00:00
Астана -10oC
USD:
439.43
EUR:
473.31
RUB:
4.82
Іздеу

Аманат арқалаған Аминат: Әйелге полицияда жұмыс істеу оңай ма

01.04.2023 | 00:00
ҒаниАтымтай
41

Аминат Есіргепова 2017 жылдан бері ішкі істер саласында қызмет етіп келеді. Қостанай облысы Жітіқара қаласының тумасы. Бүгінде Астана қалалық ПД Есіл аудандық Полиция басқармасында учаскелік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты деп жазады Elorda.info тілшісі.

Нәзік жанды полицейден әдеттегідей бұл салаға не үшін қызыққанын сұрадық. Ол әуелі жымиып алды да, былай деді:

Полицияда қызмет етуді бала күнімнен армандадым. Бұл салаға саналы түрде келдім. Әкем бірден қолдады. Өйткені бала күнінде милиция болуды мақсат еткенімен, ол арманы бір себептермен орандалмай қалған екен. Бүгінде әкем – зейнеткер, мені әркез қолдап отырады. Жітіқарадағы ПБ-да  ақпараттандыру және байланыс инспекторы, ювеналды полиция бөлімінде жасөспірімдермен жұмыс жөніндегі инспектор болып жұмыс істедім. Астанаға ауысып келгеніме жарты жыл ғана болды.

Сөз арасында Аминат Мақсотқызы, әсіресе, нәзік жандарға мұндай жұмыс оңайға соқпайтынын айтты.

Әрине, әйел адам болған соң полицияда жұмыс істеу оңай емес. Үй тіршілігі, отбасы бар әйел үшін қиын деп ойлаймын. Темірдей тәртіпке бағыну қажет. Оның үстіне күні-түні телефоның жаныңда болуы керек. Түнгі сағат 3-те де қоңырау шалынуы мүмкін. Бірақ мен, сүйіп таңдаған мамандығым болған соң, мұндай тәртіпке үйреніп кеттім. Біз билік өкіліміз. Отанымызды қорғаймыз. Ең алдымен тәртіп сақшысымыз. 24 сағат жұмыс істейміз. Полицияда тек жалақы алу үшін жүруге болмайды. Бұл - табандылықты талап ететін сала. Мемлекет басшысы «Естуші мемлекет» қағидасын жариялады. Полиция халыққа жақын болуы керек деді. Осы себептен күн-түн демей жұмыс істеп жатқан жайымыз бар, - деді ол.

Учаскелік полиция инспекторының айтуынша, бүгінде қала тұрғындары арасында ұрлық, тонау, әйелдерге қарсы зорлық-зомбылық оқиғалары көбейіп кеткен. Ал жасөспірімдер арасында әлімжеттік жасау, буллинг, синтетикалық есірткі қолдану сынды оқиғалар кездесіп қалады екен. Дегенмен елорданың сол жағалауында мұндай оқиғалар сирек болып тұрады.  

Қостанай десе, көбіне орысша шүлдірлейтіндер елейтейді. Бірақ біздің кейіпкеріміз қазақшаға ағып тұр. Себебін сұрадық.

Рас, біздің жақта көбіне орысша сөйлейді. Әкем Ресейде туған. Ұлты – қазақ. Ал анам авар ұлтынан еді. Бала күнімізде ол «өздеріңнің тілдеріңді біліп жүріңдер» деп, қазақ сыныптарына берді бізді. Өзі 4 тілде сөйлейтін. Өзінің туған тілі, қазақ, орыс, француз тілдерін жетік меңгерген. Қазақтың салт-дәстүрін де жақсы білді. Марқұм дәрігер болып жұмыс істеді. Осы кісінің арқасында қазақша ойлайтын деңгейге жеттік, - деді учаскелік полиция инспекторы.

Аминат Мақсотқызының айтуынша, нағашы атасы Кеңес кезінде Қостанай облысына жұмыс ауыстырып келген. Милицияда қылмыстық іздестіруде жұмыс істепті. «Жігіттің жақсы болмағы нағашыдан» дейді. Мұны сәл-пәл өзгертіп, кейіпкерімізге қарата айтуға да болатындай.

Ішкі істер саласының ұңғыл-шұңғылын тереңірек білгім келеді дейтін кейіпкеріміз бүгінде алтын асықтай екі ұл тәрбиелеп отыр. 

Барлық жаңалықтар