00:00
Астана -10oC
USD:
441.66
EUR:
475.14
RUB:
4.86
Іздеу

Наурыз мерекесі Көрісу күнімен басталады – тарихшы

14.03.2024 | 05:02
88
Фото: ашық дереккөз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, жақында «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында, Наурыз мерекесін бұрынғыдан басқаша форматта тойлау керектігін атап өткен болатын. 

Наурыз мейрамы жаңаруды білдіреді, сонымен қатар оны жаңаша: мазмұнды, жасампаз, жаңа ерекшеліктерді енгізу арқылы тойлау қажет. Бұл қоғамды біріктіруге және ұлттық бірегейлігімізді нығайтуға септігін тигізетініне сенімдімін», - деген болатын президент.  

Ұлыстың ұлы күні мен Көрісу күні бір-бірімен ұшастып жатқан мереке екені  белгілі. Сондықтан да болар, еліміздің батыс өңіріндегілер Наурыз мерекесін  14-де Көрісу дәстүрімен бастап кетеді. Тарихшы Аққали Ахмет басқа өңірлерге таңсық осы көрісу дәстүрінің шығу тарихын айтып берді. 

Наурыз мерекесінің, оның ішінде 14 наурыз – Көрісу күнінің тарихы сан тарау. Оны әр тарихшы, этнограф әрқилы тарқатады. Олардың азды-кем өзгешелігі болғанмен, барлығының ойы бір арнада тоғысады. Наурыз мерекесін тойлау дәстүрі дүниежүзі халықтарының көпшілігінің тұрмыс-салтында бағзы замандардан бар. Тарихи деректерге көз жіберсек, Әбу Райхан Бируни, Омар Һайям т.б. еңбектерінде шығыс халықтарының Наурызды қалай тойлағандығы туралы мәліметтер жиі кездеседі. Соған қарап кейбіреулер мұны парсылардан шыққан діни мейрам деп жүр. Бірақ,  олай емес.

1926 жылға дейін қазақ даласында Наурыз тойланды. Өкініштісі, сол жылы ол «діни мейрам», «ескілік сарқыншағы» деп танылып тоқтатылды, бірақ еліміздің бар аумақтарында жасырын түрде сақталып қалды. 80-шы жылы еліміз Наурыз мерекесімен қайта қауышты. Ал тәуелсіздік алғаннан кейін мемлекеттік мереке ретінде тойлана бастады. 

Батыс өңірлерінде 14-ші наурыздан бастап «көрісу» басталады. Біздің бала кезімізден санамызға сіңіп қалған осы дәстүр әсерінен де болар, Наурыз мерекесі осы көрісуімен де ерекше болып тұрады, - дейді Аққали Ахмет. 

Спикер, сондай-ақ, көрісу не себептен 14 наурыздан басталатынын, мерекенің Амал деп аталуына қатысты пікірін білдірді. 

ад.jpg

Тарихқа көз салсақ, Көрісу күнінің 14 наурызда тойлануының бір себебі күнтізбенің алмасуында жатыр. Әлем жұртшылығы шаруаның жайына қарай, қардың еруі, өзендердің тасуы, құстардың көктемде келіп, күзде қайтуын ескеріп, осы құбылыстардың қайталануын жыл деп есептеп, табиғи күнтізбелер жасаған.

1918 жылдың 24 қаңтарында «Батыс Еуропа күнтізбесінің Ресей мемлекетіне енгізілуі туралы» В.И.Ленин қол қойған декрет қабылданды. Бұл кезде юлиан және григорий күнтізбелерінің арасындағы алшақтық 13 күнге жеткен еді. Декретте көрсетілгендей, 1918 жылдың 31 қаңтарынан кейінгі күн 1 ақпан емес, 14 ақпан болып есептелді. Соның әсерінен бұрын 1 наурызда Жаңа жыл — Ұлыс күнін тойлайтын қазақ елі 1918 жылдан бері қарай 14 наурызда көрісіп келеді деуге болатын сияқты. 

Үлкендеріміздің «14-нен 1 жаңа» деп отыратыны содан болар. Ертеде біздің қазақ бұл күнді «наурыз»  демей «амал» деген. Бұл қазіргі күнтізбе бойынша 14 наурызға сәйкес келеді. 

Бұл күнді маңғыстаулықтар «Амал мерекесі» деп атайды. Олар 14 наурыз күні Маңғыстаудағы таудың ең биік нүктесі – Отпан тауға жиналып, бірлігіміз берік болсын деген тілекпен от жағады, ел болып көріседі. Ал Атырау облысында әуелден «Көрісу күні» деп аталады, - деді тарихшы.

Ол Кеңес кезеңінде Наурызды тойлауға рұқсат бермегенмен, көп жерде бұл күнді жасырын қарсы алғанын, соның арқасында көрісу дәстүрі де сақталып қалғанын айтады. Тарихшы балалық шағында көрісу дәстүрі қалай көрініс тапқанын, бүгінде қалай жалғасын тауып отырғанын да әңгімелеп берді. 

70-жылдары бала кезімде ауылдық жерде қарт әжемнің қолында тәрбиеленгенмін. Ол кезде біз бұл айды «март» дейміз, олар «наурыз» деп отырады. Көрісуге жақындағанда үйдегі көрпе-көпшік, киім-кешектің бәрін далаға жайып қоятын еді. «Қыстан қалған соғымның сыбағасын шығар, қазір ағайын-туғандар келеді, көрші-көлем келеді» деп таңертең шешемізге тапсырма беретін. Түс әлетінде ауыл азаматтары көрісіп келетін. Наурызда бүкіл мал төлдейтін кез, әжеміз «міне, қыстан аман шықтық, аузымыз аққа тиді» деп бір қазан уыз қайнататын еді. Сүр еттің иісі бұрқырап пісіп жатады. Қуырдақ қуырылып жатады. Дастарханға бауырсақ, құрт-ірімшікті шашып тастайды. Наурыз айының аяғына дейін үйден қонақ арылмайтын. Бұл күндері үй іші «біреу-міреу көрісе келіп қала ма» деп қамданып, қазан оттан, самаурын шоқтан түспейтін. Дәстүр бойынша, ерлер қол алысып, құшақтасып, әйелдер екі қолдарын айқастырып, иық қағысып көріседі. Бір-біріне «Жасың құтты болсын!», «Бір жасыңмен!» деп тілек айтады. Ал бізді, балаларды көрші отырған үлкендерге немесе шалғайлау отырған құда-жекжатқа таңертең тұрғызып, жақсы киіндіріп, «көрісіп келіңдер» деп жіберетін. Біз көрісе барған үлкендер мәре-сәре болып қуанатын. Міне, Көрісу күнінің тағы бір мәні осында. Жас ұрпақ үлкенге сәлем беріп, келген қонақты төрге шығарудан бастап бүкіл салт-дәстүрімізді, тәлім-тәрбиені  бойына сіңіреді. Біз өзіміз әлі күнге дейін үлкендерге барып көрісеміз. Бала-шаға бізге көрісіп келеді, - дейді Аққали Ахмет.

Барлық жаңалықтар