00:00
Астана -10oC
USD:
443.35
EUR:
475.54
RUB:
4.82
Іздеу

ҰБТ-ға психологиялық тұрғыда қалай дайындалу керек?

01.06.2023 | 16:30
56
фото:artpsy.kz

Түлектердің ҰБТ тапсырып, білімдерінің сыналатын кезі басталып кетті. Бұл кезең тек білімнің ғана емес, мінездің де сыналатын уақыты. Қандай нәтиже болса да, барлығына дайын болу үшін психологиялық тұрғыда өзін шыңдауды естен шығармаған жөн. Тестілеу кезінде оқушылардың психологиясы жайлы Elorda.info тілшісі психолог маманнан сұрастырып көрді.

Алдымен кез келген сынақтың адам үшін стресс екенін оқушының ата-анасы мен мұғалімдері түсінуі керек. Сол себепті емтиханға дайындалып жүрген оқушыға шамадан тыс жүктеме мен талап қоюға болмайды.

ҰБТ тапсырар шақта ата-ананың қолдауы аса маңызды. Баланы өзгелермен салыстырып, көңіліне күдік ұялатудан аулақ болу қажет. «Көп дайындалсаң ғана нәтижеге қол жеткізесің», «Сыныптасың саған қарағанда жақсы дайындалады, ал сен дайындалмай жүрсің» деп намысы мен көңіліне тиетін сөз тіркестерін қолданбаған жөн. Керісінше «Сен қолыңнан келгенін жасап жатырсың, нәтижесіне уайымдама, не болса да біз сенің қасыңдамыз», «ҰБТ – өмірдің соңы емес» деп қолдау білдіруі керек, - дейді педагог-психолог Гүлдана Салинджанқызы.

Маманның сөзінше, тестілеуден оң нәтиже көрсете алмаған жағдайда талапкерді психологиялық қолдау керек.

Жалпы белгілі бір сынақтан төмен нәтиже алғанда көңіл-күйдің түсуі қалыпты. Бұл жағдайда оқушының жақындарының да психологиялық тұрғыда дайын болғаны жөн. Дегенмен оқушы бұндай жағдайда ұзақ болмас үшін және өзін жолы болмайтын адам ретінде сезінбеуі үшін оқушымен бірге үлкендердің (ата-анасы немесе өзі үнемі көмекке жүгінентін ұстаз) алдын-ала ойластырып қойылған жоспары болуы керек. ҰБТ-дан бөлек, оқушының өзіне ұнайтын ісімен айналысуға мүмкіндік пен мотивация беретін қосымша нұсқа ретінде орындалатын іс-әрекеттің ұйымдастырылуы керек. Мысалы: ерекше өтетін дайындық курстары, бизнес жоспар, оқушының қабілеттеріне сай келетін қызметтер және т.б. Бұл жерде оқушының қабілеттеріне сай келетін қызметтер дегенім, қазіргі таңда белгілі бір курстарды аяқтап, қызмет етуге болатын жаңа мамандықтар. Графикалық дизайн, фотограф, видеограф, әлеуметтік желілерді жүргізуші смм мамандар, аспаз, тағы сол сияқты бүгінгі күнде өзекті мамандықтарды айтса болады, - деді психолог маман.

Сондықтан оқушыны жоғарғы білім алуды міндеттеу үшін шектен тыс талаптар қоймай, қосымша нұсқаларды да қарастырып көрген абзал. Маңыздысы мүмкіндіктердің көп екенін түсіндіру.

Әрбір оқу жылында ҰБТ-ға дайындалып қатты күйзеліске түскен оқушылар болады. Оларға арнайы психологиялық көмек көрсетіледі. Мектеп психологі, сынып жетекшісі және ата-анасымен бірге алдымен оқушының күн тәртібін реттейді. Баланың тұлға ретінде қалыптасуы үшін алдымен оның психологиялық денсаулығы жақсы болуы керек. Ал психологиялық денсаулықты жақсарту үшін адам физиологиялық денсаулығын реттеуі керек. Сол себепті қатты күйзеліске түскен оқушыға дұрыс тамақтану, спортпен айналысу және таза ауада серуендеуге кеңес беріледі, - дейді Гүлдана Салинджанқызы.

Елімізде мектептерде кез келген емтихан алдында оқушылар үшін мектеп психологтары топтық және жеке кеңестер,тренингтік жаттығулар өткізеді. 

Дайындық барысында эмоционалдық тұрғыда шаршап қалмас үшін жасөспірім дайындық пен демалысты үйлестіре білуі керек. Ол үшін оқушы тестке дайындалып, қалған уақытында спортпен айналысып, таза ауада серуендеуі керек. Қажет жағдайда үй шаруасымен айналысуды да қатар алып жүргені дұрыс. Сондай-ақ уақытында ұйықтап, құнарлы тамақтанған абзал, - дейді психолог.

WhatsApp Image 2023-06-01 at 15.52.31.jpeg

Сондай-ақ, маман тестілеуге кірер кезде қобалжуды басу үшін тыныс алу жаттығуларын жасау керектігін айтты. 

Қобалжуды басу үшін ең бірінші, қолайлы орын тауып түзу отырып, қолды екі тізеге қойып, мұрын арқылы терең дем алып, екі қолды кеуде тұсымен бірдей етіп жоғары көтеру керек. Бұл 4-6 секундта орындалады. Екінші кезекте дәл осылай қолды кеуде тұсымен бірдей көтере отырып ауаны терең жұтып, 3-4 секундтан кейін жіберу керек. Үшінші кезекте жаңағы жұтқан ауаны шығара отырып, көтеріп отырған екі қолымызбен тігінен ауада толқын бейнелеуіміз керек. Соңында қолды түсіріп терең дем алып, біраз отыра тұру қажет,- дейді психолог Гүлдана Салинджанқызы.

Дайындаған Мөлдір МАНДЫБЕКҚЫЗЫ

Барлық жаңалықтар