00:00
Астана -10oC
USD:
476.27
EUR:
515.47
RUB:
5.41
Іздеу

Туристік полиция елорда қонақтарына көмек көрсетті

03.07.2024 | 14:58
126
 Туристік полиция елорда қонақтарына көмек көрсетті
фото: polisia.kz

Туристік полиция елорда қонақтарына көмек көрсетіп жатыр, деп хабарлады Elorda.info Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Елорданың туристер көп келетін орындарында заманауи модуль түріндегі стационарлық туристік полиция бекеттері орнатылған. Туристік полицияның негізгі міндеттері – туристер мен қала қонақтарын қызықтыратын сұрақтар бойынша кеңес беру, ақпараттандыру және қауіпсіздікті қамтамасыз ету.

Туристік полиция қызметкерлерінің басты критерийлерінің бірі – шет тілдерін білу. Өйткені оларға күн сайын шет мемлекеттерден қала қонақтары келіп жатады. Осы бөлімше қызметкерлері жұмыс істеген жылдар ішінде қызметтің тиімділігін көрсетті. Туристік полиция қызметкері Жеңіс Өнербек өзінен көмек сұраған Қытай азаматына көмектескен.

Қонақ Астананың көрікті жерлерінің навигациясы мен картасын өз бетімен анықтай алмағандықтан оған ұйғыр, ағылшын және қытай тілдерін білетін полиция қызметкері кеңес беріп, елорданың басты көрікті жерлері қайда орналасқанын түсіндіріп жол сілтеді. Қонақ тәртіп сақшының бұл әркетіне таң қалып, оның көрсеткен көмегі үшін алғысын білдірді.

Сонымен қатар Гуанчжоудан келген студенттерге де қаланың қай жерінде уақытын тиімді өткізуге болатынын қытай тілінде түсіндірді. Келген қонақ жігіттер алғысын айтып, Астананың өте әдемі әрі таза қала екенін атап өтті.

Елорданы тамашалауға және қаламыздың көрікті жерлерін аралауға келген Түркия азаматы Хан-Шатыр аумағында орналасқан туристік полиция модульдерінің біріне хабарласқан. Қызықты және көрнекті орындар туралы білу үшін шетелдік ақпарат алуға жақын жердегі модульге барған. Дер кезінде орнынан табылған ағылшын және араб тілдерін жетік меңгерген туристік полицей Мақпал Төлеуғазина қонаққа мәдени орындарға қалай бару керектігін жан-жақты түсіндіріп берген.

Бұған қоса туристік полицияға шетелден келген қонақтар ғана емес, қала тұрғындары да хабарласа алады. Аталған бөлімшенің полиция қызметкерлері туристерге көмек көрсетумен қатар, құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау, ақпараттық қызмет көрсету, туындайтын мәселелерді шешуге, азаматтардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етуге жәрдемдеседі. Туристік полиция модульдері мен жеке құрамы барлық қажетті материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Барлық жаңалықтар