00:00
Астана -10oC
USD:
444.14
EUR:
477.05
RUB:
4.85
Іздеу

Елордалық үздік ұстаздар марапатталды

05.10.2023 | 12:43
34

Астанада Ұстаздар күніне орай қалалық Білім басқармасының ұйымдастыруымен қалалық білім беру мекемелерінің ұстаздарына арналған «Қалдырған ізің мәңгілік мерекелік» атты концерт өтті, деп хабарлады Elorda.info.

«Астана» концерт залында өткен мерекелік жиынға Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек қатысып, ұлағатты ұстаздарға жылы лебіздерін білдірді. 
 

Құрметті еліміздің бала тәрбиесінде және оны оқытуда үлкен еңбек етіп жүрген біздің аяулы ұстаздарымыз. Сіздерді бүгінгі мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Бүгін сіздерге цифрға толы есеп емес, мұғалімнің мұғалімге деген ойын білдіргім келіп тұр. Әрбір оқушының жүрегінен шырақ жағып, жолына бағыт беріп, мықты азамат етіп қалыптасуына сіздер үлкен еңбек етіп жатқандарыңызды ұстаз ретінде жақсы білемін және түсінемін.  Жас ұрпақ үшін аянбай еңбек етіп жүрген ұстаздардың алдында шәкірт, ұстаз, ата-ана және әріптес ретінде басымды иемін. Ендеше білім беру жолында талмай еңбек етіп,ағартушылық қызметті абыроймен атқарып келе жатқан сіздерден балабақшадағы 1 млн-нан астам бүлдүршіндер мен мектептегі 4 млн-ға жуық оқушы және 550 мыңнан астам колледж студенттері атынан барлықтарыңыздың отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, шығармашылық шабыт және бақыт тілеймін,- деді Ғани Бейсембаев.

Сөз соңында министр бірқатар ұстазға «Еңбек ардагері» және «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» медальдерін табыстады.

Сонымен қатар елорда әкімі Жеңіс Қасымбек жиналған қауымды мерекемен құттықтап, бірқатар ұстазды марапаттады.

Бүгін барша ұстаздарды кәсіби мерекемен құттықтаймын. Елімізде ең қадірлі және ең беделді мамандық- ұстаз. Шәкірттерді білім нәрімен сусындатып, бойына жақсы қасиеттерді дарытатын ұстазға деген халықтың құрметі қашан да ерекше. Білім саласы елдің ертеңін айқындайтын, оның бәсекелістік қабілетін арттыратын аса маңызды сала. Оқушының болашақта кім болатыны тікелей тәлімгерге байланысты. Қазіргі таңда білім мекемелерін көбейту және олардың материалдық-техникалық базасын заманауи қондырғылармен жабдықтау арқылы білім саласын дамытуда барлық жағдай жасалуда. Білімді ұрпақ тәрбиелеу жолында атқарып жатқан еңбектеріңізге алғысымызды білдіреміз. Білімді шәкірттеріңіз көбейе берсін,- деп тілек білдірді елорда әкімі.

Мерекелік жиын барысында Астана қаласының «Құрметті педагогі» атағы № 73 мектеп-лицейінің тарих пәні мұғалімі Гүлназия Ұзақбайқызына, «Astana Polytechnic» жоғары колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Гульнара Абдраимоваға, №1 Арнайы мектеп-интернатының басшысы, дефектолог пәні мұғалімі Ұлан Қуанышқа, № 5 гимназияның дене шынықтыру пәні мұғалімі Валентина Азовскаяға, № 72 мектеп-лицейінің қазақ тілі әдебиеті пәні мұғалімі Жанар Адилбековаға берілді. Аталған ұстаздарға 1 млн теңгеге сертификат табысталды.
Сондай-ақ Астана қаласының «Үздік ұйымы» атағына Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжі, 46 Балабақша-мектеп-гимназия кешені және № 5 «Ақбота» балабақшасы ие болды. Оларға 10 млн теңгенің сертификаты берілді.

Білім беру саласында аянбай еңбек етіп жүрген ұлағатты ұстаздарға құрмет көрсету мақсатында өткен концертте  эстрада жұлдыздары Роза Рымбаева, Лұқпан Жолдасов, Фарида Жолдасова, Клара Төленбаева, Әйкерім Тілеубек, Света Құдайбергенова мен Мансұр Құдайбергенов және өзге де өнер иелері өнер көрсетті.

Барлық жаңалықтар