00:00
Астана -10oC
USD:
439.43
EUR:
473.31
RUB:
4.82
Іздеу

ҰБТ уақыты жақындады: Оқушы психологиясын сынаққа қалай дайындау қажет

01.04.2023 | 00:54
Сабина Кәкімжан
46

Елімізде мектеп оқушыларының 11 жыл бойы жинақтаған білімін саралайтын сәті жақындап келеді. Уақыт жақындаған сайын ҰБТ-ға қатысы бар мамандардың, яғни ата-ана, мұғалім және оқушы белгілі бір деңгейде күйзеліс алады. Әлбетте, тест оқушы білімінің нақты көрсеткіші бола алмайды. Алайда ол оның психологиясына елеулі әсер ететіні рас. Емтихан мектеп бітіруші түлек үшін ең маңызды сынақ болғандықтан көбі қобалжитыны анық. Elorda.info тілшісі оқушылардың сынаққа психологиялық дайындығы жайында психолог маман Айгүл Рахметқызымен сөйлескен болатын.

Сынақ жақындаған уақытта әр ата-ана баласымен бетпе-бет сөйлесіп, қандай нәтижеге болсын қолдайтынын айтқаны жөн. Кез келген тест бала өміріндегі білімді тексеруші құрал екенін ұмытпау қажет. Мамандар жақындарының сенімі мен қолдауы балаға күш беретінін айтады.

Айгүл Рахметқызының айтуынша, тест алдында оқушының қобалжуы түрлі эмоциядан туындайды. Мәселен, тесттен құлау болмаса дайындалуға уақыт жетпей қалу. Сондай-ақ сынақты тапсыра алмаса, жақындарының үмітін ақтай алмау секілді қорқыныштар туындай бастайды.

Кез келген сынаққа дайындалу үшін әуелі жайлы бөлме болуы керек. Сол бөлмеге кірген соң медитация жасау қажет. Тыныс алу жаттығулары арқылы эмоцияларды басып, жүйкені тыныштандырған жөн. Осылайша, ішкі қобалжуды түсіреміз. Кейін түлек 11 жыл бойы оқыған-білгенін еске сақтай алатынына өзін-өзі сендіруі қажет, - деді психолог Айгүл Рахметқызы.

Бастысы, оқушы ішкі қорқыныштан арылуы қажет. Өйткені адам бойындағы кез келген қорқыныш үрей туғызады.

Таңғы уақытта адам ақпаратты жақсы қабылдайды. Мектеп бітіруші түлектерге, әсіресе, таңғы сағат 8.00-ден 11:00 аралығында тест сынағына дайындалуға кеңес беремін. Сонымен қоса сынаққа дайындалу кезінде тәтті шоколад жеген дұрыс. Өйткені кез келген тәттінің құрамында глюкоза болады. Ол қанға сіңіп, миға барады. Сөйтіп, мидың белсенділігін арттыруға септігін тигізеді, - деді психолог.

Маманның пікірінше, бала ойын жинақтай алмауынан бар білгенін ұмытып қалады. Ал ойды жинақтай алмауға қатты эмоцияға берілу себеп дейді психолог.

Қобалжыған адамның тіпті қол-аяғы дірілдеп, жүрек соғысы да жиілейді. Оған қоса тыныс алуы бұзылып, қатты терлей бастайды. Осындай уақытта әуелі терең тыныс алу қажет.

Сынаққа кірер алдында міндетті түрде тынысын дұрыстап алғаны жөн. Сондай-ақ қолын уқалау қажет. Себебі адам қобалжыған уақытта қан-тамырлары жиырылып қалады. Тіпті қан жүрекке дұрыс бармағаннан адамның миына оттегі жетпей қалуы әбден мүмкін. Соның салдарынан адам қажетті ақпаратты ұмытып қалады, - дейді маман.

Сонымен қатар психологтар түлектердің тест сынақтарын тапсыратын аудиторияға кірген соң шамамен 3-4 минуттай жан-жағына қарап, өзін емін-еркін ұстаса, тыныс алуы өз орнына келетінін айтады. Және оқушының  қобалжуы да біртіндеп кетеді екен. 

Мамандар еитиханға бір күн қалғанда түлектер демалуы қажет деп есептейді. Әуелі  ұйқыны қандыру керек. Түлек күні бойы ештеңені ойламауы тиіс. Себебі баланың тағдырын емес, бағытын анықтайтын сынақ алдында ми демалуы керек. Әйтпесе, тест алдында қабылдаған мәліметтер миға жүк болып, салдарынан сынақ уақытында оқушы қарапайым сұрақтарға да дұрыс жауап бере алмауы мүмкін.

Барлық жаңалықтар