00:00
Астана -10oC
USD:
439.43
EUR:
473.31
RUB:
4.82
Іздеу

Ұлттық қордан балаларға бөлінетін қаржыны қалай тексеруге болады?

26.02.2024 | 11:30
109
Коллаж/Елтай Нурғазин

Елімізде биылдан бастап «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында жыл сайын балалардың арнайы шотына ақша аударылып тұрады. Балаға ақша аудару қандай жағдайда тоқтатылады? Шотқа түскен ақшаны қайдан тексереміз? Бір отбасындағы балалардың қаражатын біріктіруге бола ма?  Elorda.info-ның осы және өзге де маңызды сұрақтарына Қаржы министрлігі Бюджеттік кредиттеу, ҚР Ұлттық қоры және қаржы секторы мәселелері бойынша өзара іс-қимыл департаменті директорының орынбасары Дархан Биниязов жауап берді.

Департамент өкілінің сөзінше, 1 ақпаннан бастап 18-ге толмаған балалардың бәріне бірдей мөлшерде ақша аударыла бастайды.

Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызы  18 жасқа дейінгі барлық жастағы балалар арасында бөлінетін болады. Бүгінгі таңда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салалы мемлекеттік органдармен бірге бала санын айқындау бойынша тиісті жұмыстарды жүргізу үстінде. Себебі бала санын нақтылау үшін жыл соңында (31 желтоқсанда) дүниеге келген нәрестелер, сондай-ақ басқа мемлекетке көшіп кеткен немесе керісінше Қазақстан азаматтығын қабылдаған азаматтар санын ескеріп орталықтандырылған жүйеде жұмыс жүргізілуде. Сондықтан қазіргі  уақытта нақты санды және қаражат көлемін айту мүмкін емес. Есептелген қаражат сомасын ақпанның 1-нен бастап тиісті ақпаратты Е-gov.kz қосымшасы арқылы немесе enpf.kz сайтынан тексеруге болады, - дейді  ол.

Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызы 18 жасқа дейінгі барлық жастағы балалар арасында теңдей бөлінеді. Инвестициялық кірістің ықтимал теріс мәндерін ескере отырып, түсетін қаражат көлемі алдыңғы 18 жылдағы орташа жылдық мән негізінде айқындау жоспарлануда. 

Маман айтқан тағы бір дерек, Ұлттық қордан балаларға бөлінетін қаражат ай сайын емес, жылына бір рет қана бөлінеді. 

Бала кәмелет жасқа, яғни 18 жасқа толған кезде нысаналы жинақ ұғымына ие болады. Сәйкесінше қаражатты бала 18 жасынан бастап мақсатты түрде жұмсай алады. Бұл қаражат мақсаты – ересек өмірге қадам басқан өскелең ұрпаққа бастапқы капитал болады.  Жиналған қаражатты тұрғын үй жағдайын жақсарту  және оқу ақысының бір бөлігін төлеуге жұмсауға болады. Сонымен қатар бала ҚР азаматтығынан айырылған немесе азаматтығын ауыстырған кезде жиналған төлемдерді алу  құқығынан айрылады, - деп түсіндірді департамент өкілі.

Дархан Биниязовтың сөзінше, заңнамада бұл қаражатты ем-дом шарасына жұмсау шарасы көзделмеген. 

Қабылданған заңнамаға сәйкес, қаражатты білім алуға немесе тұрғын үй жағдайын жақсартудан басқа жағдайда жұмсау қарастырылмаған.  Сонымен қатар қазір қоғам арасында бір үйдің балаларының ақшасын біріктіру туралы айтылып жүр. Бірақ, заңнамаға сәйкес, қаражатты бір отбасы перзенттерінің арасында біріктіруге болмайды.  Ал егер бала қайтыс болса, жиналған қаражат заңды өкілдері немесе заңнамада көзделген тәртіппен мұрагерлеріне беріледі,- дейді ол. 

Департамент өкілі баланың шотына ақша түспеген жағдайда не істеу қажет екенін атап өтті. 

Есепшотқа қатысты ата-ана тарапынан ешқандай әрекет жасау қажет емес. Бұл сұрақты Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салалық мемлекеттік органдармен бірге қарастырады. Бүгінгі таңда Egov электронды үкімет порталында дерекқорда тіркелген барлық балалар көрсетіледі. Алайда, сирек болса да цифрлық құжаттарда кейбір балалар ата-аналарда мүлдем көрсетілмеуі немесе қате көрсетілуі мүмкін. Дегенмен, бұл олардың төлемдерді алуына әсер етпейді. Бұл тек ата-ана мен бала арасындағы туыстық қарым-қатынас тек цифрлық құжаттарда анықталмағанын білдіреді. Қазақстан азаматы болып табылатын әрбір бала Egov порталында көрсетілген деректерге қарамастан Ұлттық қордан төлемдер алады,- дейді ол. 

Енді азаматтарға ыңғайлы болу үшін «Баланы қосу» функциясы  цифрлық құжаттар бөлімінде қолжетімді. Бұл функцияны пайдалану үшін алдымен  eGov Mobile мобильді қосымшасын соңғы нұсқасына жаңарту қажет. Цифрлік құжаттардағы «Отбасы» бөліміне өту керек. Әріқарай  «Баланы қосу» түймесін басқан кезде  «Балалар туралы ақпаратты жаңарту» қызметі ашылады . Ондағы барлық деректерді толтырып, туу туралы куәлікті тіркеп, өтініш беру қажет. Өтініштерді АХАЖ қызметкерлері 2-ден 5 жұмыс күн ішінде қарастырады. Өңдеу аяқталғаннан кейін сіз хабарлама аласыз және бала жайлы ақпарат цифрлық құжаттарда пайда болады.

Бүгінде әр баланың есепшотына қанша қаржы түсетіні барлық ата-ананы қызықтырады. Үкімет пен Ұлттық банктің есебі бойынша елімізде жыл сайын 400 мың сәби дүниеге келеді. Әр бала 18 жасқа толғанша олардың есепшотында шамамен кемі 3 мың АҚШ долларына тең қаражат жиналмақ. Алайда бұл нақты цифр емес. Себебі, осы уақытқа дейін экономист сарапшылар айтқандай Ұлттық қорға түсетін инвестиция көлемі жыл сайын неше мәрте өзгеріп отырады. 

Барлық жаңалықтар