00:00
Астана -10oC
USD:
441.66
EUR:
475.14
RUB:
4.86
Іздеу

Жаңа жылдық дастарханда балалардың денсаулығы ескерілуі тиіс– диетолог

26.12.2023 | 14:00
62
фото: дереккөзден

Жаңа жылға орай жайылатын дастарханға әдетте түрлі ас-ауқат  молынан қойылады. Оның барлығы адам денсаулығына пайдалы бола бермейтіні анық.  Көбіне ұсынылатын тағамдар әдетте ересектердің қалауына қарай дайындалады. Балалар болса сол ортақ дастарханға қойылған қуырылған, майлы немесе құнарлылығы аз, тіпті зиянды асты ішіп-жейтіні жасырын емес. Осы орайда Elorda.info балаларды дұрыс тамақтандыруға қатысты Астанадағы №10 қалалық емхананың салауатты өмір салты дәрігері Гүлмира Иманбаевамен сұхбаттасып қайтты.

Жаңа жылдық дастархан мәзірін дайындағанда балалар үшін нені ескеру керек?

Ересектер мен балаларға арнап ортақ дастархан жайылғанымен аналар кішкентайлардың жас ерекшелігін, азғасы мен қажеттілігін әрқашан ескергені дұрыс. Тіпті балаларға арнап арнайы ас мәзірі дайындалса құба құп болар еді. Себебі өсіп келе жатқан бала ағзасы қажетті дәрумендерді тамақтан алады. Мысалы құрамында Омега-3, йод, фосфор секілді минералдар көп болатын теңіздің майлы балығын, ақуыздың көзі болып саналатын жұмыртқа мен жеміс-жидектерді балалар қызығатындай әсемдеп, әдемілеп турап, үстелге қойса болады. Яғни баланың көзін қызықтыру арқылы тәбетін ашамыз, пайдалы тамақтарды жеуге үйретеміз. Шикідей жейтін болған соң жеміс-жидектердің жақсылап жуылуын қадағалаған жөн. Сонымен қатар балаларға таза және жылы суды көбірек ішуді үйретуге кеңес беремін. Аналар жай күндері пісіре бермейтін тамақтарды жаңа жылға орай дайындайды. Осы тұста балаға шектен тыс тамақ беріп, асқазанына ауырлық түсірмеуі керек. Аналар баланың асқазанын толтырып, тоқ жүруін ғана емес, беріп жатқан тамағының қаншалықты сіңімді, пайдалы екенін есте ұстаса. Сонымен қатар арнайы рұқсаты жоқ жерлерде сатылатын тағамдарды алуға болмайды. Ол жерде санитарлық талаптар да, жарамдылық мерзімі мен сақтау шарттары сақталмайды. Сондықтан мұндай тамақтарды жеген балалар уланып қалуы немесе денсаулығына басқа да зиян келуі мүмкін. 

Балалардың кішкентайынан дұрыс тамақтанбауы қандай ауруларға әкеп соғуы мүмкін?

Балаға ерте жастан дұрыс тамақтануды үйреткен жөн. Үлкендер өздері үлгі болып, зиянды тамақтан бас тартса бала да соған қалыптасып, мұндай тамақтарға үйір болмайды. Жастайынан консерванты көп фастфуд, тәтті сусындар,т.б. тез дайындалатын тағамдармен тамақтанатын болса, кейін келе семіздік, қант диабеті, артериялдық гипертония, жүрек аурулары, буын аурулары пайда болады. Бір жағынан депрессияға әкеп соғады. Тамақтануы дұрыс болмаған баланың сабаққа да спорттық секцияларға зауқы болмайды. 

Әдетте жаңа жыл түнінен қалған тағамдар келесі күні қайтадан дастарханға қойылады. Осындай кезде нені ескерген дұрыс?

Мерекелік дайын тағамдарды 24 сағаттан артық тоңазытқышта ұстауға болмайды. Ет, балық және майонез, кілегей қосылған салаттар, торт тағамдары ұзақ уақыт тұрып қалған жағдайда түрлі микробтар пайда болады. Жалпы дайындалған тағамдар үстелде 3 сағаттан артық тұрмау керек. Астан уланған жағдайда көбірек сұйықтық пайдаланса тезірек сауығады. Дәріханаларда регидрон, полисорб сияқты препараттар сатылады. Соларды ішуге болады. Тек балаларға арналған дозалық мөлшерін сақтау керек. Егер құсу немесе күніне 3-4 рет іш өтетін жағдай болса бірден жедел жәрдемге хабарласа аласыздар. Сонымен қатар жарамдылық мерзімі өткен тамақты еш ойланбастан қоқысқа тастаған жөн, мұндай өнімдерді тұтыну денсаулыққа айтарлықтай зиян келтіреді. 

7.jpg

Диетологқа көбінесе арықтап, салмақ тастағысы келетін адамдар келе ме? 

Диетологқа келетін пациенттердің көбінде дұрыс тамақтану мәдениеті қалыптаспаған. Салауатты өмір салтын ұстану үшін маманмен бірлесе отырып, дұрыс тамақтану бағдарламасын білгісі келетіндер сирек. Көбінесе денсаулығына байланысты түрлі шағымдары болған соң амалсыздан келеді. Семіздіктен арылғысы келгендер немесе қандай да бір аурумен дәрігерлік есепте тұратындарды қабылдаймыз. Байқауымша денсаулығында қандай да бір кінәраты бар жандар дәрігерге уақытылы келіп, қаралмайды.  Мысалы қант диабетімен, артериялдық гипертониямен ауыратын адамдардың ішінде диета дегенді біле тұра мүлдем  сақтамайтындар бар. Майлы тамақ жеп, артынан кола ішіп отыратын азаматтарды да көріп жүрміз. Сол үшін қазірден бастап аналар баласының денсаулығын ойлап, дұрыс тамақтануға үйреткені абзал. «Ауру-астан» деген сөз бекер айтылмған.

-Сұхбатыңызға рахмет.

Барлық жаңалықтар