00:00
Астана -10oC
USD:
443.37
EUR:
474.49
RUB:
4.83
Іздеу

Суицидтің алдын алуға болады – сарапшы

11.10.2023 | 07:00
78
Фото: ашық дереккөз

Суицидпен күрес кез келген елде маңызды міндет болып табылады. Оның қоғамға әкелер зардабы зор, өйткені әр адамның өмірі қымбат, әрбір қыршынынан қиылған тағдыр трагедия. Астана қалалық психикалық денсаулық орталығы диспансерлік бөлімшесінің меңгерушісі Анар Тастембекова Elorda.info тілшісіне суицидтің жалпы себептері және мұндай қайғылы оқиғалардың алдын алу жолдары туралы айтып берді.

- Суицидтің ең көп тараған себептері қандай?

Қазіргі тұжырымдамаларға сәйкес, суицид - адамның дағдарыс жағдайындағы әрекеттерінің бірі.

Өмірден түңілуге көбінесе психикалық соққылар әсер етеді. Олардың ішінде кез келген жанға ауыр тиетін жақын адамның қайтыс болуы, дендеген ауру салдары сияқты объективті себептер, сондай-ақ зорлық-зомбылық, сәтсіз махаббат, жұмысынан айырылу, мансаптың құлдырауы тәрізді субъективті себептер де бар. Бұл жерде тұлғааралық, көбінесе отбасылық қатынастарда ұзаққа созылған психикалық жарақат салатын жағдайлар да маңызды орын алады.

Депрессия, невроз, үрейлі шабуыл, сананың тұмандануы, сандырақ синдромдары және т.б. психикалық аурулар да суицидке әкелуі мүмкін. Кейбір шизофрения және алкоголизм сияқты психикалық аурулар генетика арқылы беріліп, өз кезегінде суицид қаупін одан сайын арттырады.

Суицидтің алдында депрессия пайда болатындықтан, оның белгілерін ерте тану және емдеу өз-өзіне қол жұмсаудың алдын алудың маңызды факторы болып табылады.

Тағы бір назар аударатын қауіпті фактор – адамда бұрын-соңды суицидтік әрекеттердің болуы, сондай-ақ туыстарының арасында осындай жағдайлардың болуы.

Адамның әлеуметтік оқшаулануы да көңілсіз ойлар мен үмітсіздікті туындатады. Мұндайда неғұрлым туыстар мен достардың қолдауына сүйенген дұрыс. 

- Адамның өз-өзіне қол жұмсауға деген ниетін қайдан білуге болады?

Өз-өзіне қол жұмсайтын адамдардың шамамен 80%-ы өздерінің ниеттері туралы алдын-ала сездіреді, бірақ бұл анық болмауы мүмкін. Әдетте ондай адамдар өзінің түкке тұрғысыз, дәрменсіз және үмітсіз жағдайы туралы айтуы мүмкін.

Өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін жанды "терминалды мінез-құлқынан" да тануға болады. Мәселен, адам өз істерін ретке келтіріп, дүние-мүлкін тарата бастайды. Бірақ әңгімесінің көбі қайғы мен үмітсіздік туралы болады.

Сондай-ақ жақын адамның қайтыс болуы, ажырасу, жұмысынан айырылу, зейнеткерлікке шығу, жыныстық зорлық - зомбылық, қажетсіз жүктілік, масқара болу және қорлау әрекеттері суицидтік тәуекелді арттыруы мүмкін.

- Әлдекімнің суицид жасауы мүмкін екенін сезген жағдайда не істеу керек?

Сіз одан суицид туралы не ойлайтынын сұрауыңыз керек. Егер жауап өз-өзіне қол жұмсау мүмкіндігіне күдік туғызса, бұл адамды маманға жіберу керек. Мұның дер шағында алдын алуға болады, өйткені адам бұл жағдайда үнемі болмайды. 

- Қоғам өз-өзіне қол жұмсау індетіне қалай қарсы тұра алады?

Көптеген оқу орындарында студенттер мен оқытушылар үшін болжамды суицид белгілерін анықтауға үйрететін бағдарлама енгізілді. Сондай-ақ, өткен жылы елімізде 1 456 денсаулық сақтау маманы суицидтің алдын алу бойынша біліктілігін арттырды.

Адамның өмірін қиятын құралдардың қолжетімді болмауы да қоғамдағы суицидтің азаюына ықпал етеді. Мысалы, адамдарға көпірден секіруге мүмкіндік бермейтін тосқауыл қоюдың тиімділігі дәлелденді. Бұл әдістер адамның өз-өзіне қол жұмсау ниетіне дереу кедергі жасауға мүмкіндік береді, нәтижесінде оның суицидтік ойлары өзгеріп, мұндай шешімінің күші жоғалады. Кедергілер кейбір жағдайларда өмірін қиюға әрекет жасап жатқан адамға кездейсоқ құтқарушының араша түсуіне мүмкіндік береді.

Бірақ мәселенің түп-тамыры туралы айтатын болсақ, менің ойымша, қоғамда адамдардың психикалық сауығуына ықпал ететін білім белсенді түрде насихаттауы керек.

Барлық жаңалықтар