00:00
Астана -10oC
USD:
443.37
EUR:
474.49
RUB:
4.83
Іздеу

Қазір мамандық таңдай алмайтын жастар көп – белгілі ұстаз

29.11.2023 | 09:15
55

Өркениетті елдің іргесіне тұтқа болатын азамат тәрбиелейтін нағыз педагог қандай болуы керек? Ұстаздың қоғам алдындағы рөлі қандай? Elorda.info тілшісінің жақында Президент қолынан «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағын алған, Астана қаласындағы Райымбек батыр атындағы №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейінің мұғалімі Айгүл Ержановамен болған сұхбаты осы сұрақтар төңірегінде болды. 

-Айгүл Ержанова, әдетте ұстаз болу үшін оны бала кезден бастап армандау керек деп жатады. Ал сіз осы ұлағатты жолға қалай келдіңіз?

-Менің ұстаздық жолға келуімнің өзіндік тарихы бар. Біз отбасымызда 8 ағайынды болдық. Мен үйдің үлкені болдым. Ата-анама өзімнің артымнан ерген бауырларымды қарайласуға  8 жастан басап көмектестім. Оларды киіндіру, тамақтандыру, мектепке дайындау менің міндетім болатын. Ол кезде өзім де әлі баламын ғой, әрине ауыртпалық түсті десем болады. Осылайша ерте есейдім. Сол кезде әкем «сенде бір ұстазсын, осылардың сабағына қарай отырып, ертең мұғалім боласын» деп айтатын. Ауылдағы мектеп директоры менің әке-шешемнің достары болды. Кейде үйіне қонаққа барғанда, әрбір жерде жиналып тұрған дәптерлерге қызыға қарайтын едім. Оларды тексергім келіп тұратын. Мектеп бітірген соң мұғалім мамандығын ойланбастан таңдадым. 1996 жылы институтты аяқтап, бастауыш сынып мұғалімі болдым. Ол кезде жас мамандарды жолдама арқылы жұмысқа жіберетін. Абырой болғанда өзімнің туған жерім Жамбыл облысы Сарысу ауданына жолдама бұйырды. Осылай менің ұстаздық жолым басталды. 

-Алғаш сабақ берген күніңіз есіңізде ме? 

-Мен оқу бітірген жылдары елде тоқырау кезеңі болды. Ақшамыз ауысып, көбі жұмыссыз қалып жатты.  Тіпті  көп мұғалім мектептегі жұмысын тастап кетті. Мектеп директоры мені жұмысқа қабылдап, өз сыныбыма апарған кезде қатты таң қалғаным әлі есімде. «3-ші сыныпқа сабақ бересіз» деп айтқан. Бірақ сыныпқа кіріп келгенде 5-6 сыныптың балалары отырғанда түсінбей қалдым. «Өз сыныптарына барыңдар, қазір сабақ басталады» деген кезде олар маған «Апай, біз осы сыныпта оқимыз» деді. Сонда  балалар нашар оқыса, келесі сыныпқа өткізбейтінің түсіндім. Бірінші күні сабақ берген күні олардың әлі де әріп жаза білмейтін, қарапайым сандарды қоса алмайтынын көрдім. Мектеп директорының үмітін ақтауға тырыстым. Қатарынан қалып бара жатқан оқушыларды сабақтан тыс уақытта үйіме шақыртып, қосымша оқыттым .Олар 4-ші сынып бітіргенде көзіме жас келді. Оқушылардың сауаты ашылып, өздері де, ата-аналары да қатты риза болды. Кейін түрлі мектептерде сабақ беріп, әрқашан сабақты қызықты өткізу үшін ізденісте жүрдім. 

- Сіз отыз жылға жуық ұстаздық етіп келе жатырсыз. Еңбегіңіздің шыңдалу тұсына тоқталып өтсеңіз.

-Мен Астанаға 2014 жылы келдім. Ал оған дейін Тараз қаласында жұмыс істедім. Елордаға келгенде қазіргі өзім жұмыс істеп жатқан №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейіне жұмысқа орналастым. Мұғалім әрқашанда су болып ағып, ауа болып қозғалыста болу керек. Себебі балаға білім беру оңай шаруа емес. Мұғалім болу әрқашанда ізденісті талап етеді. Мен 2017 жылы  арнайы тренинг курсқа қатысып, біліктілігімді арттырдым. Соның арқасында қазір мектепте тек бастауыш сынып оқушыларына сабақ беріп қана қоймай, зерттеуші педагог ретінде тренингтер өткіземін. Мен мектеп оқушыларын көрген кезде «қандай мамандық таңдайсын?» деп сұрақ қоямын. Өйткені қазір мамандық таңдай алмайтын жастар көп. Көбі ата-анасының айтуымен немесе біреудің айтқанымен мамандық таңдайды. Бірақ өз мамандығынды жақсы көрмесен, өмір бойы сол салада жұмыс істеу мүмкін емес. 

- Айгүл Ержанова, сіз Президент қолынан марапат алған күнге қайтып оралсақ...

-Шынымды айтсам бұл марапатты алам деп ойлаған жоқпын. Тек мектеп директоры менен түрлі құжаттарды сұрастырып жүрді. Бірақ қандай марапат екенін білген жоқпын. Тек бір күн бұрын ғана  хабарласып, шақырған кезде бірақ білдім. Сол кезде «Осы уақытқа дейінгі жасаған еңбегім бағаланғаны ғой» деп төбем көкке жетті. Бұл жетістік оқушыларымның маған қойған бағасы деп білемін. Жалғыз менің ғана жетістігім емес, ол менің әріптестерімнің де еңбегі деп есептеймін. Бұл марапат мен сияқты мұғалімдердің жүрегіне сенім ұялатты. Олар еңбектің ерте ме –кеш пе әділ бағалатынына тағы бір рет көздері жетті. 

-Жаһандық бәсекелестік жағ­дайда білім берудің сапасын көтеру аса маңызды мәселе. Бұл педагог мәртебесін арттыру­мен айқындала ма?

Меніңше, ұстаз мәртебесінің биік болуы тек қаржылай қолдауға ғана байланысты емес. Әрбір ұстаз үйре­туден, үйренуден жалықпайтын, ізде­ніске дайын, тың тәжірибеге әзір бол­са, білімі мен өз білігін көрсете алса, мұғалім мәртебесі биік болады.  Заман талабына сай ағымға ілесу үшін мұғалім уақытпен санаспау керек. Түрлі әдіс-тәсілдерді үйрену сабақтың сапалы өтуіне септігін тигізеді. Өз басым кез-келген жаңашыл пайдалы өзгерістен қалмауға тырысамын. Біздің уақытта интернет ұялы телефон деген болған жоқ. Ал қазір балалар барлығын интернеттен жылдам тауып алады. Бұл бір жағынан балалардың ізденуге еңбектенуге деген қызығушылығын төмендетіп жіберген сияқты көрінеді. Ал мұғалім бала бойындағы осы қызығушылықты ояту керек. Күнделікті сабақты түрлендіру арқылы оқушыны білім алуға ынталандыруға болады.  «Педагог мәртебесі» туралы заң қабылданғаннан кейін мектепте жұмыс істегісі келетін жастар саны артты. Қазіргі жас мамандардың ізденісі жақсы. 

-Қазір мектеп оқушыларына арналған түрлі байқау көп. Тіпті онлайн қатысуға мүмкіндік береді. Осы байқаулардың  оқушы беретін пайдасы бар ма?

-Қазір ұстаздар аттестациядан өткен кезде тек министрлік бекіткен байқаулардың нәтижесі ғана қабылданады. Бірақ олар барлық балаға жете бермейді. Яғни, мектептен бір ғана оқушы қатысу керек болса, ал сыныпта «қатысамын» деген оқушы көп. Сондықтан да тек сол тізімге қарап қалмау керек. Мен балалардың қызығушылығын арттыру үшін әлеуметтік желілердегі оқушыларға арналған байқауларды іздеп, ата-аналарға жіберіп отырамын. Ол байқауға тек оқушы ғана емес, оған көмектесетін ата-анасы, аға бауырлары қатысады. Осылайша отбасында жақсы дәстүр қалыптасады. Қазір күнделікті тіршіліктен ата-аналар өздерінің балаларынан алшақтап кетеді. Тіпті ас ішіп отырған кезде бір-бірімен сөйлесудің орнына, керісінше барлығы телефонға телміреп отырады. Ал бала осындай байқауға қатысса ата-анасы баласының жеңіске жетуі үшін бірге дайындалып, ізденіп отырады. Тоқсан сайын демалыс болғанда балалардың уақыты бос өтпесін деп, қашанда түрлі байқаулар туралы мәлімет беріп отырамын. Онлайн байқаудың зияны жоқ.  Мен барлық байқауды жарамды деп санаймын.

-Қазір әлеуметтік желіде мерек күндері оқушылардың ұстаздарына гүл шоғын ғана бермей, қымбат сыйлық жасап жатқанын көріп жүрміз. Ұстаз ретінде мұндай сыйлыққа қалай қарайсыз?

-Мен еш уақытта оқушыдан сыйлық күтпеймін. Мереке күндері жақындап қалғанда алдын ала ата-аналарға «баланың қолына мені құттықтау үшін сыйлық ұстатып жібермеңіздер» деп ескертемін. Мысалы, менің сыныбымдағы оқушылардың көбі көпбалалы отбасыдан шыққан. Енді ойлап қараңыз, мереке күні олардың әрқайсысы мұғалімді құттықтаймыз деп ақша жинаса, ата-анасына салмақ түседі. Мысалы, бір бала шын ниетімен маған сыйлық алып келсе, олай жасауға мүмкіндігі жоқ баланың көңіл – күйі түседі. Сыйлық алам деп оқушылардың жүйкесіне әсер еткім келмейді. Сосын сыйлық әкелген бала мұндай әрекетке бейімделіп кетеді. «Мен бірнәрсе берсем, ол маған жылы қарайды екен ғой» деген түсінік қалыптасады. Ата-аналарға әрқашан «маған беретін сыйлықтың ақшасын одан да балаңызға жұмсаңыз» деймін. Мен тек өз еңбекақымды адал жесем болды.

- Айгүл Ержанқызы, сізді штанга көтерумен айналысатын спортшы деп естідік. Бұл қызығушылық қалай пайда болды?

- Пауэрлифтингтен Азия, Тынық мұхит, Африка өңірінің 8 дүркін чемпионы  Айбар Ержанов менің туған бауырым. Ол менің спортқа деген қызығушылығымды арттырды. Қазір екеуміз бірлесіп «50 жастан асқан әйелдер спортты бағындыра алады ма?» деген зерттеу жүргізіп жатырмыз. 4 ай болды штанганы сығымдап көтеру бойынша жарысқа дайындалып жүрмін. Алдағы уақытта өз бағымды сынап көргім келеді. Одан бөлек тоқыма, тігу сияқты түрлі хоббиім бар. Бірақ оның барлығына уақыт жете бермейді.

- Сұхбатыңызға рахмет! Ұрпақ тәрбиелеу ісінде толағай табыстарға жете беріңіз!

Барлық жаңалықтар