00:00
Астана -10oC
USD:
443.44
EUR:
480.51
RUB:
4.88
Іздеу

Солтүстік Қазақстан облысында тағы да құс тұмауы тіркелді

24.02.2023 | 17:02
Елорда ақпарат
41

Бұл жолы індет Солтүстік Қазақстан облысында тағы да тіркелді. СҚО ветеринария басқармасының мәліметінше, ауру ошағы Тимирязев ауданы, Интернационал ауылдық округіне қарасты Дружба елді мекенінде 228 құс, соның ішінде 174 тауық, 21 қаз және 33 күрке тауық қырылып қалған.

«Төрт үйдің ауласындағы құстардан ауруға тән белгілер анықталды. Яғни, қанаттылар дұрыс жүре алмай, бастарын артқа шалқайта берді. Олардың дене қызуы көтеріліп, айдарлары көгерді, тұмсықтарынан қан кетті. Диагнозды растау үшін Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық референттік орталыққа патологиялық материал сараптамаға жіберілді. Нәтижесінде құс тұмауы диагнозы қойылды. Ауру жайылмас үшін құстардың 230 өлексесі мал қорымында өртелді. Құс иелерінің қора-қопсылары мен үйлердің ауласы зарарсыздандырылды», - дейді ветеринарлар.

Бүгінгі таңда Дружба елді мекенінде 88 үй түтін түтетіп отыр. Олардың 1700-ден астам құсы бар. Белгілі болғандай, құс тұмауы дала құстарынан жұққан. Ауру анықталған үйлердің барлық құстары жойылды. Аз ғана құс қырылғандықтан бір ғана үй оқшауланды. Күнделікті мониторинг жүргізетін ветеринарлар 1600 құсқа вакцина салды. Үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында 600 басқа екпе егілген екен.

Өткен айда Мағжан Жұмабаев ауданындағы Лебяжье ауылында да құс тұмауы тіркеліп, бір мыңнан астам үй құсы қырылған болатын. Сол жолы елді мекен толықтай карантинге жабылды.

Барлық жаңалықтар