00:00
Астана -10oC
USD:
443.44
EUR:
480.51
RUB:
4.88
Іздеу

«2073 жылы медиа қандай болады?»: Оқушының сауалы журналистерді ойлантып тастады

26.09.2023 | 10:00
54
Фото: Сұлтан Сейіт

«Мектеп және медиасауаттылық» атты жобаның  аясында «Elorda aqparat» медиа компаниясына қарасты «Astana aqshamy» басылымы ұжымы елордадағы Әлихан Бөкейхан атындағы №76 мектеп-лицейдің мұғалімдерімен және оқушыларымен кездесті, деп хабарлады Elorda.info

Білім ұясында оқып жүрген талапты, ізденгіш, ойлы және санасы сергек балалардың көптігі көңіл сүйсіндірді. Мектеп оқушылары қонақтарға  сауатты, өткір, әр адамды ойландыратын сауалдар қойып жауап алды. 

мектеп новый 1.jpg

Журналист мамандығының қыр-сыры, қызығы мен шыжығы туралы «Elorda aqparat» медиа компаниясының директоры Олжас Сыдықбектің, «Astana aqshamy» газетінің тілшілері - Таңатар Төлеуғалиев пен Гүлшат Сапарқызының және осы жолдардың авторының әңгімесіне оқушылар мен мұғалімдер зор ықыласпен құлақ қойды. Олжас Сыдықбек аталған жобаның мақсат-мұраты - мектептермен медиа холдинг арасында ізгі қарым-қатынас орнатып, болашақта шығармашылық мамандық иесі болғысы келетін талантты, қабілетті балаларға қолдау көрсету екенін қарапайым тілмен түсіндірді. Таңатар Төлеуғалиев бала кезінен қаламның қасиетіне құштар болғанын, сол арман-мұраты қаламгерлік жолға жетелеп әкелгенін әсерлі етіп айтып берді. Гүлшат Сапарқызы балаларды әлеуметтік желілердегі жалған ақпараттан сақтану, пайдалы ақпаратты тұтыну, мамандық таңдауда өз қалауымен шешім қабылдау сияқты әр балаға қажетті дүниелерге тоқталды. 

мектеп 76 1.jpg

Кездесудің одан кейінгі бөлігі сұрақ-жауап форматындағы сыр-сұхбатпен жалғасты. Алғашқы сұрақты оқушылардың өзіне қойып, мектеп президенті болып сайланған Фатимадан: «Әлеуметтік желілердегі парақшада қандай ақпарат жариялайсыңдар? Оқушылар ол жерден не оқып жүр?» деген сауалдың жауабын күттік. Ол жерде негізінен мектеп өміріне қатысты оқиғалар, әр оқушының өзін дамытуға қатысты материалдар жинақталып, беріледі екен. 

мектеп новый 2.jpg

Залдан қойылған бірнеше сауалдың ішінен Алуа есімді оқушының: «Бәріңізге ортақ сұрақ: осыдан 50 жыл өткен соң медиа саласы қалай өзгереді?» деген сауалына әрі ризашылық таныттық, әрі ойланып қалдық. Расында да жасанды интеллект жаңа медианың алдына шығып, классикалық журналистика күн сайын емес, сағат сайын өзгеріп жатқан заманда 2073 жылы медиа қандай болады дегенді тап басып айту қиын.

 Әлихан атамыз айтқандай, «ғұмыр бәйгесінде кім шебер болса, жалықпай-талмай ізденсе, бірігіп-тізе қосып әдіс қылса – сол жеңетіні» айдан анық. Медианың даму үдерісін зерттеушілер алдағы уақытты контент фабрикасы деген алып зауыттың құрылып, ол дистрибуция платформасының сұранысына сәйкес медиа өнімдер шығаратын айтады. Біздің ойымызша, болашақта жаһанға таралатын жалпы ақпараттан гөрі, өзінің аудиториясына ең қажетті, сапалы ақпарат бірінші кезекке шығады. Тіпті, адамдардың бағалы ақпараттан бас тартып, ойын-сауық қызметтеріне, ойланудан гөрі демалуға шақыратын контентке көшуі ықтимал. 

1,5 сағатқа созылған сыр-сұхбатта  қағаз газеттің, классикалық БАҚ-тың артықшылығы, кәсіби журналистің қарым-қабілеті, ақпараттық технологиялар төңкерісіндегі алуан түрлі ақпараттың пайдасы мен зияны туралы оқушыларға мол мағлұмат берілді. Содан шығар, кездесудің соңынан көзінде оты, жүрегінде рухы бар балалар кітабымызға қызығушылық танытып, олармен жедел шүйіркелесіп кеттік. 

Кездесудің жүргізушісі болған Темірланға, оқушылардың президенті Фатимаға, ортаға шығып, ерекше шабытпен өлең оқыған Абылайға, жақсы сауал қойған Айсанаға да ризашылық білдіреміз. Соңынан мектептегі Әлихан атамыздың музейін аралап, Алаш идеясы мен құндылықтарына тағы таңдайымызды қақтық. Жүрекке жылылық ұялатқан, балаларға ұшан-теңіз әсер сыйлаған жүздесуді ұйымдастырған мектеп директоры Ботакөз Болатбекқызына, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Диана Елеуқызына алғысымыз шексіз. 

 Төлен ТІЛЕУБАЙ

Барлық жаңалықтар