТО-ны қабылдамаңдар. Оларға көмек бермеңдер» деуі, бәлкім, Ресейдің төмендігін көрсететін шығар. Бұл Украина, Грузия, Беларусь Республикалары үшін үлкен проблема. Енді дәл осындай әрекеттерге қазір Қытай да көшкен сыңайлы. Қазір АҚШ-тың әлсіздігін пайдаланып, баяғыдан тісі батпай келе жатқан «Тайван проблемасын қайта қараймыз, күш көрсетеміз, қолымызды байлап отырған бұрынғы Америка жоқ» дегендей әрекеттерге бара бастады. Әрине, осындай мәлімдемелер ғаламдық қауіпсіздікке кері нұқсан тигізетіні айдан анық. Себебі Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін пайда болған және қол қойған келісімдер «басқа мемлекеттің аумағын күшпен басып алуға, ішкі істеріне араласуға болмайды» деген мәселелер әжептәуір өзін ақтап келді. БҰҰ сияқты халықаралық заңнамаларды қорғайтын түрлі механизмдердің артында сайып келгенде АҚШ тұрды. Бұдан байқайтынымыз, ғаламдық тепе-теңдіктің нормалары әлсіреп жатыр. Кім күшті, сол айналасына өз дәмесін асырады. Америка мұхиттың арғы жағында, Қытай өз айналасына (Кореяға, Вьетнам мен Тайванға), Ресей өз айналасына, яғни «бұрынғы Кеңес одағына енген Республикаларды қайтарып аламыз» деп қысым жасап жатыр. «Бұл - біздің ықпал ететін аймағымыз» деген мәселелер тағы бар. Әрине, бұл, өз кезегінде, белгілі бір тәуекелдерді тудырады.

– Қалай ойлайсыз, 2022 жылы Қазақстанға қандай маңызды мәселелерді шешуге тура келеді (ішкі-сыртқы саясатта, экономикалық және әлеуметтік мәселелер тұғысынан алғанда)?

– Экономика болсын, ішкі-сыртқы саясат болсын күн тәртібінде тұрған ондаған, жүздеген мәселені айтуға болады. Бірақ бұл түйткілдердің  бірталайы баяғыдан шешімін таппай, қордаланып қалған. Өзекті мәселелерге – жемқорлық, әлеуметтік теңсіздік, экономикамыздың шикізатқа тәуелдігі, аймақтар мен облыстардың бірқалыпты тең дәрежеде дамымауын жатқызуға болады. Осындай жүздеген сұрағы бар Қазақстан үшін күн тәртібінде қысқа мерзімде қайсысын бірінші шешеміз деп бөліп қарау қиын. Әрқайсысымен де міндетті түрде айналысу керек. Бұл тұрғыдан да кейбір шаруалар жасалып жатыр. Бірақ ең негізгі проблема – пандемия. Бұл, өздеріңіз білетіндей, әлі толастамай отыр. Бұдан да қауіптісі – жаңа штамдар пайда болуда. Бұл енді ғаламдық індет қой. Қазақстан тудырған жоқ ол проблеманы, оның пайда болуына ешқандай мемлекет кінәлі емес. Өздігінен туындаған осындай қиындық. Елімізде осы бағытта кейбір шаруалар атқарылды. Жекелеген мемлекеттермен салыстырғанда коронавирустың таралу ауқымы мен өлім деңгейі бізде төмен. Бірақ әттеген-айлар да жоқ емес, соның ішінде вакцина саласына келсек, тек қана Ресейдің «Спутник V» вакцинасына қарап қалғандығымыз. «Неліктен біздің азаматтарымызда таңдау жоқ, неге сертификациядан өтпеген сол вакцинаға рұқсат бердік, ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған вакциналарға неге рұқсат берілмейді екен?» деген заңды сауалдар туындайды. Антиваксерлік қозғалыстардың үдей түсуі, оған насихаттың жетіспеуі тағы бар. Бұл жерде, әрине, билікке талап қойып, жауапкершіліктің барлығы соларда деп, сынай беруге болады. Бірақ қоғамның өзінде осындай мәселелерге келгенде сауаттылық пен жауапкершілік жетіспейді. Яғни пандемия әлі толастамай отырса да, көшеде маска режимін сақтамайтын, басқа да шектеулерге құлақ аспайтын азаматтар бар. Меніңше, бұл да үлкен проблема. Соның салдарынан жаңағы айтып кеткен денсаулық сақтау саласы ғана емес, экономика мен әлеуметтік мәселелерге орасан зор шығын әкелуде. Әсіресе, орта және шағын бизнес құлдырады. Талайының бизнесі жабылып, талайының несиесі өтелмей жатыр, содан мүліктері тәркіленуде. Бұл да адамдар үшін үлкен күйзеліс қой. Әрқайсысының артында отбасы тұр, қарыздары бар дегендей. Оның үстіне өзіне-өзі қол жұмсау, шетелге қашу сияқты түрлі жантүршігерлік оқиғаларға куә болып отырмыз. Сондықтан осы жағдай әлеуметтік-саяси маңызы бар проблема. Бұл тұрғыда жақында Денсаулық сақтау министрі отставкаға жіберіліп отыр. Меніңше, тек қана кадрлық шешімдер ғана емес, кешенді ауқымды ашық шаралар жасалуы тиіс. Осы ретте, өткен жылы бірталай шаруалар жасалып, денсаулық сақтау саласына біраз қаржы бөлініп, медицина саласы қызметкерлерінің жалақысы әжептәуір көтерілді. Бұдан бөлек, бірталай жеңілдіктер де жасалды. Мәселен, орта және шағын бизнесті 3 жылға салықтан босатты. Пандемияның кезінде бұл да бір жеңілдік қой. Осындай шаралар жоқ емес, бірақ әлі де жеткіліксіз. Сондықтан мен бірінші орынға осы пандемия мәселесін қояр едім.

– Сіздің пікіріңізше, Қазақстан билігінің 2021 жылы қандай шешімдері дұрыс болды, ал қайсысын бұрыс деп бағалайсыз?

– Бұл жыл тек қиын жағдайлар немесе қауіп-қатерлермен ғана емес, сонымен қатар кең көлемде болмаса да, кейбір оң жаңалықтармен байқалып отырды. Меніңше, Қазақстан үшін маңызды жағымды жаңалық – осы күзде түркі елдерінің бірігіп, Түркі мемлекеттерінің ұйымын құрғандығы. Өркениетті және тарихи тұрғыдан түркі баласының басы қосылып отырғандығы үлкен бір ынтымақтастықтың басы.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастаған либералдық-демократиялық реформаларын айтуға болады. Мысалы, 2021 жылы ауыл әкімдерін сайлау тарихымызда тұңғыш рет жүргізілді. Оған енді түрліше баға беруге болады. Бұл түк шешпейді деп қарамау керек. Жоқтан бар жақсы емес пе?! Әрине, бір ғана сайлаумен мәселелер түбірімен шешіле салмайды. Бірақ  дұрыс бағыттағы қадам. Айналып келгенде ауыл әкімі жоғарыдан тағайындалмайды, оны ауыл тұрғындары өздері сайлай алатын болды. Бұл да жауапкершіліктің тарихи шешімі. Яғни биліктің жоғарыдағы бастықтардан төмендегі азаматтардың өз қолына беріле бастағандығы – демократияның көрінісі.

Өздеріңіз білетіндей, өткен жылдары бірталай заң қабылданды, енді осы саяси реформалардың екінші, үшінші, төртінші кезеңі өзінің жалғасын тапса деймін. Бұл жерде саяси партияларға қатысты мәселелер бар. Түрлі топтардың қоғамдағы наразылығы, оның ішінде мұнайшылар мен көпбалалы аналарды айтсақ болады. Меніңше, тек қана наразылық білдіріп, алаңға шығып, айғайға басу мәселенің жалғыз шешімі емес. Басқа да дәліздері бар. Мәселен, қоғамдық қабылдау, онлайн петиция сынды мүмкіндіктер шықты. Сол сияқты наразы топтың мәселесін шешудің басқа да жолдарын нақтылау, өркениетті жолға түсіру мәселесі бар. Қай қоғамда жоқ наразылықтар? Америкада да жетеді. Ол жерде де жұмыссыздар мен «бомждар» бар. Ол жерде де ашынған халық бар. Мәселен, өткен жылы «Black lives matter» деген қозғалыс қара нәсілділердің үлкен бір толқуы болды. Бірақ жаңағы демократиялық мемлекеттердің бір артықшылығына келсек, олардың осы мәселелерді шешетін жұмыс істеп тұрған өркениетті дәліздері бар. Ол парламент бола ма, ол тәуелсіз сот бола ма, баспасөз бола ма деген сияқты. Меніңше, бізде ол тетіктердің барлығы сөз жүзінде бар. Бірақ іс жүзіне келгенде оларға сенім жеткілікті емес. Мәселен, сотқа, прокуратураға барып шағымдану, өзіңнің мақалаңды, ойыңды баспасөзде жариялау. Әлсін-әлсін бірнәрсе байқалып тұрады. Бірақ екі ортада баяғы сарын өз ықпалын сақтап қалуда. Сондықтан осы саяси реформалар мен саяси шешімдерге халық тікелей атсалысып, өзі бақыласа толықтай жүзеге асады деп ойлаймын.

Азаматтық қоғамның осы мәселеге араласуына мүмкіндік туғызу қажет. Сондықтан түрлі шешімдерді қоғамның өзі бақылайтын болса, қаржы қайда кетіп жатқанын бақылауда ұстайтын болса, соғұрлым оңтайлы шешімдерді пайдалануға мүмкіндік туындайды. Ал керісінше бүгінгідей шешімдер жабық есік жағдайында қабылданатын болса, соғұрлым түрлі жемқорлық, ұрлық-қарлықтың етек жаюы орын алады. Сондықтан халықтың өзі азаматтық белсенділігін көрсету қажет.

Енді, үшінші, төртінші десе көптеген мәселені айтуға болады. Ауыл мәселесі, жастар мәселесі, идеология яғни өзіміздің руханиятымызды қалпына келтіру, бұл салада кейбір шаруалар атқарылып жатыр. Әлі де әттегенайлар жоқ емес. Оның ішінде руханият дегенде қазақ тіліне қатысты екі түрлі көзқарас бар. Бір жағынан Ресей мәлімдемелерін қолдаймыз деген сынды мәселелер, екінші жағынан сол мәселелерді көтере бастаған ұлт патриоттарына Ресей тарапынан қысым көрсету жағы бар.

– Руханиятымызда, идеологиялық салада кемшіліктер де бар деп отырсыз ғой. Нақты нені меңзедіңіз?

– Оның бастауы тіл. Қазақ тілі – мемлекеттік тіл, мемлекетті құраушы бірден-бір алғышарт. Соның қадірін, әлеуетін әлі де түсінбей келе жатырмыз. Әлемде қазір 193 мемлекет болса, солардың 95 пайызы ұлттық деңгейдегі (Nations) мемлекеттер. Бүгінгі Ресейден орыс тілін алып тастасаңыз не қалады? Бүгінгі Германиядан неміс тілін алып тастасаңыз не қалады? Менің меңзеп отырғаным, мемлекеттік тіл деген бұл тек қана қарым-қатынас құралы ғана емес, тіл арқылы жаңағы біз айтып отырған руханият жүреді. Тіл арқылы діл қалыптасады, осы мемлекеттің өкілі, азаматы, құраушы бөлігі деген түсінік қалыптасады. Кезінде Мұстафа Шоқайдың «бала қай тілде білім алатын болса, сол халыққа қызмет етеді» деген сөзі бар ғой. Тіл арқылы қазақи түсінік, қазақи ұстаным, керек десеңіз қазақи патриотизм қалыптасады. Ол үшін міндетті түрде қаның қазақ болуы шарт емес. Керісінше түсінігің қазақ, Қазақстанды өз жерің, өз отаның ретінде қабылдау, сезіну. Қит етсе, Ресейге қашып кетем немесе Америкаға кетіп қалам деген мәселе емес. Мұның барлығының бастауында осы тіл мәселесі тұр. Әрине, руханиятқа келгенде сөз болып отырғаны тарих, өзіміздің тарихымызды жаңғыртудан бұрын, ең болмаса түсіну, білу, тіпті хандық заманды қоя тұрып, ХХ ғасырды түсініп алатын болсақ, сол ғасырға дұрыс бағасын беріп, жөнді зерттеулерін жүргізіп алсақ деймін. Бұл тұрғыдан алғанда мақтанарлық шаруалар жеткіліксіз. Олай дейтінім, әлі күнге дейін ашаршылықтың нақты деректерін біз білмей отырмыз. Әлі күнге дейін 2,5 млн дейді, біресе 3 млн дейді, біресе 4 млн дейді. Нақты хабарлама жоқ.

фото: egemen.kz

Ашаршылықтың өзіне саяси баға берілген жоқ. Тиісті архивтер әлі шығарылған жоқ. Дәл сол жағдай қуғын-сүргінге байланысты және 1986 жылғы желтоқсан оқиғаларына қатысты ақтаңдақтарға байланысты. Тіпті сол ХVIII-XIХ ғасырға бойламай-ақ, XX ғасырдағы қаншама мәселелерді білмейміз, содан тартыну, содан сескеніп, «бір бәлесі шығып қала ма» деген үрей бар. Совет одағы күйрегеннен кейін ТМД-ға енген елдер бар, оларға да осындай эксперименттер жасалды. Дегенмен Украина ашаршылыққа саяси  бағасын берді. Архивтерді ақтарып, тиісті шешімдерді шығарды. Халықаралық ұйымдарды мойындатты. Меніңше, бұл ұлт ретінде қалыптасудың маңызды алғышарты. Біз бүгініміз бен ертеңімізді қалай бекітеміз, егер кешегімізді білмесек?! Қайдан шыққанымызды, ненің жалғастырушысы болғанымызды өзіміз сезінуіміз керек. Сондықтан руханият дегенде әлбетте тарих, «біздің бабаларымыз батыр болды, хан-сұлтан болды» деп  мақтанатын жағдай емес. Керісінше тарих деген ұнасын, ұнамасын, қасіретті, қуанышты болсын, өзіңнің өткеніңді білу. Соны біле тұра қасіретті жағдайларға не алып келді, қандай себеп болды деген  сұрақтар қойып, сол нәубеттерді айналып өтудің, жеткізбеудің жолын қарастырып, сабақ ретінде қабылдау қажет.

фото: gu-gu.kz

Қазір тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын мерекелеп отырмыз ғой. Бірақ тарихқа дұрыс баға беретін болсақ, бұл – қазақтың үшінші мемлекеті! Қазақтың бірінші мемлекеті – Қазақ хандығы.

фото: everything.kz 

Яғни ол 1465 жылы құрылып, Кенесарының көтерілісімен аяқталды. Сол кезде біз толыққанды тәуелсіз мемлекет болдық та, сол тәуелсіздігімізден айырылып қалдық. Неліктен айырылып қалдық? Бір-бірімізбен тартысып, бәсекелесіп, жік-жікке бөлініп жүріп, салдарынан тәуелсіздігімізден бір рет айырылдық.

фото: abai.kz 

Одан кейін ХХ ғасырдың басында 1917 жылы қайтадан тәуелсіз мемлекет болдық. Айтып отырғаным, Алашорда үкіметі. Сол кезде 1920 жылға дейін тәуелсіз мемлекет болдық (3 жылдай). Ол кезде тәуелсіз мемлекеттің барлық атрибуттары болды. Соның өзінде де қайтадан бір-бірімізбен сыйыса алмай, баяғы қателіктерге ұрындық. Сол кезде большевиктердің айдап салуымен «Үш жүз» партиясының Алашқа қарсы шыққандығы. Яғни өзіміздің тарихымызда, басқаларын былай қойғанда, тәуелсіз ел бола тұрып, содан айырылып қалған жағдайларымыз бар. 1991 жылы алған тәуелсіздігіміз бұл үшінші рет. Оның берік болуына кім кепіл? Әрине, қазақ халқы. Қазақтың болашағы, оның мемлекеттілігі қазақтан басқа ешкімге керек емес.

Бұл - осыған дейінгі тарихымызды білмегеніміздің, түсінбегеніміздің көрінісі. Тәуелсіз ел болып едік қой, не болып қалды, оның арты неге алып келді? ХХ ғасырда тәуелсіздігімізбен бірге бүкіл қаймақтарымыздан айырылып қалдық. Халқымыздың жартысы геноцидтен қырылды. Мінекей, тәуелсіздіктен айырылудың салдары мен нәтижелері осындай болады. Бірақ осы себеп пен салдардың арасындағы байланыстарды білмеу, соған бойламау,  жаңағы рухани азғындаудан, тарихын білмеуден келіп шығып отыр.

– Сіздің ойыңызша, осы жылы халқымыздың тұрмысы төмендеді ме, әлде керісінше, жақсарды ма? Оның себебін немен байланыстырасыз?

– Халықтың тұрмысы жақсарды ма, жоқ па біржақты айту қиын. Қоғам біркелкі емес. Яғни орта және төмен деңгейдегі азаматтар, байлар бар деген сияқты. Ресми деректерге сүйенсек, ел экономикасы осы жылы 1-1,5 пайызға өсті. Әлеуметтік төлем, орташа жалақы, орташа зейнетақы деңгейі тұрғысынан алғанда  жақын көршілерімізден (қырғыз, тәжік, өзбек) жағдайымыз дұрыстау сияқты. Бір жағынан қанағат тұтарлық мәселелер шығар, екінші жағынан «Қазақстан өзін неліктен кедей мемлекеттермен салыстыру керек, неліктен біз өзімізді алдыңғы қатарлы мемлекеттермен салыстырмаймыз?» деген сұрақ туындайды. Сондықтан көп нәрсе шартты түрдегі бағалар ғой. Иә, рас қырғыздардан дұрыспыз, бірақ дамыған мемлекеттерден әлдеқайда төменбіз. Оның үстіне «жығылғанға жұдырық болып» пандемия үлкен проблема болды. Атап айтқанда, кедейшілік пен жұмыссыздық мәселесі осы кезеңде одан сайын өрши түсті. Елімізде осы бағытта қарқ қылып тастамаса да,  кей жұмыстар атқарылды. Орта және шағын бизнесті салықтан босатып, несие амнистиясын жариялады, зейнетақы қорының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын дұрыстауға рұқсат берді. Бұл да оң бағалауға болатын шаруалар ғой. Бірақ экономиканың бәсеңдеп, жемқорлық сынды түрлі келеңсіздіктердің әлі сақталып отырғанын баршамыз білеміз. Сондықтан біржақты баға беру қиын.

– Қалай ойлайсыз, жалпы Қазақстанда азаматтық қоғам қалыптасты ма? Соңғы жылдары үдей түскен көпбалалы әйелдердің наразылығы елдегі азаматтық қоғамның қалыптасқанын көрсете ме? Әлде әлеуметтік жағдайдың төмендігінен бе? Немесе сыртқы-ішкі саяси топтардың ықпалынан болып отырған әрекет пе?

фото: dw.com

– Азаматтық қоғам қалыптасты ма, жоқ па, кесіп айта алмаймын. Себебі, бұл тұтас процесс қой. Оның кейбір көріністері бар. Мәселен, азаматтардың бірігуге тырысуы деген сынды. Дегенмен әлі тұтас бір ұлттық консенсус қажетті деңгейде қалыптаспаған да шығар. Рас, уақыт өткен сайын енді бүкіл қоғамды дүр сілкіндіретін проблемалар туындайды. Мысалы, кезіндегі жер дауын айтсақ, тікелей болмаса да жанама, яғни әлеуметтік желілер арқылы азаматтар наразылықтарын білдірді. Осыған байланысты бірнеше қалада наразылық акциялары өтті. Миллионер қалаларда 100-300 адам шыққаны бұл да азаматтық қоғамның көрінісі.

Ал қазіргі наразылықтар көбінесе тұрмыстық, әлеуметтік мәселелер бойынша болып жүр. Өзіңіз айтып отырған көпбалалы аналар, жұмысшылар, Қарағандыдағы металлургтер, феминистердің наразылығы осындай проблемаларға байланысты болып отыр. Әрқайсысының корпоративті топтары бар. Енді бұл да азаматтық қоғамның бір көрінісі деп айтуға болады. Әрқайсысы өздеріне қатысты, өздерін алаңдататын проблеманың аясында бірігіп, топтасып немесе кәсіподақ болып, мемлекеттік деңгейге шығу керек. Әлемдік тарихқа көз жүгірсек, ХVIII-XIX ғасырда Еуропа мен Америка елдерінде осылай басталған болатын. Қазіргідей бірден демократия бола салған жоқ. Осындай кезеңдерден өтті.

Мысал келтіре кетейін, осыдан 2-3 жыл бұл Жапонияның бір министрі өзінің қызметтік көлігін жеке қажеттілік үшін, яғни отбасын саяжайға апарып тастау үшін пайдаланған. Біздің көзқараспен қарағанда «онда тұрған не бар екен, бастық болғаннан кейін пайдаланады да» деп үйреншікті жағдайда қабылдаймыз. Оны да түсінуге болады. Бірақ осы үшін Токионың өзінде  миллионнан астам адам наразылыққа шығып, «қалайша мемлекеттік қаржыны өзінің жеке басына пайдаланады?» деп ұрандатып, қарсылығын білдірді. Нәтижесінде министр отставкаға жіберіліп, ұлттық телевидение арқылы  халықтан тізерлеп тұрып, кешірім сұрады. Жапонияға әзірше жете қоймаспыз. Дегенмен елімізде азаматтық қоғамның кей көріністерін байқап отырмыз. Оның өзі жаман емес. Бірақ менің ойымша, әттегенайлар да аз емес.

– Қоғам арасында «Қазақстанда оппозиция өкілдері әбден ыдырап кеткен, бастары бірікпейді, сол себептен әрқашан да өз мүдделерін іске асыра алмайды» деген кеңінен таралған пікір бар. Осы оймен келісесіз бе?

фото: kz.media

– Қазақстанда толыққанды оппозиция қалыптаспады. Оппозиция серкелерінің өзі бір-бірімен қырқысып, бір-бірін көре алмай, қаралап, бастары бірікпей келеді. Оппозиция болсын, билік болсын ешкім аяғы аспаннан салбырап түскен жоқ қой. Олар да халықтың ішінен шыққан өкілдер. Сондықтан бұл біздің қоғамымыздың осындай бір сипаты, кескіні деуге болады. Халық қандай болса, билік пен оппозиция сондай болады. Оппозицияның осылай басы бірікпей, бір-бірінен мін іздеп, қаралауы бүгінгі өміріміздің ащы да болса шындығы. Халықтың мұңын ойлап шығатын жекелеген азаматтар болса, оның өзіне дүрсе қойып, жермен жексен ету әрекеттері бар. Нәтижесінде қазір рухани авторитеттер қалмады. Ал бұл дегеніміз – үлкен проблема. 1980-1990 жылдары қалай болғанда да, бетке ұстар, айтқан сөзіне халық иланатын, соған сенім артатын, сыйлап, құрметтейтін азаматтар болған еді. Мәселен, Мұхтар Шаханов, Олжас Сүлейменов, Қалтай Мұхамеджанов сынды тұлғалар. «Қазір осындай рухани беделді азаматтар бар ма?» деген сауалға жауап беру қиындау. Меніңше, саясатта бола ма, мәдениет пен руханият саласында бола ма, халық өзінің игі жақсыларын қолдап, бірігіп, әрекет жасауы қисынды көрінеді. Біздегі қазіргі ахуал осылай болып отыр.  Бұған билікті айыптай беру орынсыз. Оған қоғам мен әрбір азаматтың белгілі бір дәрежеде жауапкершілігі болуы қажет деген ұстанымдамын.

 

Назерке Еркінқызы

Барлық жаңалықтар