00:00
Астана -10oC
USD:
439.43
EUR:
473.31
RUB:
4.82
Іздеу

Қала тұрғындары үйде дайындалған өнімдерге басымдық бере бастады – зерттеу

17.04.2023 | 18:00
36
фото: lobsterhouse.ru

Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша 2022 жылы қазақстандықтар 231,3 млрд теңгеден астам сомаға түрлі тауарлар өндірген. Оның ішінде қала тұрғындарының үлесіне 51,1 млрд теңге тиесілі. Қалалықтар арасында өндірістің ақшалай өсімі – 9,4%, деп хабарлады Elorda.info Energyprom.kz –ке  сілтеме жасап.

Осы тұста ауыл мен қала тұрғындарының экономикалық мүмкіндіктері әртүрлі екенін айта кету керек. Былтыр ауыл тұрғындары 180,2 млрд теңгеге өнім өндірді. Бұл 2021 жылға қарағанда 1,5%-ға аз. Ауыл тұрғындары үшін мал ұстаудың шығыны жоғары, ал 2022 жылы ауыл тұрғындары шығындардың осы бөлігін қысқартып, бұл ет және сүт өндірісінің көлеміне әсер еткен.

Сарапшылар мәліметінше, қала тұрғындарында үй өнімдері мен тоқыма өндірісінің өсуі бірінші, үшінші және төртінші тоқсандарда байқалған. Өсім жаздың аяғында және егін жинау маусымы басталған кезде тіркелді. 2022 жылдың қазан-желтоқсан айларында қала тұрғындары 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда құндық мәнде 27,2%-ға артық өнім өндірді.

Өткен жылдың төртінші тоқсанында қала тұрғындарының өндірісінде  тоқаштар мен басқа да ұннан жасалған тәттілердің үлесі жоғары болған. Осы кезеңде қалалықтар 2021 жылдың қазан-желтоқсан айларына қарағанда үй тәттілерін ақшалай мәнде 36,4%-ға артық пісірді. Өткен жылдың соңғы үш айында өндірілген өнімнің жалпы көлемінің (7,3 млрд теңге) 4,6 млрд теңгесі тоқаштар мен басқа да ұннан жасалған тәттілердің үлесіне тиесілі.

Үйде дайындалған өнімдер арасында екінші орында консервіленген көкөністер орналасты. 2022 жылдың соңғы үш айында қала тұрғындары 748,2 млн теңгеге лечо, маринадталған қияр және қызанақ дайындады.

Қала тұрғындары өндірген өнімдердің жалпы тізімінде үй шұжықтары мен ет өнімдері (87,2%-ға), консервіленген жемістер мен жидектерді (19,4%-ға), джемді (46,6%-ға) дайындау көлемі де артқан.

Қаймақ және басқа да сүт өнімдерінің өндірісі 26,1%-ға, сары май өндірісі 52,4%-ға ұлғайды.

2022 жылдың төртінші тоқсанында Павлодар және Қарағанды облыстарында үй консервісін дайындаумен айналысып, сиыр сауып, нан пісіргісі келген қала тұрғындары көп болған. Үшінші орында Қостанай облысының тұрғындары орналасқан. Үйде дайындалған өнімдердің ең аз саны Шығыс Қазақстан, Маңғыстау және Ақтөбе облыстарына тиесілі.

 

Барлық жаңалықтар