00:00
Астана -10oC
USD:
439.43
EUR:
473.31
RUB:
4.82
Іздеу

«Alayaq.net» жобасы арқылы 90-ға жуық алаяқтық жоспар әшкереленді

18.10.2023 | 05:30
70
фотоколлаж: Elorda Aqparat/ Елтай Нұрғазин

Бүгінде халықтың цифрлық сауаттылығының төмендігін пайдаланып, аңғал жандардың ақшасын иемденіп алатындар күн санап көбейіп келеді. Ондай алаяқтар  интернет әлемінің қыр-сырын әбден меңгеріп алған. Қулығына құрық бойламайтын заманауи қылмыскерлерге қарсы сақтық шаралары жасалған са­йын олардың «жаңа әдістері» таусылмақ емес. Дегенмен жақында іске қосылған «Alayaq.net» порталының атқарған жұмысы айтуға тұрарлық. 

«Alayaq.net»- алаяқтыққа қарсы және халық арасында қаржылық сауаттылықты арттыру жөніндегі республикалық жастар қозғалысына Нұрсұлтан Орынбеков жетекшілік етеді. Бүгінгі тақырыбымызға байланысты аталған жобаның іске асырушысы Абылайхан Әбдірәштен Elorda.info тілшісі шағын сұхбат алды. Кейіпкеріміз әңгімесін жоба мақсатын таныстырудан бастады.

Қозғалысымыздың басты мақсаты алаяқтық жоспарлар мен «инфобизнесмендер»-ді әшкерелеу. Халықтың, әсіресе, жастардың қаржылық сауаттылығын арттыру. Осыдан бір жыл бұрын жақын әпкем, өздерін банк қызметкері ретінде таныстырған алаяқтарға алданып, оның мойнына 18.000.000 теңге несие рәсімделді. Бұл оған өте ауыр тиіп, 2 рет инсульт алды. Арада көп өтпей, інім де алаяқтарға алданып, шетелде білім алуға деп жинап жүрген бар қаржысынан айырылған болатын. Осы сәтте оларға қалай көмектесетінімді білмей басым қататын. Осы орайда, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының» қаңтар айында «Алаяқтық схемалар, инфобизнесмендерді әшкерелеу және оларды келеке ету, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру» тақырыбында гранттық байқау жариялағанын көзім шалды. Бірден  «Alayaq.net» жобасын және сайтының құрылымын жазып, конкурсқа қатысып, грант жеңіп алдым. Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан жобамыз қолдау тапты,- дейді жоба жетекшісі. 

WhatsApp Image 2023-10-10 at 16.35.19.jpeg

Абылайхан Әбдірәштің сөзінше, ұйымда 100-ден аса волонтер бар. 

Порталға алаяқтық туралы хабарлама түскен жағдайда берілген мәлімет негізінде сайтта «қара тізімге» орналыстырамыз. Ал «қара тізім» дегеніміз алаяқтар мен соған ұқсас жағдайлардың базасы. Мәселен, сізге күмәнді бейтаныс бір кісі хабарласып несие жайында немесе басқа да сізге қызықты болатын ұсыныстар туралы айта бастайды. Осындай күдік тудыратын жағдайда хабарласып тұрған адам туралы мәліметті (тел.нөмерін, логин немесе сайтты) біздің «қара тізім» ішінен іздеп көруге болады,- деп түсіндірді ол. 

Жаңа жоба жастардың қаржылық сауаттылығын арттыруға, желідегі алаяқтық жағдайларды алдын алуға, интернет-алаяқтыққа қарсы күресте жастар мен мемлекеттік органдарды, банк секторын жұмылдыруға бағытталған.

Қылмыскерлер болашақ құрбандарының жеке деректерін алу үшін әртүрлі әдіс-тәсілдерді қолданады. Мысалы, мәліметтерді алудың кең тараған түрі – әлеуметтік желілер. Олар фишингтік сілтемелерді жіберіп, ондағы сұрақтарға жауап беруді сұрайды. Сонымен қатар, азаматтарға әртүрлі ұтыс ойындарының жеңімпазы болдыңыз, интернет желісі арқылы заттарды курьер арқылы жолдаймыз және осы сияқты сылтауларды айта отырып азаматтардың жеке мәліметтеріне қол жеткізеді,- дейді Абылайхан Әбдірәш. 

Ескере кететін жағдай,  жоба жетекшілері мен еріктілер ешкімді «алаяқ» деп атамайды. 

Біз қандай да бір алаяқтық схема бойынша шағымдар көбейген жағдайда, мәселенің мән-жайын жіті тексеріп, схеманы толық ашып беретін видео ролик түсіріп, халықтың арасында кеңінен таратамыз. Қазіргі таңда, жастар арасында танымал блогерлеріміз және мамандар алаяқтық жоспарларды зерттеп, соларға видеоролоиктар мен мен материалдар дайындап жатыр,- дейді жоба жетекшісі. 

WhatsApp Image 2023-10-18 at 11.22.41.jpeg

Қозғалыс өкілдері жақында халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында онлайн-марафон ұйымдастырмақ. Ол 10 тақырып бойынша жүргізіледі. Марафонға еліміздің кез келген тұрғыны қатыса алады. Шамамен 500 адамды қамту жоспарланып отыр. 

Мен интернет алаяқтықпен күресуді әркім өз отбасынан бастау керек деп ойлаймын. Кез келген сауатты азамат өз жақындарына әлеуметтік желіні дұрыс қолдануды, алаяқтарға тап болмау жолдарын айтып отыруы қажет. Мәселен, біз осы уақытқа дейін 87 алаяқтық схеманы әшкерелеп, халық арасында кеңінен тараттық. Бірақ сонда да  алаяқтардың ең қарапайым әдістеріне алданып қалып жататын халық көп,- дейді Абылайхан Әбдірәш.

Аталған қозғалыс Мәдениет және ақпарат министрлігі және «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КеАҚ-ның қолдауымен биыл құрылған. «Alayaq.net» интернет-порталының жұмысын «Медицина жастары» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған. Әмбебап портал арқылы ел тұрғындары интернет алаяқтық жағдайлары туралы хабар алып қана қоймай, қаржылық сауаттылығын арттыра алады. 2024 жылдың соңына дейін іске асырылатын жобаның тағы бір артықшылығы ол жерде түрлі тақырыпта нұсқаулықтар енгізілген. 

WhatsApp Image 2023-10-18 at 11.26.54.jpeg

Мысалы, «Алаяқты қалай тез тануға болады?», «Alayaq.net қалай жұмыс істейді?», «Алаяқтар қалай алдайды?» тақырыптары бойынша  қолжетімді ақпарат алуға болады. Сонымен қатар, «Алаяқтықпен бетпе-бет келдіңіз бе?» батырмасын басу арқылы оқиғаны хабарлауға мүмкіндік бар. Одан бөлек, жобаның әлеуметтік желілерінде еріктілердің қатысуымен бейнежазбалар жарияланған. Онда түрлі алаяқтық әдістерді қалай тез анықтауға болатыны жайлы егжей-тегжей түсіндіріледі. 

Алаяқ сізге де айласын асырмасын десеңіз, бірінші кезекте жеке деректер мен банк картасының нөмірін ешкімге хабарламаңыз. Егер сізге есепшотыңыз бұғатталғаны туралы қоңырау шалса немесе SMS-хабарлама жіберілсе онымен байланысқа шықпаңыз. Өзіңіздің банк бөлімшеңізге барып немесе оның ресми Cаll-орталығына қоңырау шалу арқылы мән-жайды анықтау қажет. Бұл тұрғыда құқықтық сауаттылықты арттыру да артықтық етпейді.

Барлық жаңалықтар