00:00
Астана -10oC
USD:
450.79
EUR:
482.21
RUB:
5.05
Іздеу

Қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін 37 зауыт салынады

12.03.2024 | 06:45
96
Фото: primeminister.kz

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Үкімет қалдықтарды басқару саласындағы жобаларды жеңілдікпен қаржыландыру тетігін бекіткенін еске салды. Бұл қоқыс таситын көліктерді сатып алуға, сұрыптау желілерін іске қосуға және қайта өңдеу қуаттарына қатысты. Қаржыландыру Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы 3 жылдан 15 жылға дейінгі несие беру мерзімін және 3%-дық сыйақы мөлшерлемесін қарастырады.

Қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу бойынша жалпы қуаттылығы жылына 1,2 млн тоннадан асатын жаңа 37 зауыт салу және жұмыс істеп тұрған 8 зауытты жаңғырту жоспарланып отыр. Бұл өңдеу көлемін жылына 1,4 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді.

Премьер-Министр атап өткендей, республиканың көптеген өңірлерінде әлі күнге дейін коммуналдық қалдықтарды ұтымды жинау мен шығаруға және оларды сұрыптап, қайта өңдеуге жеткілікті көңіл бөлінбей келеді. Оңды-солды рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері пайда болуда. Оларды жою мәселелері уақтылы шешілмейді. 

Халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, дамыған елдер тұрмыстық қалдықтарды қайтадан өңдеп, барынша кәдеге жаратуда. Ал, бізде қарапайым сөзбен айтқанда, жиналған қоқысты жерге көме салу, тіпті болмаса таудай қылып үйіп қою үйреншікті жағдайға айналды. Бұл елді мекендердің көркін бұзумен қатар, ешқандай санитариялық, экологиялық нормаларға сай келмейді, - деді Олжас Бектенов.

Премьер-Министрдің айтуынша, тамақ қалдықтарын кәдеге жарату мен қайта өңдеу мәселелері де шешімін таппай отыр. Осыған байланысты қалдықтарды жинаудан бастап, қайта өңдеуге дейін кәдеге жаратудың тиісті тетіктерін әзірлеу қажет.

Министрлік пен өңірлер бұл жұмысты созбалаңға салып жіберді. Кәсіпорындардың көпшілігі қайталама шикізатты жинаумен, оны буып-түйіп, шетелге сатумен ғана айналысады. Ал, қалдықтарды қайта өңдеп, түпкілікті өнім шығарып отырғандар аз, - деді Үкімет басшысы.

Барлық жаңалықтар