00:00
Астана -10oC
USD:
441.66
EUR:
475.14
RUB:
4.86
Іздеу

Түркияда қазақтың құмай тазысына арналған фотокөрме өтті

04.12.2023 | 07:00
78
Фото: дереккөз

Түркиядағы Стамбул қаласының тарихи орталығы Гюльхане саябағында «NOMAD» ұлттық аңшылық клубы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Желден де жүйрік тазы» атты бірегей фотокөрме өтті, деп хабарлады Elorda.info

Іс-шара қазақ халқының табиғатымен үндескен құмай тазыға арналды. Тазы – аңшылық пен саятшылықпен қоса, ұлтымыздың мәдениеті мен тарихының бір бөлігі. Кейінгі уақытта тазылардың сиреп кеткені жасырын емес. «Nomad» қоғамдық берлестігі 2010 жылдан бастап осы қазақ тазысының санын қалпына келтіруге, дамытуға және көбейтуге күш салып келеді. Еліміздегі түрлі іс-шараларға қатысып, тазыны кеңінен насихаттауда. 

Түбі бір түркі елінде өткен көрмеге Найза, Алғыр, Таймас, Шағала, Нейзи, Қаршыға, Басар, Ұшар атты тазыларының саятшылықта, баптау кезіндегі әртүрлі сәттегі фотосуреттерін алып келдік. Стамбул тұрғындары мен шет елдік туристердің қазақтың ұлттық саятшылық өнері мен тазысына қызығушылығы жоғары деңгейде болды, - дейді «Nomad» қоғамдық бірлестігінің идеологиялық жетекшісі Абзал Досыман.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Астанада өткен Наурыз мерекесінде арнайы ұйымдастырылған тазы көрмесінде болып, қазақ тазысын халықаралық деңгейде насихаттаудың маңыздылығын және де бұл бастамаға Сыртқы істер министрлігі де атсалысуы тиіс екенін атап өткен болатын.

Бұл орайда 2023 жылғы 3 қаңтардағы «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы бойынша «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» 2004 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына біршама өзгерістер енгізе отырып, қазақы ит тұқымдарын сақтап, өсімін молайтудың заңдық негізін айқындаған. 

Бұл заң жобасы – ғылыми зерттеулер негізінде қазақ ит тұқымдарының сақталуын және өсімін молайтуды, асыл тұқымды жануар туралы шежіре кітап құрастыруды қамтамасыз етуге арналған көп қырлы заң жобасы. Сондай-ақ, биыл Экология және табиғи ресурстар министрлігі қазақы ит тұқымдары – тазы мен төбеттің стандарттарын бекітті.

Барлық жаңалықтар