00:00
Астана -10oC
USD:
443.44
EUR:
480.51
RUB:
4.88
Іздеу

Нұрсұлтан Орынбеков: Жоба мақсаты – алаяқтардың  әрекетін кеңінен түсіндіру

Фото: ашық дереккөз

Астаналық жастар интернет алаяқтықпен күресу және халықты қаржылық сауаттылыққа үйрету мақсатында «Alayaq.net» республикалық қозғалысын ұйымдастырды. Аталған жоба аясында қандай нақты іс-шаралар қолға алынды? Elorda.info тілшісі бұл туралы қозғалыс жетекшісі Нұрсұлтан Орынбековтен сұрап-білді. 

-Алдымен, «Alayaq.net» республикалық қозғалысының мақсатын түсіндіре кетсеңіз? 

Қазір көп адам интернет кеңістігіндегі алаяқтарға алданып, қалтасындағы ақшасынан қағылып қалып жатқанын күнде естіп жүрміз. Біз, белсенді жастар, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының» жалған инфобизнесмендерді әшкерелеу және халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында жариялаған байқауы бойынша осы жобаны қолға алдық. Мұнда, алдымен, азаматтарды дұрыс ақпараттандыруға басымдық бердік. Яғни, ғаламтордағы әккі ұрлықшылардың айласы жүзеге аспауы үшін олардың қалыптасқан әрекеттерінің үлгісін жинақтадық. Түрлі пост, видеоларды аудиториясы көп ауқымды интернет платформаларда жариялап жатырмыз. 

-Интернет алаяқтарының оңай олжа табудағы үлгісін қалай жасадыңыздар? 

Бұл үшін біз алаяқтарға алданғандардың тарихын зерделедік. Әлбетте, өзіміздің күшімізге ғана сенбей, мемлекеттік орындардың мәліметтерін де пайдаландық. Нәтижесінде жобамызға мемлекеттік орындар мен банк секторын жұмылдыра отырып жұмыстар атқарып жатырмыз. Жақында интернеттегі алаяқтық схемаларының, яғни үлгілерінің алдын алу бойынша «Медицина жастары» РҚБ ҚР Қаржы мониторингі агентігімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойдық. 

-Әдетте осындай қулардың құрған қақпанына қаржылық сауаты аз адамдар түсіп қалатыны белгілі. Бұл тарапта қандай іс-шараны қолға алдыңыздар?

Жобамыздың мақсаттарының бірі де сол – жастардың қаржылық сауаттылығын арттыру. Мұны жүзеге асыру үшін 10 күндік тегін марафон ұйымдастырдық. Оған қатысушыларды көбірек жинау үшін оқырмандары көп, танымал блогерлерді әлеуметтік жобамызға жәрдемдесуге шақырдық. Мәселен, солардың ішінде ҚР Парламенті Мәжіліс депутаты, көпшілікке дәл осы қаржылық сауаттылықты  үйретіп жүрген Дәулет Мұқаев жобамызға спикер ретінде қатысады. Олар өздерінің ақылы курстарын тегін ұсынып отыр. Марафонда алдын ала жазып алынған видеолар арқылы интернет алаяқтардан сақтану және қаржылық сауаттылыққа байланысты 10 тақырыпты қамтитын боламыз. Бұл үшін WhatsApp желісінен арна аштық. Біз басында жобамызға 500 жасты жинаймыз деп жоспарлаған едік, алайда қазір онлайн курсымызға қатысушылардың саны 4000-ға жетіп отыр.

-Интернет алаяқтықпен күресуде, сонымен қатар, «Alayaq.net» сайты жұмыс істеп тұрғанын айттыңыз. Сайттың ұстанған бағыты қандай?   

«Alayaq.net» сайтында түрлі мақалалар бар, бірақ ондағы ең басты қосымша – «қара тізім». Оған адамдар интернет алаяқтық белгілері байқалған қызмет көрсетушілерді тіркей алады. Мысалы, сізге белгісіз нөмірден қоңырау шалып, әлдебір жеке деректеріңізді енгізуді сұраса және бұл сізге күмәнді көрінсе, ол туралы бізге хабарлай аласыз. Бірақ мұнымен ол алаяқ деп танылмайды. Бұлай деуге ешкімнің де құқы жоқ. Ал өзінің «қара тізімге» енгенін білген адам өз ісінің дұрыстығын дәлелдесе, оның деректері тізімнен алынып тасталады. Жалпы, бір айта кетерлігі, біздің мақсатымыз - алаяқтарды әшкерелеу, ұстау емес, олардың үлгі, жүйесін көпке жариялау, түсіндіру.  Сол арқылы азаматтардың өздерін-өздері солардың құрбаны болудан сақтау. 

- Бұл жастар жобасы екенін айттыңыз, дегенмен ерексектерге де арналған осындай іс-шаралар ұйымдастыру жоспарда бар ма? 

Жоғарыда айтып кеткеніміздей, 10 күндік тегін марафонымыз қатысқан 4000 адамның тең жартысы – ересектер болды. Сондай-ақ, жастар үшін Tik tok, instagram сияқты әлеуметтік желілерде тақырыпқа сай қысқа видеолар ұсынсақ, ересектер үшін Youtube-те аталған мәселелер кеңінен түсіндіріледі. Бұған дейін «Сарапшылар мектебінде» дайындаған жастарымыз мектептер мен жоғары оқу орындарында дәріс өткізсе, енді Қарттар үйлерінде, Ұзақ өмір сүру орталығында интернет алаяқтардан сақтану және қаржылық сауаттылық бойынша семинарлар ұйымдастыратын болады. Осылайша, жастарға арналған жоба болса да, әлеуметтік жауапкершілік шеңберінде ересектерді де қамтуды жоспарлап отырмыз. 

- Сіздің ойыңызша, алаяқтармен күресте ақпараттандыру мәселесі жеткілікті ме? 

Меніңше, бұл тақырып өзектілігін әзір жоймайды. Өйткені оңай ақша табуға деген қызығушылық бар жерде алаяқтар да болады. Мысалы, тұтынушы Қытайдан теледидар сатып алды делік. Бірақ ол мекеменің деректерін анықтамайды, сатушыдан не есеп-шотты, не келісімшартты сұрамайды. Олар жай ауызша сөйлесіп, соған сеніп, ақша аударады. Нәтижесінде, оп-оңай алаяқтың құрбанына айналады. Шын мәнінде бұл жерде екі тарап та жаңа заңды бұзып отыр. Қазір ақшаны жай аударуға болмайды. Өйткені бәрі құжатпен бекітіліп, дәлелденуі керек. 

-Сұхбатыңызға рахмет!

Барлық жаңалықтар