00:00
Астана -10oC
USD:
444.14
EUR:
477.05
RUB:
4.85
Іздеу

Елімізде әйелдер арасында сүт безі обыры өршіп тұр

11.03.2024 | 11:32
68
фото: ser-per.kz

Дегенмен онколог мамандар мәселеге ерекше мән беріп, обырдың ерте анықталуына бағытталған скринингтік бағдарламалардың маңызына назар аударуды сұрайды.

Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының мәліметіне сәйкес, жыл сайын Қазақстанда 40 мыңға жуық адам түрлі қатерлі ісікке шалдығады. 2023 жылдың қорытындысы бойынша 218 мыңнан астам қазақстандық онкологиялық есепте тұр. Ал былтыр 12 мыңнан астам науқас қатерлі ісіктен қайтыс болған.

Қазақстанда қатерлі ісіктің ең көп таралған түрлеріне сүт безі обыры, колоректальды қатерлі ісік, жатыр мойны обыры, асқазан қатерлі ісігі мен өкпе обыры жатады.

Сүт безі обыры – әйелдерде ең көп кездесетін қатерлі ісік түрі. Соңғы 15 жылда бұл ауру түрі бірінші орыннан түспей келеді. Ал онкологиялық өлім деңгейі бойынша көкірек обыры төртінші орында орналасқан.

Ұлттық ғылыми онкология орталығының ресми сайтында жарияланғандай, сүт безінің қатерлі ісігі әлемде де әйелдер арасында ең көп таралған обыр түрі ретінде танылған. Ол 13 пен 90 жас аралығындағы әйел адамдарда кездеседі. Жыл сайын Қазақстанда 5 мыңға жуық адамнан сүт безі обыры анықталады. Жыл сайын шамамен 1200 әйел обыр салдарынан көз жұмады.

Атыраулық қырық жастағы Айгүл Қосаева сүт безі обырына шалдыққанын екі жыл бұрын білген.

2022 жылдың жазында омырауым тастай болып, қатып тұрды. Өзімді әлсіз сезініп, көкірегім ауырсынып жүрді. Сосын терапевтке қаралдым. Ол онкология бөліміне жіберді. Ол жерде анализ тапсырдым. Сол анализден бәрі анықталды. Менде обырдың екінші кезеңі. Сегіз химиотерапия алдым, – дейді ол.

Сондай-ақ 2023 жылы оның сол жақ омырауына ота жасалып, алып тасталған. Бұдан соң 1 ай бойы сәулелік терапия алған. Қазіргі кезде әр 21 күн сайын инъекция алып, дәрі ішіп тұрады.

Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен сүт безі обырын емдеу әдістеріне хирургиялық ота жасату, химиотерапия мен сәулелік терапиядан өту шаралары жатады.

Шардара аудандық орталық ауруханасында онколог-маммолог болып жұмыс істейтін Жанат Бақытованың сөзінше, үкімет ұсынған түрлі скринингтік бағдарламалар бар. Одан белгілі жас аралығындағы әйелдер тегін өте алады. Өйткені обыр ерте кезеңде анықталса, оны толықтай емдеп шығудың мүмкіндігі артады. Сондықтан дәрігерлер әйелдердің  жыл сайын тексеруден өтуіне кеңес береді.

Қазақстанда тегін онкоскринингтің 3 түрі бар. Атап айтқанда, 2 жылда бір рет өтетін сүт безі обыры скринингі (40 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдерге арналған), 4 жылда бір рет өтетін жатыр мойны обыры скринингі (30 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдерге арналған) және 2 жылда бір рет өтетін тоқ ішек обыры скринингі (50 жастан 70 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдерге арналған).

Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының онкологиялық қызмет мониторингі және скрининг бөлімінің бас маманы Мұратжан Сақтағанов берген ақпаратқа сүйенсек, 2023 жылы сүт безі обыры скринингінен 918 464 адам өткен. 2022 жылы бұл көрсеткіш 808 503 адамға жеткен.

Онкологиямен ауыратын науқастардың электрондық тіркелімінде былтыр скрининг нәтижесінде 1875 адамнан омыраудың қатерлі ісігі анықталғаны жазылған. 2022 жылмен салыстырғанда науқас саны біршама өскен, себебі сол жылы 1570 әйелден бұл дерт табылған. 1009 адамның ісігі 1-кезеңді көрсетіп отыр. Жалпы алғанда өсім байқалды.

Елордалық «Зере» емханасында онколог-маммолог болып қызмет ететін Әділқазы Тұрсын көкірек қатерлі ісігінің пайда болуына нақты себеп жоқ екенін айтты.

Неліктен пайда болатыны белгісіз болса да, әсер ететін факторлар көп. Мәселен, генетика арқылы анадан балаға берілуі ықтимал. Сондай-ақ стресс секілді сыртқы триггерлер, қалқанша безі аурулары, жыныстық гормондардың дұрыс өндірілмеуі сүт безі кұрылымының өзгеруіне алып келуі мүмкін, – дейді онколог.

Жанат Бақытова да обырдың нақты неден пайда болатыны әлі белгісіз деген пікірмен келіседі.

Дегенмен, профилактикамен айналысу өте маңызды. Әсіресе онкологияға алып келетін ауруларды соңына дейін емдеу керек. Мысалы, асқазаныңызда гастрит болса, оны толығымен емдесеңіз, ол онкологияға айналмайды. Ал егер соңына дейін емдемесеңіз, ары қарай онкологияға өтіп кетуі әбден мүмкін, сонысымен қауіпті. Сондықтан қазір Қазақстанда онкологияға алып келетін аурулардың алдын алу қарқынды түрде жүріп жатыр, – дейді ол.

Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының ақпаратына сәйкес, 2023 жылы 5507 әйелге сүт безі қатерлі ісігі диагнозы қойылды. Өңірлер бойынша Алматы қаласы бірінші орында тұр (794 адам). Екінші орында Астана қаласы (477 адам), үшінші орында Қарағанды облысы (459 адам) болса, төртінші-бесінші орындарда Қостанай облысы (325 адам) мен Шығыс Қазақстан облысы (304 адам) тұр.

2022 жылы жалпы науқас саны 5171 болған, яғни бір жылда ауру көрсеткіші артқан.

Қазір онкологияның көбеюіне байланысты дәрігерлер дабыл қағып жатыр. Әлеуметтік желілерде пайдалы ақпараттар бөлісіп, халықтың медициналық сауаттылығын көтеруге тырысып жатыр, – дейді Жанат Бақытова.

Елдегі әйелдердің көпшілігі жыл сайын скрининг жасап, тұрақты түрде тексерістен өте бермейді. Мәселен, 48 жастағы талдықорғандық Гүлшат Тұрсынханқызы сүт безі обырын анықтайтын скринингтен өтпейтінін айтады.

Жалпы бұл ауру туралы аса көп нәрсе білмеймін, тіпті мән бермеймін де. Шынымды айтсам, мұндай скринингтерден өтіп жүретін уақытым да жоқ, – дейді ол.

Десек те, омырау обырының қатерін түсінетін жандар да аз емес.

Омыраудың қатерлі ісігі туралы жиі естимін. Оның асқынып кетуіне жол бермеу үшін жыл сайын маммография жасатып, скринингтен өтіп тұрамын, – деді Астана қаласында банк саласында істейтін  Жанар Жотайқызы.

Онколог мамандардың айтуынша, скринингтік бағдарламалардан өту аса маңызды.

Скринингтік бағдарламадан уақтылы өтіп жүру керек. Тіпті жасыңыз жетпесе де, жыл сайын тіркелген емханаларда маммологқа қаралу керек. Сонымен қатар стресске берілмеу, фаст-фудпен тамақтанбау, спортпен айналысу обырдың алдын алуға үлкен септігін тигізеді, – деп кеңес береді онколог-маммолог Әділқазы Тұрсын.

Сүт безі қатерлі ісігі өзекті мәселеге айналып бара жатқандықтан, биыл ақпан айында Қазақстанда осы обырға қарсы алғашқы ұйым құрылды. Оның негізін Назарбаев университетінің студент қыздары қалаған.

Breast Cancer Awareness Foundation (BCAF) – сүт безі қатерлі ісігін ерте анықтаудың маңызы туралы айтып, Қазақстан әйелдеріне көмектесуге бағытталған алғашқы коммерциялық емес ұйым.

Біздің мақсат – ел тұрғындарының сүт безі обыры туралы білімін кеңейту. Ұйым Назарбаев университетінде, Астана қаласында және обыр көп кездесетін солтүстік аймақтарда іс-шара ұйымдастырумен айналысады. Біз сүт безі обырының себептері, түрлері, белгілері, қауіптері мен диагностикалау әдістері туралы ақпаратты әлеуметтік желілерде бөлісеміз. Көктемде бір іс-шара өткізу жоспарда бар. Бұл шараға кіру ақылы түрде болады, өйткені фестивальден жиналған қаражат қатерлі ісікке шалдыққан жандарға аударылады, – деді ұйымның негізін қалаған Дамира Шертай, Мақпал Акишова және Арайлым Мырзағалиева.

Барлық жаңалықтар