00:00
Астана -10oC
USD:
441.66
EUR:
475.14
RUB:
4.86
Іздеу

Әлихан Смайылов еуразиялық кеңістікте цифрлық платформа құруды ұсынды

02.02.2024 | 10:43
56
Фото: primeminister.kz

Алматыда 1-3 ақпан аралығында өтіп жатқан іс-шарада мемлекеттік басқару, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және басқа да салалардағы цифрлық трансформация тақырыптарын қамтитын ауқымды іскерлік бағдарлама ұсынылған. Панельдік пікірталастарға халықаралық сарапшылар, сала көшбасшылары, IT және бизнес салаларындағы жетекші инноваторлар қатарынан 200-ден астам спикер қатысуда.

Үкімет басшысы өз сөзінде бүгінде біз жасанды интеллект технологияларының қарқынды дамуы, роботтандыру, сондай-ақ адам өміріндегі іс-әрекеттердің цифрлық түрленуінің куәсі болып отырғанымызды атап өтті.

Мұндай жағдайда тез бейімделу және бірден жаңа шешімдер қабылдау мүмкіндігі жетістікке жетудің маңызды факторына айналады. Бұл өзгерістердің адами аспектісіне ерекше назар аудару қажет, - деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, мұндағы бірінші және негізгі бағыт – мемлекеттің азаматтармен және бизнеспен өзара іс-қимылы кезінде адам қажеттілігіне бағытталған тәсілді қалыптастыру.

Өткенді еске түсірейік. Құжаттарды қағаз түрінде алу үшін көп уақыт жұмсауға тура келетін. Бүгінде цифрландыру осы үдерістердің барлығын жеңілдетті. Қазір мемлекеттік қызметтердің 90%-дан астамы электронды форматта. Отбасының цифрлық картасы арқасында 6,3 млн қазақстандық отбасының деректері цифрландырылды. Жалпы мемлекеттік қызметтердің 40 түрі проактивті форматта көрсетіледі, - деп атап өтті Премьер-Министр.

Үкімет басшысы мемлекет пен бизнес ынтымақтастығының табысты мысалы ретінде коммерциялық банктердің бағдарламалық қосымшаларында мемлекеттік қызметтерді ұсыну екенін атап өтті. Бұл – онлайн-ипотека, автокөлік сатып алу/сату, салық төлеу, жәрдемақы алу және тағы басқа да қызмет түрлері.

img-3379_1.jpeg

Әлихан Смайылов атап өткендей, Қазақстанның коммуникациялық инфрақұрылымын дамыту мақсатында өткен жылы «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы қабылданған болатын. 2027 жылға қарай интернеттің таралуы 100%-ға жетеді деп күтілуде. Осылайша, ауылдық елді мекендерді сапалы байланыспен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, биыл шалғайдағы 2 мың ауыл мектебін жоғары жылдамдықты интернетпен қамту жоспарлануда.

5G байланысы іске қосылды, оны қазірдің өзінде еліміздің 20 қаласында 2 миллионнан астам адам пайдаланады. Келесі жылы 8 миллионнан астам адамды 5G байланысымен қамтамасыз ету жоспарлануда, – деді Премьер-Министр.

Оның айтуынша, Қазақстан цифрлық әлемде жаңа Жібек жолының негізгі қатысушысы болуға ұмтылуда.

Көршілерімізбен бірлесе отырып, біз Каспий теңізінің түбімен оптикалық байланыс бағытын іске асыруды жоспарлап отырмыз және Парсы шығанағы елдерімен оптикалық байланыс орнату нұсқаларын қарастырып жатырмыз, – деді Үкімет басшысы.

Қорытындылай келе, ол аймақ елдерін жасанды интеллект саласында бірлесіп зерттеулер жүргізу және деректерді өңдеу мен талдау үшін ортақ қажетті инфрақұрылым құру жолында күш біріктіруге шақырды.

Біз технологиялық шешімдермен, патенттермен және инновациялық идеялармен алмасу үшін цифрлық платформа құруды ұсынамыз. Бұл біздің өзара іс-қимылымызды жақсартып, өңіріміздегі кәсіпкерлер мен зерттеушілерге соңғы технологияларға қол жеткізуге мүмкіндік береді, – деді Әлихан Смайылов.

Пленарлық отырыстан кейін Қазақстан, Беларусь, Ресей және Өзбекстан үкіметтерінің басшылары «Digital Almaty Awards» сыйлығымен марапаттау рәсіміне қатысты.

Барлық жаңалықтар