00:00
Астана -10oC
USD:
474.83
EUR:
515.38
RUB:
5.5
Іздеу

Теміржол темірдей тәртіпті талап етеді

30.11.2023 | 04:00
189

Отандық теміржол саласының алға басуына өзіндік үлес қосып келе жатқан жандардың бірі Жасқанат Қайыржанов. Астана локомотив пайдалану депосында он жылға жуық қызмет етіп келе жатқан машинист маман, қарапайым еңбек адамы Elorda.info тілшісіне сұхбат берді.

-Теміржол саласын таңдауыңызға қандай жағдай себепші болды? Әлде бұл бала күнгі арманыңыз ба? 

- Туған жерім Ұлытау облысының Жаңарқа ауданы. Балалық шағым сол жақтағы 201- разъезде өтті. Әкем Манарбек теміржолшы болып жұмыс істейтін. Яғни бұл салаға келуіме әкем себепші болды. 5 жасымнан бастап теміржолшы боламын, өскенде пойыз жүргіземін дейтінім есімде. Ата-анам мамандық таңдауыма араласқан жоқ. Тек болашағыңды сол саламен байланыстырғың келсе оқы, біз үшін емес өзің үшін оқы деп ақыл айтты. Сөйтіп арман қуып Астанаға келдім, көлік және коммуникация колледжіне түстім. 2014 жылы мамандығым бойынша жұмысқа тұрдым. Алдымен көмекшінің көмекшісі, одан кейін машинистің көмекшісі болып жүрдім. Мамандық таңдауда қателескен жоқпын деп санаймын. Армандаған мамандығымды игердім, әлі де осы саладамын. Өмірде бір сүрініп, бір тұрып жатасың. Ол заңдылық. Сондай сәттерде мамандыққа адалдық сақталу керек деп санаймын. Кейін балам осы мамандықты қалап жатса, мен де әкемнің айтқанын қайталап, балама «оқы» дер едім. 

- Машинистің жұмыс күні қалай басталады?

- Біздің жұмысымыз лауазымдық нұсқаулық бойынша реттеледі. Ол жерде түрлі жағдайда әрекет етудің алгоритмі толық көрсетілген.  Мысалы, сапар алдында машинист электровозды қабылдап алуы тиіс. Алдымен ТУ 152 деген арнайы журналды тексереміз. Ол жерде локомотивтің ақаулары толықтай жазылады, қашан тексеруден өтті, қай жері бұзылды, қандай жөндеу жүргізілді деген сияқты. Одан кейін сыртқы бөліктері, кейін ішкі құрылғыларын шолып шығамыз. Өз басым локомотивті қабылдап алуды жақсы ниетпен, оң қолыммен бастаймын. Жұмыс кестеге сай жүреді. Мысалы, жүк көлігімен Астана-Қарағанды бағытында 12 сағат жүріп барсақ, ол жақта міндетті түрде 6 сағат тынығуымыз керек. Бірден кейін қайтуға болмайды. Әрбір сапарымыз кестеге сәйкес, алдын-ала бекітіліп қояды. 

- Машинист болып пойыз жүргізген ең алғашқы сапарыңыз есіңізде ме? 

-Әрине, есімде. 2020 жылы 5 қаңтарда жүк пойызымен Астанадан Атбасар станциясына жолға шықтық. Алғашқы рейстегі сезімімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Жол бойы 25 жасымда қыруар қаржы тұратын тауар тиелген жүк көлігін басқарып келе жатырмын деген мақтаныш сезімі кеудемді кернеді. Алғашқы рейсім қуаныш пен жауапкершілік, қорқынышпен есімде қалыпты. Қазір жүк көлігімен қатар жолаушылар тасымалдайтын пойызды да жүргіземін. Негізі теміржолшылардың бәріне бірдей пойыз жүргізуге рұқсат берілмейді. Оның да қатаң талаптары, шарттары бар. Өз басым машинист болу нағыз ер жігітке лайық жұмыс деп санаймын, өз мамандығымды мақтан тұтамын. 

- Сіз үшін жұмыста ең маңыздысы не? Пойыз жүргізушілері ұстанатын қағида қандай?

-Жұмыс барысында аса мән беретінім темірдей тәртіптің сақталуы. Тәртіп болмаса бәрі бекер. Сонымен қатар машиниске қырағылық, жауапкершілік, сабырлық сияқты қасиеттер қажет. Себебі кейде далада жайылып жүрген төрт түлік немесе адамдар рельске шығып кетуі мүмкін. Сол кезде машинистен салқынқандылық пен сабырлылық талап етіледі. Әрі электровоздың ішкі- сыртқы құрылысын жатқа білуің керек. Машинистің міндеті тиелген жүкті немесе жолаушыларды діттеген жеріне аман-есен жеткізу. Осы міндетті абыроймен атқарғым келеді.

-Сұхбатыңызға рақмет.

 

Барлық жаңалықтар