00:00
Астана -10oC
USD:
442.05
EUR:
474.14
RUB:
4.74
Іздеу

Teach for Qazaqstan: Өңірдегі білім сапасын көтеретін жоба

31.03.2023 | 23:00
Сабина Кәкімжан
69

Халықаралық зерттеулер нәтижесі бойынша Қазақстан білім деңгейі жөнінен зерттеуге қатысқан 79 елдің ішінде 69-орынға табан тірепті. Бұл бір жағынан қисынға соғады. Еліміздің ең ірі  қалалары – Астана мен Алматыдағы білім дәрежесін қияндағы ауыл мектептеріндегі оқу деңгейімен салыстыруға келмейтіні ақиқат. Әрине, бұл жерде ауылдағы білімнің олқы түсуіне әсер ететін бірнеше фактор бар. Солардың бірі – білек сыбанып тұрған білікті кадрлардың ауылға барудан тартыншақтауы. Осы түйткілдің түйінін шешуге ұмтылып жүрген Teach for Qazaqstan қоғамдық қорын екінің бірі біле бермеуі мүмкін. Игілікті істің басында жүрген қор басшысы Гүлнәр Сәлменмен жобаның көпке тигізер пайдасы жөнінде аз-кем әңгімелескен едік.

Teach for Qazaqstan дегеніміз не?

Teach for Qazaqstan – Teach for All жаһандық қозғалысының бөлігі. Қоғамдық қор директоры Гүлнәр Сәлменнің айтуынша, негізгі мақсат – еліміздің түкпір-түкпіріндегі балаларға сапалы білім алуға мүмкіндік беру.

Бұл педагогикалық және педагогикалық емес білімі бар кандидаттарды қайта даярлаудан өткізіп, оларды өңірдегі  мектептерге ұстаз ретінде жіберетін жоба.

Жобаға жас түлектер де, тәжірибесі бар мамандар да қатысуға өтінім бере алады. Бағдарлама қайта даярлау жазғы институтында тегін оқытып, ресми түрде жұмысқа орналастырады. Сонымен қоса, 2 жылдық келісімшарт аясында мектептің жалақысы мен қосымша қомақты шәкіртақы  тағайындайды, коучингтік және әдістемелік қолдау көрсетеді.

Сондай-ақ, Teach for Qazaqstan арқасында халықаралық нетворкингтің мүшесі атанасыз. Себебі мұндай бағдарлама әлемнің 60 елінде жұмыс істейді.

Жоба әр адамға өз кәсібін табуға көмектеседі

Қалалық және ауылдық мектептер арасында материалдық-техникалық база мен білікті кадрлар тұрғысынан алшақтық бар екенін мойындау керек. Ал Teach for Qazaqstan әркімге өз кәсібін табуға мүмкіндік береді. Мәселен, бұл жобаға қатысу үшін бакалавр дипломының болуы немесе университеттің 4-курсында оқу жеткілікті. Аталған жоба ұстаздар тапшылығын азайтуға және Қазақстанның білім беру жүйесіне жаңа серпін беруге көмектеседі, - деді Гүлнәр Сәлмен.

(Фото:Teach for Qazaqstan қоғамдық қорынан)

Бағдарламаға қалай қатысуға болады?

Жобаға қатысу үшін іріктеудің 4 кезеңінен өту керек. Кейін білікті кандидаттар серіктес ЖОО-ға қайта даярлауға жіберіледі.

Ең алдымен ресми сайтқа кіріп, онлайн-сауалнама толтыру қажет. Сауалнама сұрақтары қазақ және орыс тілдерінде болады. Мұнда әр қатысушы өзі жайлы жеке ақпарат, мамандық атауын, оқу үлгерімінің орташа баллын (GPA) көрсетеді. Сондай-ақ, не себепті бағдарламаға қатысуға ниет білдіргені туралы мотивациялық эссе жазу қажет, - дейді жоба жетекшісі.

Екінші кезеңде асессорлармен онлайн-сұхбат жүргізіледі. Ал үшінші  оффлайн кездесу кезеңінде кәсіби және педагогикалық дағдыларды анықтауға үлкен мән беріледі. Соңғы төртінші кезеңде қатысушы мамандығына қарай пәндік тест тапсырмаларын орындайды немесе әдіскерлермен сұхбаттасады. Бұл кезеңде қатысушының тек пәндік білімі тексеріледі.

Қатысушыларға қойылатын бірнеше талап бар. Олар: 2023-2024 оқу жылының басына дейін жоғары білімінің болуы (бакалавр/магистратура), 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап жұмыс істеуге, қоныс аударуға дайын болу, Қазақстан Республикасы азаматы болуы және мұғалімдерге арналған жазғы институт бағдарламасын аяқтау, - деді Г.Сәлмен.

Бұл жобаға қатысуға ниет білдірген мұғалімдер  қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі, тарих, география, информатика, математика, биология, физика, химия пәндерінің бірінен сабақ бере алады.

(Фото-коллаж: Елтай Нұрғазин/Elorda.info)

 

Ай сайын 300 мың теңге шәкіртақы және 150 мың теңге айлық төленеді

Жобаның идеясы – білім саласында жұмыс істегісі келетін, көкірегі ояу қазақстандық жастарды білім саласына шақыру. Біз қоғамдық қор ретінде қатысушыларды іріктейміз. Оларды тегін педагогикаға даярлау бағдарламасынан қайта өткіземіз. Кейін 2 жылға ауыл мектептеріне жұмысқа орналастырамыз. Сондай-ақ, осы уақыт аралығында арнайы әдіскерлер сабақ жоспарын жасауға және т.б. қолдау көрсетеді, - деді қор басшысы.

Жоба қатысушыларына ай сайын шәкіртақы мен жалақы беріледі.

Әр қатысушыға ай сайын шамамен 300 мың теңгедей шәкіртақы төлейміз. Оған қоса, жұмыс істейтін мектептерінен ай сайын 150 мыңдай жалақы төленеді. Биыл жоспар бойынша 50 адамды іріктеп, Қарағанды облысына қарасты ауылдық жерлердегі білім ошақтарына жібереміз. Ал әр мектепте кем дегенде 4-5 қатысушы бірге жұмыс істейді. Ең бастысы, бұған кез келген мамандықты бітірген азаматтарды қабылдаймыз, - деді Гүлнәр Сәлмен.

Сондай-ақ, оның айтуынша, алдағы уақытта елімізде Teach for Qazaqstan қауымдастығы құрылады.

Әр қатысушы 200 баланың тағдырына әсер ете алады. Қалай? Қатысушының киім киісі, балалармен қарым-қатынасы, сабақ беруі, яғни әрбір іс-әрекеті балаға қатты әсер етеді. Біз еліміздің орталығында орналасқан өңірден бастауды жөн көрдік. Осы  өңірдегі мектептерге апта сайын барып жүрміз. Сол уақытта мектеп оқушыларымен кездесіп, сөйлестік. Олар өте ашық. Балалар кездесу барысында сұрақтар қойып, өздерін толғандырған сауалдарға жауап алды. Олардың жаңа ақпаратты меңгеруге деген құлшынысы мен өмірге қызығушылығы өте жоғары екенін байқадық, - дейді қор басшысы.

Айта кетейік, жобаға қатысуға өтінімдерді қабылдау биылғы 3 наурызға дейін жүргізіледі.

Өзге елдердің тәжірибесіне қарасақ, түлектердің 90 пайызы білім саласында қалады екен. Бұлардың кейбіреулері жекеменшік мектеп ашып, бизнестерін дөңгелетеді. Өйткені олар мектеп өмірін ішінен білетін азаматтар. Сондықтан олар нақты әрі шынайы жобаларды жасай алады. Білім арқылы бүкіл елдің болашағын өзгерту – біздің қолымызда, - деп сөзін түйіндеді Гүлнәр Сәлмен.

Барлық жаңалықтар