00:00
Астана -10oC
USD:
443.35
EUR:
475.54
RUB:
4.82
Іздеу

Елімізде алғаш рет екі науқастың жүрегіне отандық коронарлық стент қойылды

14.12.2023 | 15:00
37
фото: gov.kz

Астанада №2 Көпбейінді қалалық ауруханада дәрігерлер коронарлық стент имплантациялау кезінде алғаш рет Қазақстанда жасалған стентті қолдана бастады. Жақында екі науқасқа отандық стент қойды. Мұндай ота МӘМС аясында тегін жасалады, деп хабарлады Elorda.info «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Астана қаласы бойынша филиалына сілтеме жасап.

Жүрегіне отандық стент қойылған науқастың бірі – Айша Кәрібайқызы, ол – 68 жаста. Өте ауыр жағдайда жансақтау бөліміне түскен. Онда 5 күн жатқан. №2 Көпбейінді қалалық аурухана дәрігерлерінің арқасында түзеліп, науқастың жүрегіне бірінші рет стент орнатылған. Енді емін палатада жалғастыруда.

Маған жаңа, Қазақстанда жасалған стент қойды. Ешқандай ақы төлеген жоқпын, бәрі МӘМС бойынша. Қазір жағдайым жақсы. Бәріне алғысым шексіз, – дейді 68 жастағы астаналық.

Стент – қан ағымын қалпына келтіретін кішкене түтік. Қан айналымын қамтамасыз ету үшін зақымдалған қан тамырына енгізіледі.

Біздің аурухана жағдайында Қазақстанда алғаш рет миокард инфаркт болған екі пациентке елімізде жасалған коронарлық стент орнатылды. Айта кету керек, бұл стент сапасы жағынан, өтімділігі жағынан шетелдік брендтерден кем түспейді. Сондай-ақ, үлкен сызығы бар, бұл стенттердің мөлшері бойынша біз үшін маңызды.
Алдағы уақытта отандық стент жасау өндірісі артады деген үміттеміз.Операциялардың барлығы ТМККК аясында, сондай-ақ МӘМС жүйесі бойынша науқастарға тегін жасалады, - деп түсіндірді Астанадағы №2 Көпбейінді қалалық аурухананың интервенциялық кардиология және аритмология бөлімінің меңгерушісі Темірбек Жанпайызов.

0eb04f0d08256032cfea7bc210dddf71_1280x720.jpeg

Коронарлық тамырларды стенттеу аз инвазивті әдіспен емдеу түріне жатады. Қан тамырларының тарылған аймағын кеңейтетін құрылғы орнатылады.

Ауруханаға түсем дегенше, жағдайым нашарлап қалды. Бұрын да жүрегіме 2-3 рет стент қойылған болатын. Бұл жолы қазақстандық стент қойдық деді дәрігерлер. Еш айырмашылығын сезбедім. Қазір жақсымын, – дейді жүрегіне отандық стент қойылған екінші науқас Кәрім Жанаспаев.

Айта кетейік, 2023 жылдың басынан Астана қаласында МӘМС есебінен 23 млрд теңгеден астам сомаға жоғары технологиялық медициналық қызметтер бойынша 14 000-нан аса ота жасалды. Мысалы, 2023 жылдың 10 айының қорытындысына сүйенсек, Астана қаласы бойынша 10,3 млрд теңге сомасына 1568 кардиохирургиялық операция жасалған.

Барлық жаңалықтар