00:00
Астана -10oC
USD:
444.14
EUR:
477.05
RUB:
4.85
Іздеу

Шабақты көлі демалушыларды шақырады

31.07.2023 | 12:30
52
Фото: дереккөз

Шортандыдан  6-7 шақырым жердегі Ақылбай ауылының маңындағы Кіші Шабақты көлі жаз мезгілінде демалушылар үшін ең қолайлы орын, деп хабарлады Elorda.info тілшісі.

Шіліңгір шілдедегі шыдатпайтын ыстық тамызда да жалғасатын түрі бар. Мұндайда бәріміз суына шомылып, рахаттанатын жер іздейміз. Баратынымыз – Бурабай. Көретініміз – кептелген көліктер, адамға толған жағажайлар, «ұшқан» бағалар, оңалмаған сервис және тағы басқалар. Бурабайдағы жаныңды ауыртатын жайттың бірі – тазалықтың жоғы, экомәдениеттің төмендігі. Әсіресе, Көкшетаудың саясындағы сексен көлдің көбісінің суы ластанып барады! Бұл – бөлек әңгіменің өзегі. 

Суы жұмсақ, таза көл іздесеңіздер, Шортандыдан (орысша Щучинскі деп аталып жүр) 6-7 шақырым жердегі Ақылбай ауылының маңындағы Кіші Шабақты көліне барыңыздар. Бұл көлдің суы жаздың ыстық күндерінде 24-28 градусқа дейін жылиды. Бурабайдағы ең ұзын көлдердің бірі, ұзындығы 13,6 шақырымға, жағалауының ұзындығы 29,2 шақырымға созылып жатыр. Көлдің суы тұзды болғандықтан, теріңізге майдай жағады! Жағасы құмды, күнге қыздырынуға өте қолайлы. Ең бастысы, саф ауа, көк майса, тау мен көл жанға жайлы тыныш жер!  

Бұл жердің тағы бір кереметі балық аулаймын деген адам үшін таптырмас мекен десе болады. Кіші шабақты көлінде балық көп. Көлден алабұға, ақтабан, көксерке, шабақ, сазан және бүрге секілді балықтың бірнеше түрін аулауға болады.

Демалушылар көрсететін қызметі туралы аз-кем ақпарат берейін. Ақылбай ауылының шетінде, тура көлдің жағасында бір тамаша демалыс орны бар. Әрі ұлттық, әрі заманауи демалыс дәстүрлері бір жерге жинақталған. Қалауыңыз бойынша, нағыз қазақтың киіз үйінде, қазақы ағаш төсекте, түндіктен түскен Ай сәулесіне қарап жатып, ұйқыңызды бір қандырасыз (бұ ғажайыпты тек көзбен көріп, көңілмен сезіну керек). Егер заманауи нөмірде қонамын десеңіз, ағаштан жасалған үйіңіз (дәретханасы, душы ішінде) де дайын. Үш немесе бес жұлдызды қонақүйден кем емес. 

Ас-суыңызды ала барсаңыз, қалауыңыздағы тамақты (үлкен ас, қуырдақ, сірне, кәуап және т.б.) пісіреп ішесіз. Кешкілік алаудың жанында би билеп, теріңізді бір шығарасыз. Одан кейін, рахаттанып түсетін моншаңыз дайын! Моншадан шығып, салқын суға шайынып алып, түнгі аспандағы жұлдыздарды санай беріңіз! Демалыс орнындағы үйлердің жалға алу құны қымбат емес. Адам қарасы қалың. Тамыздың тамылжыған таңын қарсы алуға, тау бөктеріндегі Шабақты көлінің әсемдігіне тамсанып қалуға асығыңыздар, достар! Бұл сондай-ақ дәстүрлі той-думандарды, отбасылық басқосуларды табиғаттың аясында атап өтуге таптырмайтын жер!

Ең бастысы, суы таза көлге шомылып, салқындаған кезде: «Мына жер расында да керемет екен!» деп айдарыңыздан жел есіп, судан шыққыңыз келмей, жүзе бересіз! Егер отбасымен бірге, я болмаса әріптестермен бірге жазғы демалысыңызды әлі жоспарламаған болсаңыз, Шабақтыға шомылыңыз! Ондағы демалыс орнының қожайыны Жанар Жайлаубайқызымен (+7 775 071 8727) хабарласып, демалатын күндеріңізді алдын ала ескертіп қойсаңыздар нұр үстіне нұр болар. 

                                                                                                                                      Төлен ТІЛЕУБАЙ 

Барлық жаңалықтар