00:00
Астана -10oC
USD:
441.66
EUR:
475.14
RUB:
4.86
Іздеу

МӘМС жүйесін жетілдіру үшін елордада қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

28.02.2024 | 04:03
106

Ай сайын жалақысынан жарна аударатындар осының игілігін толық көріп отыр ма? Бұл жүйеге неге шағым көп? Elorda.info тілшісінің осы және өзге де сұрақтарына «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Астана қаласы бойынша филиалы директорының орынбасары Сандуғаш Болысбекова жауап берді. 

- Сандуғаш Қиясбайқызы, алдымен МӘМС бойынша қандай медициналық қызметтер тегін көрсетілетіне тоқталып өтсеңіз. 

МӘМС жүйесінде сақтандырылған мәртебесі бар азаматтар Денсаулық сақтау министрінің  2020 жылғы 30 қазандағы № ҚР ДСМ-170/2020 бұйрығында ұсынылған медициналық қызметтерге тегін қол жеткізе алады. Атап айтатын болсақ,  диагностикалық және лабораториялық диагностика УЗИ, рентген, КТ, МРТ қызметтері, мамандандырылған, оның ішінде жоғары технологиялық, стационарлық медициналық көмек кіреді. Сонымен қатар медициналық оңалту, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, профилактикалық медициналық тексерулер мен учаскелік дәрігердің нұсқауы бойынша арнайы маманданған дәрігердің қабылдауы және кеңес беруі де тегін жүргізіледі.  Одан бөлек созылмалы дертке шалдыққан жандар бейінді мамандардың бақылауында бола алады. Уәкілетті орган бекіткен тізбе бойынша халықтың жекелеген санаттарына шұғыл және жоспарлы нысанда стоматологиялық көмек көрсетіледі. Сондай-ақ құны қымбат түрлі оталар да МӘМС негізінде тегін жасалады. Осы орайда мемлекет тарапынан тегін медициналық кепілдендірілген көмек бар екенін атап өткім келеді. Оған шұғыл медициналық көмек көрсету, жедел жәрдем шақыру, учаскелік дәрігер қабылдауында болу  қызметтері кіреді. Бұл көмекті МӘМС жүйесінде сақтандыру мәртебесі болмаса да, барлық азаматтар ала алады. 

- 2023 жылдың қорытындысы бойынша елордалықтар МӘМС жүйесіне қанша жарна мен аударым жасаған?

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру үшін түскен барлық жарна аударымдары Ұлттық банкте сақталады. Олар медициналық қызметтер ақысын төлеуге ғана жұмсалады. 2023 жылы Астана қаласы бойынша МӘМС үшін 83 млрд 150 млн теңге көлемінде жарналар мен аударымдар жасалды. Оның ішінде жұмыс берушілерден 46 млрд 338 млн, жұмыскерлерден  30 млрд 480 млн, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша жұмыс істейтін тұлғалардан - 1 млрд 633 млн, жеке кәсіпкерлерден 3млрд 765 млн, бірыңғай жиынтық төлем 133,4 млн және дербес төлеушілерден - 649,7 млн теңге түсті. 

-Бүгінде қанша елордалық медициналық сақтандыру жүйесінің қатысушысы болып саналады? Қаншасы сақтандырылмаған? Оның себебі неде? 

1 ақпандағы жағдай бойынша елордада 1 430 136 адам тұрады. Оның ішінде 1 119 165 адам сақтандырылған. Ал 310 мың адам сақтандырылмаған. Олардың бір бөлігі бейресми жұмыс істейді, жұмыс беруші олар үшін тиісті жарналар мен аударымдарды төлемейді. Одан бөлек өзін-өзі жұмыспен қамтығандар салық органдарында тіркелместен табыс тауып жүр. Сондай-ақ,  еш жерде жұмыс істемейтін адамдарға келетін болсақ, оларға тұрғылықты жері бойынша Жұмыспен қамту орталығына барып, жұмыссыз ретінде ресми түрде тіркелуді ұсынамыз. Бұл жұмыссыз ретінде ресми түрде тіркелген азаматтарға 15 жеңілдік санатына кіруге мүмкіндік береді. Оны мемлекет қаржыландырады.  Соның нәтижесінде, олар медициналық көрсеткіштері болса, МӘМС аясында барлық қызметтерді ала алады. «Сақтандырылмағандар» МӘМС жүйесіне кірмесе де, мемлекет кепілдік берген медициналық көмекке тегін жүгіне алады. 

-Бүгінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, жұмыс берушілер мен жалдамалы жұмыскерлер үшін айына қанша жарна ұсталады?

Елімізде жыл сайын ең төменгі жалақы мен айлықтық есептік көрсеткіштер өзгеруіне байланысты жарна мөлшері де өзгереді.  Осы жылдан бастап бірыңғай жиынтық төлем  алынып тасталды. Себебі ол уақытша енгізілген болатын.  Жұмыс берушілер қызметкер үшін жалақының 3 пайызы мөлшерінде аударым жүргізеді. Бұл қаражат қызметкердің жалақысынан ұсталмайды, оларды жұмыс беруші кәсіпорын есебінен төлейді. Ал жұмыскерлер МӘМС-ке ай сайынғы табысының 2 пайызы  мөлшерінде жарна аударады. Жеке кәсіпкерлер 5 950 теңге төлейді. Бұл 1,4 еселенген ең төменгі жалақының 5 пайызына тең. 2024 жылы: (1,4 * 85 000) * 5% = 5 950 теңге. Егер жеке кәсіпкер есебін «нөлмен» тапсырса, бірақ өз қызметін ресми түрде тоқтатпаса, онда ол Салық кодексі талап еткендей жарналарды төлеуді жалғастыруы керек екенін есте ұстаған жөн. Әйтпесе, қарыз пайда болады.

- Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар сақтандыру мәртебесін қалай алады?

Мұндай санаттағы азаматтар екі жолмен төлем жасай алады. Бірінші жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, жарна төлейді немесе дербес төлеуші ретінде төлем жасайды. Дербес төлеушілер үшін жарна мөлшері - 4 250 теңге. Ол мына формула бойынша есептеледі: 5% * 1 ЕТЖ = 4 250 теңге. Осы орайда сақтандырылмаған азаматтар жүйе қатысушысы болу үшін жарналарды алдағы 12 айға дербес төлеуші ретінде төлей алады, әр ай үшін төлемді жеке-жеке төлеген жөн. Бұл жағдайда өткен айлардағы қарыздар болсада жойылады. Сөйтіп, азамат алдағы бір жылда МӘМС жүйесінде сақтандырылған мәртебесін иеленеді. 15 жеңілдік санатына кіретін азаматтар үшін мемлекет ай сайын 5852,63 теңге жарна төлейді. 

- Қала тұрғыны сақтандырылған болса да,  өзі кез келген емханаға жүгініп, қалаған медициналық көмекті ала алмайтынына не себеп?

Азаматтардың емханаға тіркелуі МӘМС жүйесінде өте маңызды. Себебі тіркелген емханада азаматтың денсаулығы туралы барлық ақпарат учаскелік дәрігерінің бақылауында болады. Уақытылы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етеді, динамикалық бақылауда болады. Қажет болған кезде жоспарлы емге науқасты дайындайды. Емхананы таңдау кезінде оның үйге жақын орналасуын ескеру қажет. Ол учаскелік дәрігерге де, науқасқа да ыңғайлы.Айта кетейік, жыл сайын 15 қыркүйек пен 15 қараша аралығында емхананы еркін таңдау науқаны жүргізіледі. Осы кезде өзі таңдаған емханаға тіркелуге болады. Бұл кезде де емхананың орналасқан жері жақын, таңдаған учаскесінде 1700 тұрғыннан аспауын ескеру керек. 

-Әдетте емханада тегін медқызмет алу үшін ұзын-сонар кезек болып жатады. Бұл мәселе қалай шешілуде?

Қазіргі уақытта сұраныстың көптігінен медициналық қызметтерді уақытылы алуда кезек күту проблемалары бар екені жасырын емес.  Негізі МӘМС жүйесінде науқас дәрігер қабылдауын 10 күннен артық күтпеу керек. Бұл мәселені  шешу үшін қосалқы мердігер, яғни бірлескен орындаушы ұйымдармен келісімшарт жасап, басқа ұйымдарға кандай да бір медициналық қызмет түріне жолдама беріп, науқасты қажетті көмекпен қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр. Басты талаптың бірі медициналық ұйымның Әлеуметтік медициналық сақтандыру корының қызмет жеткізушілер тізімінде болуы қажет. Оның ішінде республикалық ұйымдарға да жолдама беріліп, қызметтер көрсетіліп жатады. 

- Бүгінде МӘМС бойынша қандай оталар тегін жасалады?  Былтыр қанша адам тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді?

Медициналық көмек көрсету аясында науқас жағдайына қарай оталар шұғыл түрде және жоспарлы түрде жасалады. Шұғыл ота түскен науқастың сақтандырылған мәртебесіне қарамайды, МӘМС қатысушысы болса да болмаса да тегін жасалады. Ал жоспарлы ота  науқастың медициналық көрсеткіштеріне байланысты алдын ала жоспарланады. 2023 жылдың қорытындысы бойынша МӘМС аясында құны 75,6 млрд  болатын 123 039 ота жасалды. Оның ішінде нейрохирургиялық 5 942, кардиохирургиялық 8 380, ортопедиялық 9 438 ота жасалды. 8 079 науқасқа мамандандырылған, оның ішінде жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетілген ота жасалды.  Сонымен қатар  былтыр Астана қаласы бойынша  132 452 пациент 18,8 млрд теңгеге тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді. 

Әдетте тегін ота жасатуға кезек көп деп айтып жатады. Оның өз себебі бар. Науқас ота жасату үшін бір ұйымды немесе арнайы бір хирургты таңдап жатады. Ал ол дәрігер айына белгілі бір сағатпен ғана ота жасауы мүмкін. Осылайша кезек пайда болады. Мәселен елордаға басқа өңірлерден  келіп, қаладағы республикалық медициналық орталықтарда, қалалық ауруханалардағы  білікті мамандардарды таңдап, ота жасататындар көп. Бүгінде тегін ота ішінде құлақ, тамақ және мұрын аурулары бойынша кезек көп. Жалпы кезек күтіп қалу науқастың қай дәрігерді таңдауына байланысты. 

-Тұрғындар ай сайын сақтандыруға аударып отырған жарнаның игілігін көріп жүр деп айта аласыз ба?

Иә, жоғарыда айтқанымдай, сақтандыру жүйесінің игілігін көріп, тиімділігіне көз жеткізген пациенттер жетерлік. Бұл сала деңгейінің артқанын көрсетеді.  Жоғары технологиялар енгізілуде. Жүрек-қан тамырлары, нейрохирургиялық операциялар, трансплантациялар саны бұрынғымен салыстырғанда жылдан жылға артуда. Оталардың мөлшері де артты. Ота жасалған науқастар уакытылы оңалтудан өтеді. Біздің елде әлеуметтік негізде құрылған МӘМС жүйесі сақтандырылған азаматтардың төлеген жарна көлеміне қарамай, медициналық көрсеткіштері болса, барлық қызметті ала алады. Сақтандырылған азаматқа, тіпті ең төменгі мөлшерде жарна аударған болса да, кез келген уақытта құны миллиондаған қымбат оталар, зерттеулер, басқа да медициналық қызметтер қолжетімді, яғни науқас үшін тегін МӘМС есебінен көрсетіледі. Мұның бәрі – сақтандыру жүйесінің артықшылықтары деп айтуға болады.

- МӘМС жүйесін жетілдіру үшін елордада қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

Астанада Денсаулық сақтау басқармасы басшылығымен бірлесіп, әкім орынбасарларының төрағалығымен, тұрғындармен кездесулер үздіксіз өткізіліп тұрады  Қор филиалы тарапынан  халық арасында МӘМС жүйесі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, медициналық мекемелердің қызметкерлерімен апта сайын МӘМС заңы аясында түсіндірме жұмыстары үнемі жүргізіледі. Сондай-ақ, медицина қызметкерлерінің жүйе бойынша білімін арттыру мақсатында оқу курстары өткізіліп, онлайн/офлайн негізінде тестілеу жүргізіледі. Ал тұрғындар тарапынан өтініш-шағымдар болса, медициналық қызметтер алу кезінде қандай да бір сұрақтар туындаса, Медициналық сақтандыру қорына Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы, @saqtandyrybot телеграмботы, 1414 байланыс орталығы Қордың fms.kz сайты арқылы хабарласа алады. 

-Сұхбатыңызға рахмет!

Барлық жаңалықтар