00:00
Астана -10oC
USD:
467.29
EUR:
501.03
RUB:
5.35
Іздеу

Тойды түріктер секілді артық шығынсыз өткізген дұрыс – Әсем Ережеқызы

16.05.2024 | 10:01
Сабина Кәкімжан
142
Тойды түріктер секілді артық шығынсыз өткізген дұрыс – Әсем Ережеқызы
Фото: Спикердің әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды

Еліміздің білімді жастары әлемнің түкпір-түкпірінде ғылыммен айналысып, оқып, зерттеу жүргізіп жатыр. Олар сапалы білім алып, білікті мамандар қатарын толықтыруы үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған. Оқуын тәмамдағандары елге оралып, әр саланың алға басуына үлес қосып, елге қызмет етіп жүр. Шетелде оқығысы келетіндердің көбі «Болашақ» бағдарламасын таңдап жатады. Осы орайда Elorda.info тілшісі оқуын сәтті аяқтап, Стамбұлдан елге оралған «Болашақ» стипендианты Әсем Ережеқызымен сұхбаттасты.

Соңғы жылдары Түркия университеттерінде білім алуға қызығушылық танытатын қазақстандықтардың қатары артып келеді. Әсем Ережеқызы да осы елді таңдаған.

Мен студент кезімнен бастап өзге жастар секілді «Болашақ» бағдарламасымен білім алуды армандайтынмын. Мектеп бітірген соң Семейдегі Шәкәрім атындағы университетке филология факультетіне оқуға түстім. Бакалаврды бітіріп, магистратура бойынша  оқуымды жалғастырдым. Кейін Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде докторантурада білім алдым. 2021 жылы Қазақстан Халқы Ассамблеясында баспасөз қызметінде жұмыс істеп жүргенде бала күнгі арманыма қол жеткіземін деп нақты қадап жасап, әрекетке көштім, - деді спикер.

Кейіпкеріміз докторантурада оқып жүргенде Стамбұл қаласында тағылымдамадан өткен. Бұл елдің мәдениетіне қызығушылығы осы кезде басталыпты. Стамбұл университетінде Түркология мамандығы бойынша бір жыл білім алған. Оның айтуынша, әлемнің маңдай алды университеттерінде тегін білім алу – үлкен жетістік.

Түріктер – өте қарапайым, қанағатшыл, ысырапшыл емес. Қоғамдық тамақтану орындарында ер азаматтар жұмыс істейді. Күнделікті сол жұмысынан табыс тауып, бала-шағасына тамағын сатып алғанға қуанады. Мәселен, бізде бәсекелестіктен несиеге қымбат тауарлар сатып алады. Тіпті несиеге ақша алып, той-томалақ өткізеді. Мен ипотекаға үй алу немесе баланы шетелде оқытуға қарсы емеспін. Ал несиеге алынған қаражатқа той өткізуге үзілді-кесілді қарсымын, - деді спикер.

Әсем Ережеқызы түріктерде той қалай өтетінін айтты.

Өзім бірнеше тойға қатыстым. Сонда байқағаным, оларда тойға шақыру билеттерінде «тамағы бар» және «тамағы жоқ» деп жазылады. Біріншісінде тек печенье, сусын және шәй болады. Мұнда меймандар жас жұбайларға сыйлықтарын беріп, тойды тамашалайды. Бір байқағаным, түріктер тойға қымбат сыйлық апарады. Алайда тойда тамақ болмауы мүмкін. Ал тамағы бар тойда біздегідей тауықтан, балықтан тағамдар болмайды. Тіпті ет, салаттың түр-түрі ұсынылмайды. Мұнда бір реттік қолданылатын ыдыстарға суға піскен күріш, аздап ет және салат беріледі. Байқағаныңыздай, барлығы өте қарапайым. Оған көп қаражат та жұмсалмайды. Меніңше, шамамен 400 мың теңге кететін шығар, - деді спикер.

Әсем Ережеқызы біз де той-томалақты түріктер секілді артық шығынсыз өткізіп, оған жұмсалатын қаражатты жас жұбайлардың баспана сатып алуына алғашқы жарна ретінде берсек деген ойын жеткізді.

Мұнда оқытушылар студенттерге дипломдық, зерттеу жұмыстарына ауқымы кең тақырыптарды бекітпейді. Студенттер тек нақты бір тақырыптың аясында зерттеу жүргізеді. Екіншіден, кампустар өте ыңғайлы әрі ішінде бөлек ас үйі бар. Мұнда тамақ әзірлеуге қажетті заттардың бәрін табасыз. Сондай-ақ жатақханаларда студенттерге тегін таңғы және кешкі ас беріледі. Ал жатақханада ыстық тамақ 175 теңге тұрады, - деді Әсем Ережеқызы.

Дегенмен Қазақстанның Түркиядағы білім жүйесінен ұтымды тұсы да бар.

Бізде талапкер мемлекеттік грантпен оқыса ай сайын шәкіртақы беріледі. Ал Түркияда олай емес. Ол жақта грантпен жоғары оқу орындарында тегін оқисыз, бірақ шәкіртақы жоқ. Бұл тұрғыдан біздің ел алда тұр деп ойлаймын. Сондай-ақ әр оқытушының университетте жеке аудиториясы бар. Сабақ аудиторияда, болмаса университет бақшасында өтеді. Осылайша  студенттер шәй-кофесін құйып алып, ашық аспан аясында сабақ оқиды, - деді Ә.Ережеқызы.

Бір ерекше атап өтерлігі, Түркиядағы университеттерде оқу ақысы – өте арзан. Бұл сөзімізді осында білім алған спикеріміз де растап отыр.

Расында солай. Мәселен, бакалаврда Стамбұлда жылдық оқу ақысы 320 мың болса, Анкарада 250 мың теңге. Ал шағын қалаларында жылдық оқу ақысы бұдан да арзан, - деді ол.

Сөз соңында Әсем Ережеқызы қазақ жастарына өзінің пайдалы кеңестерін айтты.

Қай елде болмасын оңай әрі жеңіл дүние жоқ. Сондықтан мақсат қойып, соған жету жолында әрекет еткен дұрыс. Мен қазақ жастарының шетелде, әсіресе Түркияда білім алуын қолдаймын. Қазіргі жастардың көзі ашық, көкірегі ояу. Шетелде жұмыс істеу, білім алу олардың қолынан келеді. Бастысы ниет болса жеткілікті. Өзге елде олар басқа мәдениетті көріп, ой-санасы кеңейеді. Тек қазақи тәрбиені, өз елі мен жерін ұмытпағаны абзал. Оқуға барғандардың миссиясы – озық үлгілерін елге әкелу. Қазақ қоғамына жанашылдықты әкелсе, сол арқылы қоғам да өзгереді, - деп сөзін түйіндеді спикер.

Барлық жаңалықтар