00:00
Астана -10oC
USD:
442.05
EUR:
474.14
RUB:
4.74
Іздеу

Білім саласындағы реформалар оқу жүйесіне серпін береді – Ұлттық білім академиясының вице-президенті

18.05.2023 | 12:30
64
фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Қазіргі білім беру жүйесі бәсекеге қабілетті маман даярлауды мақсат етеді. Заманауи білім беру жүйесі уақыт өте келе қайта қарастырылады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әрқашан ел халқына Жолдауында білім беру саласына тоқталып, ұлт сапасын жақсарту үшін жаңа бағыттарға тоқталады. Білім беру саласындағы реформаларға байланысты Elorda.info тілшісі  Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Әлия Чокушевамен тілдесіп,  оның оқу бағдарламаларына өзгерістер енгізу, мектепте білімді бағалау және ауыл мен қала мектептеріндегі білім беру жүйесі туралы пікірін білді. 

- Әлия Иағалиқызы, Мемлекет басшысы орта білім беру сапасын арттыру үшін шешуші қадамдар жасау қажеттігі туралы айтты. Қазіргі таңда Ұлттық білім академиясының қатысуымен қандай жұмыстар атқарылып жатыр? 

Ұлттық білім академиясы білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының мазмұнын, үлгілік оқу бағдарламаларын қайта қарау бойынша жұмысты бастады.  Осы мақсатта ҚР Оқу-ағарту министрінің бұйрығымен үздік практик-мұғалімдер, жетекші педагогтер, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының ғалым-практиктері, өңірлік әдістемелік орталықтардың әдіскерлері, Академияның ғылыми қызметкерлері және республикалық ұйымдардың сарапшылары қатарынан жұмыс тобы құрылды. Пәндер бойынша оқу бағдарламаларының мазмұнын жетілдіру жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленді.  Оқу бағдарламаларының мазмұнын жетілдіру бойынша жұмыс онлайн және офлайн форматта жүргізіледі. Оқу бағдарламаларының мазмұнын жобалау кезінде тақырыптарды зерттеудегі сабақтастықты, әсіресе 4-тен 5-ке, 9-дан 10-сыныпқа көшу кезінде, оқушылардың жас және физиологиялық ерекшеліктерін ескере отырып, дәйектілік, пәнаралық байланыс және интеграцияны қамтамасыз етуге баса назар аударылады.

- Білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты мазмұның халықаралық деңгейде зерттеу қандай нәтиже берді?

Халықаралық және ұлттық зерттеулердің нәтижелері мазмұнды қайта қарауға негіз болды.  Жалпы, әлемдік тәжірибеде оқу бағдарламаларының мазмұнын қайта қарау – циклдік процесс, барлық жетекші елдер тұрақты шолу жасайды және бағдарламалардың мазмұнын мезгіл-мезгіл қайта қарайды. Бұл жұмыс жүйелі және жоспарлы түрде жүзеге асырылуы үшін білім беру мазмұнын жетілдіру әдістемесі, оқу бағдарламаларын кезең-кезеңімен енгізудің Жол карталары әзірленді. Бүгінгі таңда үлгілік оқу бағдарламаларының жобалары сараптамадан өтіп, сарапшылардың ұсынымдарына сәйкес пысықталуда. Сонымен қатар, педагогтерге көмектесу үшін БМЖМС және үлгілік оқу бағдарламаларын іске асыру бойынша әдістемелік басшылық пен әдістемелік ұсынымдар дайындау жүзеге асырылады.

-Әлия Иағалиқызы, оқу бағдарламаларына өзгерістер енгізу білім беру сапасын арттыруға қалай әсер етеді?

Білім сапасына сыртқы және ішкі факторлар әсер етеді. Олардың ішінде әлеуметтік, демографиялық, саяси, экономикалық салалар бар. Ішкі факторларға педагогтер мен білім алушылардың құрамы, педагогикалық шеберлік, оқыту әдістемесі, ақпараттық-технологиялық қамтамасыз ету, тәрбие жұмысы жатады.  Мазмұнды жетілдіру шеңберінде БМЖМС-да оқу мақсаттарының жүйесін айқындайтын, білім алушылардың функционалдық сауаттылығын, пәндік дағдылары мен құзыреттерін қалыптастыруға ықпал ететін күтілетін нәтижелерге қол жеткізуді айқындайтын білім мазмұнына әдістемелік негіздер, сондай-ақ ғылыми-әдістемелік тәсілдер ұсынылған.

- Президент мектепте алған білімдерін объективті бағалау қажеттігі туралы да айтты. Жалпы мектептегі білім сапасын қалай бағалай аламыз?

Орта білім беруде оқу сапасын бағалау және мониторингілеу үшін құралдар кешені пайдаланылады. Білім алушылардың оқу жетістіктерін критериалды бағалау жүйесі енгізілді, білім беру жетістіктерін мониторингілеудің ұлттық құралы - Білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты енгізілді. Мектептер PISA, TIMSS, PIRLS халықаралық зерттеулеріне қатысады. 2021 жылдан бастап мектептегі білім беру сапасын тәуелсіз бағалаудың жаңа моделі енгізілді. Биыл екінші рет 1472 мектептің 4 және 9 сыныптардың 50 мыңнан астам оқушылары қатысты. ББЖМ үш бағыт бойынша компьютерлік кешенді тестілеу түрінде өткізіледі: оқу, математикалық және жаратылыстану сауаттылығы. Оқу, математикалық және жаратылыстану сауаттылығы бойынша тестілеуден басқа, мониторинг білім алушылардың, педагогтер мен мектеп басшыларының сауалнамасымен сүйемелденді.  Биыл Академия оқушылардың оқу жетістіктерін критериалды бағалаудың қолданыстағы жүйесіне зерттеу жүргізуді жоспарлап отыр. Бұл еліміздің мектептерінде критериалды бағалау жүйесін іске асырудың тиімділігіне әсер ететін негізгі факторларды айқындауға және бағалау әдістері мен құралдарын жетілдіру жөніндегі шараларды әзірлеуге мүмкіндік береді.

- Қала мен ауыл мектептерінде оқушылардың білім деңгейінде  айтарлықтай алшақтық бар. Ауыл мектептерін қалай дамытамыз?

Иә, қалалық және ауылдық оқушылар арасында білім алшақтығы бар. Қазіргі уақытта ауылдық мектептерде білім беру сапасын арттыру үшін бірнеше жоба жүзеге асырылуда.  Бұл Ақтөбе облысында «Математика», «Физика», «Химия», «Биология», «Ағылшын тілі» пәндерін виртуалды оқытуды ұйымдастыру жөніндегі өңірлік жоба бар. Осыған байланысты Солтүстік Қазақстан облысында ауылдық шағын жинақты мектептердің педагогтері мен білім алушыларын қолдау және оқу процесінде Майкрософт өнімдерін пайдалану жөніндегі Майкрософт компаниясымен бірлескен жобасы іске асырылып жатыр.

Барлық жаңалықтар