00:00
Астана -10oC
USD:
464.72
EUR:
496.32
RUB:
5.4
Іздеу

Негізгі ҰБТ-ға түлектерден өтініш қабылдау басталды

05.05.2024 | 11:16
210
Негізгі ҰБТ-ға түлектерден өтініш қабылдау басталды
Фото: ашық дереккөз

Негізгі ҰБТ-ға өтініштерді қабылдау 6-14 мамыр аралығында жүзеге асырылады, деп хабарлады Elorda.info.

Тестілеудің өзі 16 мамырда басталып, 5 шілдеге дейін жалғасады. Дегенмен, төтенше жағдай режимі жарияланған 6 өңірде (Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары) тіркелу уақыты ұзартылады және 6-20 мамыр аралығында, ҰБТ 25 мамыр мен 12 шілде аралығында өткізіледі.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің шешімі бойынша 2024 жылы талапкерлер негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең үздік нәтижемен грант конкурсына қатыса алады.

ҰБТ-ға қатысу үшін Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайты немесе UTO қосымшасы арқылы тіркелуге болады. Талапкерлер тестілеу күнін, уақытын және пунктін өздері таңдайды. Бұл ретте олар екі мүмкіндік үшін бейіндік пәндердің бір ғана комбинациясын белгілейді.

Талапкерлердің негізгі ҰБТ-ға дайындығын жақсарту мақсатында осыған дейін әр пән бойынша жеке тақырыптық талдау енгізілді. Яғни, әр ҰБТ-дан кейін (қаңтар, наурыз) түлектерге жеке тақырыптар бойынша білімдерін арттыру ұсынылады. Сонымен қатар, бірінші мүмкіндікті тапсырғаннан кейін олар екінші мүмкіндікке дейін дайындықтарын жақсарта алады. Одан бөлек, онлайн байқау сынақтары іске қосылған. Білім беру орталықтарымен бірлесіп ұйымдастырылған тегін онлайн сабақтар жалғасуда. Ал оқу жылының басында ҰТО сайтында тест тапсырмалары құрастырылған оқулықтар тізімі мен тест жоспары; «Қазақстан тарихы» және «Дүниежүзі тарихы» пәндері бойынша 100 тарихи дата тізімі; «Информатика» пәнінен терминдер тізімі; «Қазақ әдебиеті» және «Орыс әдебиеті» бойынша әдеби шығармалар тізімі жарияланды, - делінген хабарламада.

Тестілеу форматында өзгерістер жоқ. 2024 жылғы талапкерлер үш міндетті және таңдау бойынша екі пәннен тест тапсырады. «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық» міндетті пәндерінен тапсырмалар саны 5 сұраққа қысқарды. Бұл бейіндік пәндер бойынша сұрақтар санын 40-қа дейін арттыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар бейіндік пәндерде берілген тізімнен сәйкестікті анықтауға арналған 5 тапсырма қосылды.

Осылайша, ҰБТ тапсырмалар саны өзгеріссіз қалады, жалпы 120 сұрақ. Оның ішінде «Қазақстан тарихынан» 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығынан» 10 тапсырма, «Математикалық сауаттылықтан» 10 тапсырма және екі бейіндік пән бойынша 40 тапсырма. Жоғары балл – 140, ол да өзгеріссіз қалды.

Тестілеудің жалпы уақыты – 4 сағат (240 минут). Сонымен қатар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қосымша 40 минут уақыты сақталады.

Барлық жаңалықтар