00:00
Астана -10oC
USD:
443.44
EUR:
480.51
RUB:
4.88
Іздеу

Ақтөбелік волонтерлер тұрмысы төмен отбасы балаларына ағылшын тілін тегін оқытып жүр

25.02.2023 | 03:36
Елорда ақпарат
44

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз cөзінде «Волонтерлік – патриотизмнің бір көрінісі. Еріктілер, ең алдымен, елдің игілігіне қызмет етеді. Олар­дың жұмысы азаматтық қоғам­ды одан әрі дамытуға мүмкін­дік береді» деген еді. Мен де осы сөзбен толық келісемін. Еріктілердің саны артып жатқанына қарап, өзіміз құрып жатқан азаматтық қоғамның өркен жая бастағанына көзім жетіп келеді, – дейді фронт-кеңсенің маманы Азат Оразалин.

Оның айтуынша, фронт-кеңсе аясындағы волонтерлердің басым көпшілігі – 18 бен 29 жас аралығындағы жастар. Бүгінде олардың саны 3113 адамға жеткен. Ал жалпы облыста әр түрлі сала бойынша 161 волонтерлік топ жұмыс істейді.

Былтыр 1105 игі іс-шара атқарылды. Соның ішінде жалпыұлттық волонтерліктің негізгі 7 бағыты бойынша біршама жұмыс істедік, – дейді фронт-кеңсе маманы.

  • Айталық, «Сабақтастық» бағыты бойынша, Халықаралық балаларды қорғау күнінде 200 балаға сыйлық таратылып, мерекелік концерт ұйымдастырылған. Сондай-ақ «Мектепке жол»  акциясы аясында 15 отбасыға көмек берілген. Одан бөлек, волонтерлер қаладағы аутизмі бар балаларға арналған «Растемка» оңалту орталығымен де тығыз жұмыс істейді.
  • «Саулық» бағытында волонтерлер қала тұрғындары арасында ұйымдастырылған марафон мен короновирустық инфекцияның алдын алу бойынша өткізілген тұрғындарды ақпараттандыру жұмыстарына белсене атсалысты.
  • «Таза әлем» бағыты бойынша, волонтерлерге арналған эко-лагерь, жалпықалалық сенбіліктер ұйымдастырылған.

  • «Асыл мұра» бағытындағы волонтерлер Қобыланды батыр, Абат Байтақ, Бопай ханым тарихи-мәдени ескерткіштеріне турлар мен сенбілік акциялар өткізіп, тарихи интеллектуалдық ойындар ұйымдастырған.
  • «Қамқор» бағыты бойынша жұмыстар атқаратын еріктілер облыстағы қарттар үйіне тұрақты барып, жалғызбасты қарттарға көмек көрсетіп, қарттарға арналған мерекелік іс-шаралардың басы-қасында жүрген.
  • «Үміт» бағыты бойынша да атқарылған істер аз емес. Мәселен, еріктілер ТЖД-мен бірлесіп ескерту жұмыстарына, төтенше жағдай кезінде көмек көрсету бойынша оқыту курстарына, қыс және көктем мезгілдерінде бау-бақша аймақтарындағы үйлерге ескерту жұмыстарына көмектесіп тұрады.
  • Ал «Білім» бағыты бойынша волонтерлер әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан оқышуларға арналған «Poliglot» курсы аясында оларға  ағылшын тілін тегін үйретіп, пәндер бойынша оқытып, өмірлік дағдыларды меңгеруге септесетін тегін тренингтер мен шеберлік сыныптарын өткізген.

Еріктілердің жәрдемі тиген жұмыстардың тағы бірі ретінде елімізде биылғы төтенше жағдай уақытында блок-бекеттегі құқық-қорғау органдарының қызметкерлеріне, әскери адамдарға үш мезгіл уақытта ыстық ас жеткізіп, күні-түні тәртіп сақшыларына қолдау көрсетуден аянбағанын айтуға болады, – дейді Азат Оразалин.

Облыстық фронт-кеңсе аясында волонтерлерді ынталандыру үшін түрлі іс-шаралар қолға алынған. Мысалы, былтыр ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Облыстық жастар сыйлығы – 2021» 30 жасқа табысталды. Соның ішінде «Үздік волонтерлік топ» номинациясы бойынша «Жұбанов жылуы» және «Қарекет волонтерлік тобы» марапатталды.

Ал желтоқсан айында Халықаралық волонтерлер күніне орай «Еңбегі елеулі еріктілер» атты облыстық волонтерлер кеңесінің форумында жақында құрылған волонтерлік кеңестің төрағасы мен Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы арасында волонтерлік қызметті дамыту бойынша екіжақты меморандумға қол қойылды. Іс-шара соңында волонтерлік қозғалысқа қолдау білдірген мекемелер мен үздік волонтерлік топтарға алғыс хаттар, сондай-ақ Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарының киелі жерлеріне екі күндік саяхатқа тегін жолдама табысталды.

Барлық жаңалықтар