00:00
Астана -10oC
USD:
443.44
EUR:
480.51
RUB:
4.88
Іздеу

Халықтың алғысынан артық марапат жоқ – ерікті

31.03.2023 | 21:07
Аяулым Алтынбек
53

Өз еркімен қоғамға пайдасын тигізуді көздейтін еріктілер түрлі бағытта жұмыс істейді. Олардың ішінде медициналық бағытта жұмыс істейтін еріктілер жұмысын ерекше айтуға болады. Атырау облыстық балалар ауруханасында ем қабылдаушы балалар мен олардың аналарына арналған бейнелеу өнерінен, қолөнерден, түрлі тәттілер жасаудан, т.б шеберлік сағаттарын ұйымдастыратын «Жаныңдамын» волонтерлік ұйымының жетекшісі Мейрамгүл Есниязова да Elorda.info тілшісіне өзінің қалай медициналық волонтер болғаны, осы ұйымның ерекшелігі туралы айтып берді.

Мейрамгүл ең алдымен өзі қызмет ететін волонтерлік ұйымды таныстырып, оның қызмет саласы мен бағытына тоқталып өтті.

Жалпы өзімнің волонтерлік салада жүргеніме биыл екі жыл жарым жылдың жүзі болды. 2020 жылы бүкіл әлемге төнген пандемия кезінде біздің өңірде Атырау волонтерлер штабы деген үлкен штаб құрылды. Сол жерге жасы үлкен-кішілігіне қарамастан қиындыққа тап болғандарға көмек қолын созамын деген адамдар жинала бастады. Солардың қатарынан мен де табылдым. Мен бұл қатарға сәуір айында қосылдым, алғашқы волонтерлік жұмысым мұқтаж отбасыларға азық-түлік себетін дайындап, оларды үйлеріне жеткізіп беру болды. Жан-жақтан жиналған волонтерлер мен автоволонтерлер болып сәуір-мамыр айларында 7000 үйге азық-түлік тасыдық, одан бөлек қариялардың үйлерін тазалап, көмектестік. Маусым-шілде айларында короновирус күрт өршіп, науқастар саны көбейіп кетіп, ауруханаға көмек керек болғанда, қызыл аймаққа өтіп, дәрігерлермен бірге науқастардың өмірін сақтап қалуға бар күш-жігерімізді салдық. Тұрғындарға дәрі тасыдық, үйлерінде ауырып жатқан науқастарға оттегі балонын жалғап беріп жүрдік.

Қазір аурудың беті қайтып, бәсеңдесе де волонтерлік жұмысымызды әлі де жалғастырып келеміз. Жоғарыда айтылған Атырау волонтерлер штабында сол кезеңдерде жүзден астам адам болды, солардың арасынан он бестей адам достық ортамызды құрып, бүгінгі күнде өзіміз бөлек волонтрелік ұйым құрдық. Ұйымның атын қою біраз қиынға соқты. Қалай жұрттың есінде қалатын, жүректеріне жылу ұялататын жақсы ат қоюға болады деп біраз ойландық. Бастамашыл тобымыздың аты қойылмай тұрып, біздер ең алғашқы жобамызды Атырау облыстық балалар ауруханасында бастадық. Жобамыздың аты «Жаныңдамын!» болатын. Ойлана келе біз өзімізге мұқтаж адамдардың әрдайым жанынан табылайықшы деген ниетпен тобымыздың атын «Жаныңдамын!» деп қойдық. Қиындыққа тап болған адамға немесе көмекті қажет ететіндердің қашан да жанында боламыз.

«Жаныңдамын» жобасыбіздің алғашқы жобамыз. Жобаның мақсаты – ауруханада ем алып жатқан науқас балалардың және олардың аналарының сенбі, жексенбі күндері көңілдерін көтеру. Бес күн бойы балалар аурханада ем алады, ал қалған екі күнде олар бос уақытын телефонды ермек етіп өткізеді. Телефонның зиянын біріміз білеміз, соның алдын алу үшін сенбі, жексенбі күндері ұйымның волонтерлері болып сурет салудан, қолөнерден, тәттілер жасаудан шеберлік сағаттарын өткіземіз, - дейді Мейрамгүл Есниязова.

Ол сондай-ақ өзі қызмет ететін волонтерлік ұйымының атқарған және алдағы уақыттағы жұмысы жайлы айтып берді.

Екі жарым жыл ішінде көптеген жұмыстар атқардық. Негізінен біздің ұйым физикалық, психологиялық, ұйымдастырушылық тұрғыда көмек көрсетеді. Балалары алыста тұратын қарт кісілердің үйлерін тазалауға жәрдемдесеміз, біздің команда мүшелері атыраулық екі қарттың үйіне жөндеу жұмыстарын жасауға жәрдемдесті. Бірі – психологиялық ауытқушылығы бар жалғызбасты үлкен апай, студент жалғыз қызы бар, үйі өртеніп кетіп, далада қалған. Екіншісіерлі-зайыпты қариялар, әжейдің аяғы жүруге жарамайды, арбаға таңылған, үйлері бесінші қабатта, мүлдем далаға шықпайды. Үйлері 32 жылдан бері жөндеу көрмеген. Осы екі үйге қазір волонтерлердің көмегімен халықтан қаржы жиналып, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Одан бөлек арбаға таңылған мүмкіндігі шектеулі жандармен де жұмыс жасаймыз. Олармен жұмыс істеу үшін біздің волонтерлер арнайы Белорусьтан шақырылған мамандардан курстан өтіп, «Мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс істейтін нұсқаушы-волонтер» деген сертификат алды. Қазіргі таңда арбаға таңылған үш жанға тұрақты түрде көмек көрсетіп келеміз. Далаға серуенге шығарамыз, реабелитациядан өтетін уақыттарында жандарында боламыз.

Одан бөлек Балалар үйімен, Қарттар үйімен тығыз байланыстамыз. Ол жердегі барлық қызмет алушы балалар мен қарттарға арнап түрлі форматта шаралар ұйымдастырамыз.

Қазіргі таңда жүзеге асырып жатқан екінші жобамыз «Ғажап күн» деп аталады. Ол «Жаныңдамын» жобасының жалғасы іспеттес. Құм терапиясы мен ертегі терапиясын біріктіру арқылы әртүрлі санаттағы адамдарға қызмет көрсетеміз. Бұл жобаны Атырау облысы Ішкі саясатының Азаматтық орталығының облыстық «Демеу» конкурсына қатысып, 400 000 теңгелік грант жеңіп алып бастадық. Әлеуметтік желідегі ақпараттандыру нәтижесінде Астана қаласынан «Мархабат.КЗ» мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің тапсырысымен Батыс аймағында, атап айтқанда Орал, Ақтөбе қалаларында  орналасқан Арнаулы әлеуметтік көмек көрсету орталығындағы, яғни Қарттар үйі мен Мүгедектер үйіндегі адамдарға құммен сурет салудан шеберлік сағаттарын өткіздік. Алда жоспарымыз өте көп. Ойымызда пісіп-жетілген жобалар жетерлік, бәрі де қоғамға арналған, кез-келген идеяны жүзеге асыру қаржыға келіп тіреледі. Қолдайтын, қаржыландыратын демеушілер табылса құба-құп, болмаған жағдайда өз күшімізбен өткіземіз деген жоспарымыз бар, - дейді ерікті.

Мейрамгүлдің айтуынша, «Жаныңдамын» волонтерлік ұйымы алдағы уақытта науқас балаларға Кореяда ем алуға жәрдемдеспек.  

Біздер қаржы жинаумен көп айналыспаймыз. Аса қатты мұқтаж болып қалғанда ғана азық-түлік, жалдамалы пәтерінің ақшасын төлеп беру, дәрі-дәрмекпен көмектесу секілді жұмыстарға ғана қаржы жинақтаймыз. Біздің бағытымыз әлеуметтік бағыт болғандықтан, осы бағыт аясында жұмыс істейміз. Біздің тобымызда Корея елімен жұмыс істейтін аудармашы Ажар есімді волонтер бар, болашақта шетелдік мамандармен кеңесе отырып, Кореяда емделуге баратын науқас балаларға көпір болып, жәрдемдесу ойымызда бар, - дейді ерікті.

Мейрамгүл елімізде волонтерлік қызмет өте жақсы дамып келе жатыр деп есептейді.

Осыдан екі жыл жарым бұрынғы пандемия қоғамға волонтерлер керек екенін дәлелдеп берді. Жалпы волонтер термині, волонтерлік ұйымдар пандемияға дейін Қазақстанда болған, дегенмен қоғам волонтерлердің маңызын дұрыс түсінбеді деп ойлаймын. Қазір Қазақстанда волонтерлік қызмет өте жақсы дамып келе жатыр. Волонтерлік тек көмек қажет еткен жағдайда ғана жаныңнан табылатын адам емес, қоғамдағы маңызы бар мәселелерге өзндік үн қоса алатын тұлға ретінде дамуымызға ықпал етеді. Оның бір мысалы шілде айында Зерендіде ұйымдастырылған «Волонтерлерге арналған жазғы мектепте» бір апта оқып келдім. Ол жерден жобалар жазуды, жобамен жұмыс істеудің толық курсын меңгеріп шықтық деп айтуға болады. Сонымен қатар, Қазақстанда ұйымдастырылған Орталық Азия волонтерлер форумына тобымыздың мүшелері Әділхан Сәрсенов пен Анар Тоқсанова қатысып келді. Күні кеше өткен волонтер жастарға арналған «Қазақстан мен өзбекстан жастарының І Конгресіне» волонтер қызымыз Ризагүл Қуанышева қатысты. Барған жерімізде білім алып, іс-тәжірибе алмасуға тырысамыз. Осындай шаралар волонтер мәдениеті мен портретін қалыптастыруда үлкен рөл атқарады.

Волонтерліктің бәріміз білетін түрі ол – әлеуметтік волонтерлік. Волонтерлікке келген әрбір адам міндетті түрде ең бірінші осы сатыдан өтеді. Әлеуметтік көмек қажет ететін адамдар тобына, яғни қарттарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, ерекше балалар, аз қамтылған, көп балалы отбасыларға жәрдем жасайды. Экологиялық волонтерлік те бұрыннан жақсы қозғалыс ретінде жұмыс істеп келеді. Төтенше жағдай волонтерлері қиын сәтте халыққа өте жақсы көмектесті. Күні кеше Қостанай халқына көрсетілген гуманитарлық көмек соның дәлелі. Медициналық волонтерліктің дамуы енді ғана жолға қойылып келеді, - дейді ерікті.

Мейрамгүл өзінің волонтерлікке қалай келгенін еске түсірді.

Мен Атырау өңірінің тумасымын, мамандығым негізінен қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, қазіргі таңда «АПЕК Тренинг Орталығында» құжаттарды мемлекеттік тілге аударатын аудармашы болып істеймін. Үш баланың анасымын.

2020 жылы наурыз айында отбасымда менің өміріме қатты әсер еткен оқиға болды, оның үстіне елде локдаун жарияланып, онлайн жұмысқа ауыстық. Бәріміз де үйде төрт қабырғаның ішінде отырып қалдық. Көбіне көп шығармашылық бағытта жұмыс істейтін болғандықтан, үйде төрт қабырға ішінде отырып қалу депрессияға әкелді. Осы тығырықтан волонтер досым шығарды. Бұған дейін оның өзінен Атырау волонтерлер штабын құрып, қол ұшын созамын деген жандардың басын біріктіріп жатқанын естіп жүрген едім. Бірақ өз проблемаммен ол жерге қосылуға бастапқыда мүмкін болмады. Атырау волонтерлер штабы сол кездерде өте үлкен ауқымды жұмыстар атқарды, маскалар тігіп, тегін халыққа таратты, 4 000  отбасыға азық-түлік себеттерін дайындап жатты. Бір күні әлгі досым тамақтарды бөлуге көмек керек екенін айтқанда, ойым бөлінсін деп алғаш рет волонтерлікке шықтым. Сол сәттен бастап менің өмірім күрт өзгерді. Қаншама тағдыр, жаутаңдаған жанарлар... Бір есіктің артында екі тағдыр тұрды. Тағдыр тәлкегіне түскен түрлі жандарды көргенде, менің проблемам, өмірден алған соққым мұның жанында түк емес екенін ұқтым. Шүкіршілік етуді үйрендім.

Түсіне белгенге волонтер болу оңай емес. Қазір бейбітшілік кезеңде волонтерлердің көбісі жобалармен жұмыс істеп жатыр. Нағыз волонтерлік ол психологиялық қолдау мен физикалық көмек көрсетуде деп ойлаймын. Шаршайтын күндер көп болады. Бірінші физикалық тұрғыда шаршайсың. Ауыр тамақтар, заттарды жеткізіп беру, әсіресе көп қабатты үйлерге көтеру, арбада отырған жандарға күтім жасау, оларды далаға шығарып серуендету жалғыз адамға қиындық соқтырады, науқастарға оттегі баллондарын тасу көп күшті қажет етті. Екіншіден психологиялық тұрғыда шаршайсың. Біреуді қуантатыныңды ойлап риясыз көңілмен есік қаққан сәтіңде көңілің су сепкендей басылып қалатын сәттер жиі болады. Құлайын деп тұрған үй, балаларына тамақ тауып бере алмай отырған жалғызбасты ана, жалғыз қария... Көп адам жылы сөзге мұқтаж негізі. Жібергісі келмейтін жандар болады, қасында отырып әңгімесін тыңдаймыз кейде, жылы сөзімізді айтып жігерлендіріп кетеміз. Іс-шараларды ұйымдастыратын кезде де қаржы табу қиынға түседі. Біз қарттармен, балалармен жұмыс істейміз. Олардың қолына қуанту үшін бірдеңе ұстатқың келеді. Демеуші іздеуге тура келеді. Аса қатты сезілмегенімен, ол да кейде үлкен мәселе болып қалады. Үйге кіре сала төсегіңе бірден құлайтын сәттер болып тұрады. Бірақ волонтерліктің ләззаты бар. Ол – өз-өзіңе есеп беру. Күні бойы еңбектенген бейнетіңнің артында риясыз қуанған адамдар, шын жүректен төгілген алғыс пен бата сені қанаттандырады.

Волонтерлікте атақ-абырой жинау, мадақ алуды мүлдем ойламау керек. Халықтың алғысынан артық марапат жоқ. Мемлекет тарапынан да марапттар аз болған жоқ. Ең алғашқы марапатымҚР Президентінің «Халық алғысы» медалі мен «Ақжол» демократиялық партиясының «Жан қиярлық күресі үшін» медалі. Бұл менің пандемия кезінде ауруханада қызыл аймақта болып, науқастарға көмек көрсеткенім үшін берілген құрмет деп білемін, - деп сөзін түйіндеді Мейрамгүл Есниязова.

Барлық жаңалықтар