00:00
Астана -10oC
USD:
439.43
EUR:
473.31
RUB:
4.82
Іздеу

Аймақтарды қалпына келтіруге қажетті ресурстар бөлінеді – Бозымбаев

02.04.2024 | 19:00
52
Фото: primeminister.kz

Премьер-Министрдің орынбасары – Су тасқынына қарсы шараларды үйлестіру және қарғын су жүру кезеңінің салдарын жою жөніндегі республикалық штаб басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев Қостанай облысына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлады Elorda.info.

Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Қанат Бозымбаев төтенше жағдай жарияланған Амангелді, Жангелді аудандары мен Арқалық қаласындағы жағдаймен танысты. Қанат Бозымбаев аймақ басшысы Құмар Ақсақаловпен бірге Амангелді ауданы Амангелді ауылындағы су басқан үйлерді аралап, облыс орталығына апаратын жолдардың жағдайын зерделеп, халыққа көмек көрсету бойынша еріктілер орталығына барды. Орталықтың ұйымдастырушысы Айбек Танабаев ауданға гуманитарлық көмектің әлі де келіп жатқанын айтты. Мұнда 3 күн ішінде 20 тоннадан астам азық-түлік, киім-кешек және гигиеналық құралдар жеткізілді.

Су тасқынына қарсы шараларды үйлестіру және қарғын су жүру кезеңінің салдарын жою жөніндегі облыстық жедел штаб Арқалық қаласында орналасқан. Облыстың барлық аумағында облыстық, қалалық және аудандық жедел штабтар жұмыс істейді. Шығынды бағалау бойынша комиссия құрылды.

Қостанай облысының оңтүстігіндегі 75 жеке тұрғын үйді су басқан. 13 су шайған және 7 бүлінген жол (1 көпір,  6 жол жамылғысы) бақылауда. 12 елді мекенде көлік қатынасы жоқ. 1,2 мың адам эвакуацияланды, олардың 408-і балалар.

Қарғын суды сору, қаптарды төсеу жұмыстары жалғасып жатыр. Су тасқыны басталғаннан бері 686,2 мың текше метрден астам қарғын су сорылып, 16 мыңнан астам қап төселіп, 1,3 мың тонна инертті материал төгілді. Құтқару жұмыстарына 1,7 мың адам, 517 бірлік техника, 30 суда жүзу құралы және 2 ұшақ жұмылдырылған.

 Адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және зардап шеккендерге көмек көрсету үшін барлық жағдайды жасау керек. Су тасқынының зардаптарын жою жұмыстары тәулік бойы жүргізілуі тиіс. Өңірлерді қалпына келтіру үшін барлық қажетті ресурстар бөлінеді, - деді Штаб басшысының орынбасары.

Барлық жаңалықтар