00:00
Астана -10oC
USD:
444.14
EUR:
477.05
RUB:
4.85
Іздеу

Волонтерлік қызмет қазақ халқында бұрыннан бар – ерікті

31.03.2023 | 19:36
Аяулым Алтынбек
49

Өз еркімен қоғамға пайдасын тигізуді көздейтін еріктілердің қатары жыл санап артып келеді. Солардың бірі – 17 жасынан ерікті болып келе жатқан Гауһар Жұмағазиева. Ол өзінің волонтерлік қызметі туралы айтып берді, деп хабарлады Elorda.info. 

Гауһардың 10 жылдан астам волонтерлік өтілі бар. Ол – «Д.А.Р» волонтерлық клубының үйлестірушісі.

«Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтардың одағы» қоғамдық ұйымы жанынан ашылған, достық, адалдық, рақымшылық (доброта, альтруизм, радость) деген ұғымдардың бас әрпінен құралған – «Д.А.Р»  волонтерлік клубы 2007 жылы құрылған. Өңірдегі белсенді үкіметтік емес ұйымның қызметі негізінен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетуге, соның ішінде әлеуметтік көмекке бағытталған. Қазіргі таңда жүзден астам мүшесі бар «Д.А.Р» клубының мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жандарға демеу болу, оларды, әсіресе, балалар мен жастардың қоғамға бейімделіп, әлеуметтендіруге қатысу.

Мұндағы волонтерлер әлеуметтік іс-шараларда арбаға таңылған, тірек мүшесі зақымдалған, 1-топтағы мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсетіп, олардың жүріп-тұруына көмектеседі.

Мен осы клубтың жаңадан қосылған мүшелеріне волонтерлік қызмет туралы дәріс оқып, нұсқау өткіземін. Бұл зор жауапкершілікті қажет етеді. Сол себепті де қатарымызға кәмелет жасынан асқандарды ғана қабылдаймыз. Қазіргі таңда Ұлттық еріктілер желісінің бастауымен «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан, ауқымды әлеуметтік республикалық «Жеңіс» жобасының Ақтөбе облысы бойынша үйлестірушісімін. Бұл жобада 4 жылдық жұмыс тәжірибем бар. Жоба Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін қолдауға, көмек көрсетуге бағытталған. 2022 жылы Ақтөбе қаласы бойынша 60 адамды қамтып, оларға жүйелі түрде колдау көрсету жоспарланып отыр. Волонтерлер қыркүйек айынан бастап 2 соғыс ардагері мен 45 тыл еңбеккеріне мекенжайы бойынша рейд жасап, оларға көмек көрсету жұмыстарын жүргізе бастады, - дейді ерікті.

Гауһар осы ұйымыдағы волонтерлердің жобалары жайлы айтып берді.

Волонтерлер ауылдық жерлердегі мүгедектерді қолдауға бағытталған «Азаматтық борыш», мүгедектерді заң талаптарымен таныстыратын «Мүгедек және құқық», арнайы білім саласындағы қызметтерге бағытталған «Менің алғашқы ұстазым», «Біздің өмірқозғалыста!» атты қолмен басқарылатын автомобильдер шеруі, отбасында мүгедек балалары бар отбасыларды қолдайтын «Алтын жүрек»  фестивалі, «Қала мен бала» мүгедектігі бар балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық конкурстары, мүгедек адамдардың Халықаралық Мүгедектер Конвенциясымен танысуына бағытталған «Шексіз мүмкіндіктер», «Талап» мүгедек жастардың бастамалар мен идеялар жобасы, «Әлеуметтік туризм» - мүгедектігі бар балалар мен жастарға бағытталған өңірлік туризмді дамыту жобасы, «Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтендіру» жобасы  және тағы басқа маңызды іс-шараларды жүзеге асырды.

Ұйымдағы волонтерлер «Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтар одағының» ұйымдастыратын іс-шараларында мүгедек азаматтарды сүйемелдейді, жүріп-тұруына көмектеседі, мүмкіндігі шектеулі балалардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған бағдарламаларға қатысады. Мүгедектерге адрестік көмек көрсетеді, олармен достасады, бос уақыттарын бірге өткізеді, әлеуметтендіреді, - дейді Гауһар.

Оның айтуынша, волонтерлік қызметтің ауқымы кең.

Қазіргі таңда қоғам арасында волонтерлік қозғалыс өте танымал, өте қарқынды дамып келе жатыр. Дегенмен де, кейде бұл қоғамдық қызметтің мәнін, мағынасын дұрыс түсінбей жатқандар да кездеседі. Мұндай жағдайлар волонтер имиджінің төмендеуіне әкеледі. 

Көпшілігі волонтерлік деген тек қана қаражат жинау қоры, көшелерде  ақша жинауды ұйымдастыру арқылы қаржылық көмек көрсету деп түсініп жатады. Әрине, ол қайырымдылық іс-шараларын жоққа шығаруға болмайды. Бірақ волонтерлік қызметтің ауқымы мұнымен шектелмейтінін айту керек. Қазіргі таңда Қазақстан бойынша жан-жақты жүзеге асып жатқан волонтерліктің 15 бағытын белгілеп кетуге болады: медициналық волонтерлік, донорлық, экологиялық, әлеуметтік, медиа волонтерлік, имидждік шаралар, жануарларды қорғау, төтенше жағдайларға қатысу, мәдени волонтерлік, спорттық волонтерлік, Pro Bono, корпоративтік волонтерлік, онлайн, этно еріктілік, халықаралық волонтерлік, IT волонтерлік.

Елімізді волонтерлік қызмет қарқынды дамып келе жатқанының жарқын дәлелі –  Волонтер жылының атылып өтуі деп есептеймін. Волонтерлер жылында мейірімді жастарға етеңе көңіл бөлініп, бұл саланың одан әрі дами түсуіне күш салынды. Волонтерлік қызмет қазақ халқында бұрыннан бар, біздегі байырғы «Асар», «Үме» секілді ізгі амалдар – бұған анық дәлел, - деп атап өтті ерікті.

Оның ойынша, волонтерлік бағдарлама жастарға, студенттерге үлкен мүмкіндіктер сыйлайды. Жастардың бойында көптеген жаңа дағды қалыптасады.

Волонтерлік бағдарламалар мен үшін үлкен өмірлік тәжірибе берді. Сол секілді осы бағдарламаларға жүйелі түрде қатысатын жастардың бойында көптеген жаңа дағды қалыптасады, тұлғалық дамуына оң әсерін тигізеді. Қандай да бір әлеуметтік топтың мүддесі бойынша командамен бірігіп жұмыс істеу арқылы, командалық рух, жанындағы адамды түсіну, оны ести білу, оған көмек қолын созу, ортаңда болып жатқан жағдайларға немкұрайлы қарамау сияқты жақсы қасиеттер жастар бойында арта түсетініне көзім жетті.

Волонтер болу арқылы жастар өздерімен көзқарасы бірдей замандастарының арасынан көптеген дос табады.

Еліміздегі волонтерлік қызмет соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатыр. Волонтер-студенттерді материалдық ынталандыру жүйесі қарастырылып, еңгізілгені де белгілі. Бұл жастар арасында әлеуметтік жауапкершілікті дамыту және Қазақстанда волонтерлер қозғалысын ілгерілетуде жаңа серпін берді. Бұл – студент-волонтерлерге беріліп отырған жақсы мүмкіндік. Бірақ волонтерліктің ең басты қағидасының бірі – ол риясыз, ерікті, ақысыз көмек, яғни өзінің қызметі үшін волонтер шын алғыс пен батадан басқа ештеңе күтпеуі керек деп санаймын, - дейді Гауһар.

P.S. ГауҺар Жұмағазиева 2019 жылдың соңында елордада өткен Жастар жылының қорытындыланған салтанатты іс-шарасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан Алғыс хат алған.

Барлық жаңалықтар