00:00
Астана -10oC
USD:
442.05
EUR:
474.14
RUB:
4.74
Іздеу

Мемлекеттік басқару академиясы құжат қабылдауды бастады

03.04.2023 | 12:40
34
фото: Сұлтан Сейіт

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының 2023 жылғы магистратура мен докторантураға қабылдау науқаны басталды. Бұл туралы академияда өткен баспасөз мәслихатанда ректор Ерлан Әбіл мәлімдеді, деп хабарлады Elorda.info.

Магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша үміткерлерден құжаттарды қабылдау 3 сәуірден бастап  29 маусымға дейін жалғасады. 

Биыл 6  магистрлік, 3 докторлық бағдарлама бойынша және  өндірістен қол үзбей оқуға болатын 2 модульдік бағдарлама бойынша үміткерлерді қабылдаймыз. Мемлекеттік қызметшілерді даярлауға Үкіметтен магистратура бойынша 120 грант, докторантура бойынша 12 грант бөлінген. Магистрлік білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік тапсырыспен оқуға түсу үшін мемлекеттік қызметте кемінде 2 жыл еңбек өтілі болуы керек және докторлық бағдарламаларға 5 жылдан кем емес жұмыс өтілі болуы қажет.  Мемлекеттік грант бойынша оқуға түсушілер міндетті түрде мемлекеттік органның қолы қойылған жолдама ұсынуы керек, - деді Ерлан Әбіл.

Ректордың айтуынша, шетелдік азаматтарды қоспағанда, бәрінде мемлекеттік тілді білу деңгейі В1 деңгейінен төмен емес екенін растайтын Qazaq Resmi Test немесе ҚазТест сертификаты болуы тиіс. Жиында 2023 жылы мемлекеттік қызметшілерді даярлауға қатысты заңнамалық актілерге бірқатар маңызды өзгерістер туралы да айтылды.

Академияда мемлекеттік тапсырыс бойынша B+ (GPA 3,33) мәнінен төмен емес оқу нәтижесімен оқуын бітірген адамдар оқуды бітіргеннен кейін бір жыл ішінде жергілікті атқарушы органдарда, мәслихаттар аппараттарында, ревизиялық комиссияларда, орталық мемлекеттік органдардың және олардың ведомстволарының аумақтық бөлімшелерінде «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен және оның аумақтық бөлімшелерімен келісу бойынша конкурс өткізілместен орналаса алады. Сонымен қатар Академия түлегі-мемлекеттік қызметшінің оны оқуға жіберген мемлекеттік органда жұмыспен өтеу жөніндегі міндеті алынып тасталды. Енді мемлекеттік қызметшіге Академияда оқуын аяқтағаннан кейін мемлекеттік қызметте 3 жыл жұмыс істеу/жұмыспен өтеу жеткілікті болады. жоғары оқу орындарында жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде бұрын білім алған мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша Академияның магистратурасына немесе докторантурасына қайта оқуға түседі, - деп түсіндірді ректор Ерлан Әбіл.

Академияға түсу ережелері бойынша да бірқатар жаңашылдықтар бар.  Атап айтқанда,  «Халықаралық қатынастар» бағдарламасы бойынша оқу мерзімі 2 жылға дейін ұзартылды. Докторантура бағдарламалары үшін жұмыс өтілі бойынша талап 3 жылдан 5 жылға дейін ұлғайтылды. Биыл үміткерлер жүйеге қол қойылған жолдаманы 29 маусымды қоса есептегенде құжат қабылдау аяқталғанша тіркеуі керек.

 

Барлық жаңалықтар