00:00
Астана -10oC
USD:
439.43
EUR:
473.31
RUB:
4.82
Іздеу

Бибігүл Жексенбай: Халықты зиянды тағамнан қорғау – елдік мәселенің бірі

26.01.2024 | 05:15
64
Фото: parlam.kz

Сенатор Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында «Халықтың денсаулығын жақсарту мәселесі айрықша назар аударуды талап ететіндігі айтылған болатын. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, адамдар өліміне әкелетін факторлардың 60 пайызы сапасы нашар, қауіпті қоспалармен әзірленген тағамдар кесірінен болады.

Қазақстандағы өлім-жітімнің 90%-ға жуығы жұқпалы емес ауруларға байланысты екеніне тоқталды.

Соңғы кезде Қазақстан нарығында шығу тегі белгісіз зиянды тағамдар қаптап кетті. Алыс-жақын елдерден қоқыс тағам-тауарлар арбалап та, дорбалап та тасылып жатыр. Ең қорқыныштысы, «қоқыс тағамдардың» көбін көшелер мен жертөлелерде жасайды. Қытайдың өзінде бұл өнімнің зиянды екені дәлелденіп, сайттарында «қоқыс тағамдары» деп көрсеткен. Қытай билігі мұндай залалды тағам өндірушілермен күресіп жатса да, қоқыс тағамдар шетел қорғалмаған нарықтарын жаулап жатыр. 2023 жылдың 11 айында кедендік статистикасы бойынша Қазақстанның Қытайдан импорты – 14,0 млрд АҚШ доллары болған. Қытай Қазақстанның сыртқы саудасының жалпы көлемінде (26,8%) 1-орын алады (ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерді есепке алмағанда). Бұл көрсеткіш ішінде қоқыс тауарлар үлесі қанша екені белгісіз. 

Біріншіден, еліміздің арнайы заңдарына сәйкес, әр өнімде қазақ немесе орыс тілдерінде шығарушы туралы, құрамы, пайдалану мерзімі туралы ақпарат болуы тиіс. Алайда, дүкен мен базарларда саудаланатын бағасы арзан, көздің жауын алатын зиянды тағамдар бойынша бұл талаптар неліктен сақталмайды?

Екіншіден, шетелден ағылған тауарға ақшасын төлесе, жылдам сертификат алуға көмектесетін ғаламтордағы жарнамадан көз сүрінеді. Жеке делдал компаниялардың бұл бағытта көптігі – нарықтағы сапасыз тауардың көбеюіне әкеліп отырған жоқ па?, - деді халық қалаулысы. 

Сонымен қатар ол адам денсаулығы оның ішінде балалар саулығына түрлі құнарсыз зиян тағамдардың жер жарып тұрған жарнамасы да айтарлықтай кері әсерін тигізіп жатқанына тоқталды. 

Үшіншіден, зиянды тағамдардың жарнамасы жайлы айтпау мүмкін емес. Өйткені бүгінде жұрт, әсіресе балалар қанты мол, тұзды, майлы, химиялық қоспалардың мөлшері көп өнімдер жарнамаларының еріксіз көрермені болып отырғаны жасырын емес. Әрине, жарнама тиісті заңдармен реттелгенімен, оларда денсаулыққа зиянды өнімдер туралы ақпараттың таралуын шектейтін нормалар жоқтың қасы. Елімізде балаларға арналып жарнамаланатын ас-судың шамамен 72 пайызы ДДҰ тарапынан тыйым салынған азық-түлікке жатады екен. Зиянды тағамдар жарнамасын көбейту – түсіне білгенге жамандыққа азғыру. Сондықтан бұған барынша шектеу қою, қажет жерінде тыйым да салу керек.

Төртіншіден, күнделікті астың ағзаға қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тағамдағы қант, тұз және қаныққан майларды бақылау маңызды. ДДҰ-ның тамақ өнімдеріндегі қант пен тұздың құрамы жөніндегі Қаулысы бойынша оның мөлшері 5%-дан аспауы қатаң орындалуы тиіс. Бүгінде әлемде зиянды тағамға қосымша салық салу практикасы айтарлықтай кең тараған. Соңғы он жылда мұндай салық Дания, Эквадор, Египет, Франция, Венгрия, Мексика, АҚШ және басқа да елдерде бар. Осы салық түрі енгізілген елдерде өндірушілер мен сатушылардың 70%-ы зиянды және қосымша салық салынатын өнімдерді қысқартты, - дейді Б.Жексенбай.

Оның айтуынша, халықты зиянды тағамдардан қорғау, аталған мәселеде дұрыс бағыт көрсету шаралары мемлекеттік деңгейде қолға алынуы тиіс.

Ел келешегін ойласақ, халықты зиянды тағамнан қорғау да – елдік мәселенің бірі. Сондықтан, төмендегідей ұсыныстарды қарастыруды сұраймыз:

Біріншіден, елмізде «қоқыс тағамдарды» саудалауға тиым салу. Кедендік бақылауды күшейту.

Екіншіден, стандарттау және сертификаттау қызметін қатаң бақылауға алу.

Үшіншіден, әсіресе, балаларға зиянды тағамдарды телерадиода жарнамалаудың уақыт мерзімі бойынша шектеу қою.

Төртіншіден, зиянды тағамдарға, қанты көп, энергетикалық түрлі сусындарға «қоғам денсаулығын қолдауға арналған қосымша салық» салуды қарастыру.

Бесіншіден, балабақша балаларына, мектеп оқушыларына ағзаға пайдалы сүт, қымыз, шұбат беруді қарастыру.

Алтыншыдан, Денсаулық сақтау министрлігі мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары, қоғамдық ұйымдармен бірлесе салауатты тамақтану бойынша тұрақты және тиімді ақпараттық кампаниялар өткізуді ойластыру.

Жетіншіден, Денсаулық сақтау министрлігінде Қоғамдық денсаулық бойынша арнайы толыққанды құрылым құруды қарастыру қажет, - деді сенатор.

Барлық жаңалықтар