00:00
Астана -10oC
USD:
443.44
EUR:
480.51
RUB:
4.88
Іздеу

Тәуелсіздік жолындағы тәуекелді қадамдар

24.02.2023 | 18:34
Елорда ақпарат
76

Негізі, КСРО-ның ыдырауына бірді-екілі емес, тұтастай уақиғалар желісі себеп болғаны мәлім. 1991-92 жылдары Ресейдің қаржы министрі болған Егор Гайдар «Империяның күйреуі» кітабында:

«КСРО-ның күйреген нақты датасы ешқандай Беловеж келісімдері, тіпті ГКЧП да емес. Ол 1985 жылдың 13 тамызы еді. Дәл осы күні Сауд Арабиясы қара алтын өндірісін 10 есе ұлғайтып жіберді. Негізгі табысты мұнайдан  тауып отырған Совет одағының экономикасы құлады, одан кейін есін қайта жинай алған жоқ», – деп жазады.

Сарапшылардың пайымынша, Совет одағы 1970 жылдары-ақ тарап бітуі керек болған екен. Өйткені бұл кездегі экономика өтірік статистикадан тұрыпты. Бүкіл қала мен кентті асырап отырған колхоз-совхоздар бұл кезде өзінің өміршеңдігін әбден сарқып біткен кез-тұғын. Одан әне-міне құлайды деп отырғанда, Сібірден мұнайдың мол қоры табылып, бұл жайт тарылып бара жатқан тынысты ашып жіберген болды.

Өйткені 1974 жылы Сауд Арабиясы бастаған арабтар Еуропа мен АҚШ-қа мұнай эмбаргасын жариялап, бір тамшы да өндірмей қояды. Араб мұнайының айналымға шықпай қалуы КСРО мұнайының өте көп мөлшерде және өте қымбатқа пұлдануына жол ашты. Коммунистерге кекірік атқызған заман 1985-ке дейін созылды да, сол жылы әлгі эмбарга жариялаушы король өлтірілді. Жаңадан келген ханзада өздеріне тиімсіз болса да, мұнайды он есе өндіріп жіберді. Сол кезде мұнайдың қымбат бағасына байланған КСРО экономикасы мұрын сүзіп құлады.

«Бір айналдырғанды қырсық шыр айналдырады» дейді. Экономикалық құлдыраудан бөлек, 1986-да Чернобыльда атом стансасы жарылды. Сол жылдың соңында Алматыда қазақ жастары толқыды. Басқаларға сабақ болсын деп бұл толқуды Мәскеу аяусыз басып-жаншыды. Бірақ бұл кері реакция берді. Алматы оқиғасынан көп өтпей, Балтық елдері бой көтере бастады. Эстония, Литва, Латвия жұртшлығы көшеге шығып, өздерінің ұлттық әндерін шырқап, егемендік  туралы айта бастады.

Жағдай ушықты. Саясат бетімен кетті. Жер-жердегі ұлттар өздерінің мәселесін ашық айта алатын болды. Бірақ бұрын-соңды парасатты пікірталасты көрмеген халық өз эмоциясына ие бола алмай қалды. Соның кесірінен 1987 жылы Таулы Қарабақта соғыс бұрқ ете қалды. Приднестровьеде қақтығыстар өршіп кетті. Ферғанада ұлтаралдық жанжалға ұласты мұның соңы. Ал Кавказда грузин-осетин соғыстары тұтанды.

Осындай қым-қуыт жағдайда бір оқ астпастан Қазақстан өзінің тәуелсіздігін жариялай алды.

Егемендікке қол жеткізу де тосыннан бола қойған жоқ. 1990 жылы 12 наурызда Горбачев ССР халық депуттатарының ІІІ съезін ашады. Өзін бүкіл КСРО-ның президенті ретінде сайлауды ұсынған оны депутаттар қолдамай қояды. Сол кезде ортаға ҚазССР басшысы Нұрсұлтан Назарбаев шығады. Ол КСРО-дағы бүкіл билікті бір қолға жинап беретін президент лауазымы Горбачевқа өте-мөте қажет екенін тыпыр еткізбес фактілермен дәлелеп, сол жерде Парламентті көндіреді. Сөйтіп Горбачев Совет одағының президентіне айналып шыға келеді. Дәл осы кезде халық депутаттарына қарап тұрып Нұрсұлтан Әбішұлы:

«Бас хатшы президент болды екен, онда республикадағы хатшылар да президент лауазымын алуы керек», – дегенді ұсынып жібереді.

Өңір-өңірден келген депутаттар бұл ұсынысты қуана қолдайды. Бұл жайт туралы кейін Горбачев «Өмір және реформалар» мемуар кітабында еске алып отырып, былай жазған екен:

«Менің жоспарымда Одақтық Республика басшыларына президенттік лауазымдар беру деген ой болған емес. Президенттік басқару формасы КСРО-дағы күллі билікті менің қолыма жинап беруі керек еді. Әккі Назарбаев мені қолдаған болып, үстімнен ойнап кетті. Сөйтті де, республикалардың егемендігін ұлғайтып жіберді».

Президент лауазымы Горбачевтан тәуелсізденуге мүдделі Ельциннің қол-аяғын шешіп берді десе де болады. Ол РФСР президенті лауазымына кірісе сала, Ресей Федерациясының егемендік рекларациясын жариялап жібереді. Бұл үрдісті күллі республика іліп алып кетеді.

Еліміздің егемендік декларациясы қалай қабылданғаны, бұл декларация қандай амал-әрекеттерге жол ашқаны, Қазақстаның тәуелсіз ел болып жариялануы – осының бәрі деректі бағдарламада талданып-таразыланып беріледі. Мұрағаттарда сақталған құнды құжаттар мен бұлтартпас дәйектерге сүйене отырып, осындай салмақты бақтың бізге қалай бұйырғанын бағдарлама тілшілері тәптіштеп жеткізеді.

Барлық жаңалықтар