00:00
Астана -10oC
USD:
439.43
EUR:
473.31
RUB:
4.82
Іздеу

Уақыттың қалай тез өтіп жатқанын байқамаймыз – Түркиядағы қазақстандық құтқарушы

31.03.2023 | 23:07
Аяулым Алтынбек
37

Қазақстандық құтқарушылардың Түркияға аттанып, зардап шеккен халыққа көмек көрсетіп жатқаны бәрімізге белгілі. Жер сілкінісінен қатты зардап шеккен Түркияның Нұрдағы қаласына Қазақстаннан барған құтқарушылардың бірі – қарағандылық Думан Камзин. Elorda.info тілшісі Думанмен байланысқа шығып, ондағы жағдай туралы сұрап білді.

Оның айтуынша, Нұрдағы қаласында ғимараттардың 80 пайызы қираған. Қазір шаһарда құтқару жұмыстары жүріп жатыр. Түркиядағы зілзаладан соң үйінді астынан адамдарды алып шыққан қазақстандық Думан да құтқару жұмыстарына өз үлесін қосқан екен.

Құтқару жұмыстарына кірісер кезде көше жақтан қирандылар мен үйінділер астынан тар саңылаудан өте алыстан талмаусырап жеткен әйел адамдардың дауысын естіп қалдық. Адамдар қысылып қалған сол жерден (шамамен 30-40 метрлік жер) саңылау тауып алдық. Бірақ ол жерде бетон кедергі келтіргендіктен, саңылаудан өту мүмкін болмады. Оны алып тастау үшін бетонды бөліктерге бөлдік. Бөлу үшін менің жанымдағы әріптесім гидравликалық құрал әкелуімді сұрады. Құралды алып, әлгі жерге қайта оралдық. Кенет жолдан мен тағы бір өтетін жолды байқап қалдым. Құрал-сайманды әкелуге кеткен әріптесімді күтіп тұрғанда, осы жолды қарап көрейінші деп сонда бардым, ол да ыңғайсыз болып шықты. Тізерлеп жорғалайтын кішкентай қуысқа түстім. Бір уақытта жанымдағы әріптесім келді. Әлгі жолды ашу үшін әріптесім екеуміз жанталасып жатқанымызда, кенеттен бір адамның қатты тыныс алып жатқанын естіп қалдым. Жанымдағы досымнан: «Сен бе тыныс алып тұрған?» деп сұрасам, ол: «Жоқ!» дейді. Бірден дыбыстың қайдан шыққанын анықтап, тастарды, кірпіш кесектерді тазалап, құмды қаза бастадым. Әупірімдеп тастар басып қалған темір есікке де жеттім. Оның артында тірі адамның жатқанын көрдім. Сөйтсек, ол кісі мылқау адам болып шықты. Дереу қалған құтқарушыларды шақырып, оны суырып шығара бастадық. Оның қолы мен аяғы қысылып қалған екен. Ұзақ уақыт бойы үйінді астында жатқандықтан, қан айналымы дұрыс жүрмеген. Әлгі адамды алып шыққаннан кейін оны дереу басқа құтқарушыларға бердік. Өзіміз бастапқыда даусы естілген әйел адамдарды құтқаруға кірістік. Олардың жанында тағы да адамдар бар екен. Оларды да үйінді астынан аман-есен алып шықтық. Барлығын құтқаруға сегіз сағат уақыт кетті. 

Құтқару – өте ауыр жұмыс, қатты шаршадық. Біздің бір гидравликалық құралдың салмағы шамамен 15 кг, оның үстіне кішкентай қуыста қозғалудың қаншалықты ауыр екенін елестете беріңіз. Соңында қарасақ, әлгі адамды құтқаруға үш сағаттан артық уақыт кетіпті. Ал маған көп дегенде 30 минут қана өткен сияқты болып көрінді. Мұндай кезде уақыт тез өтеді, - дейді қазақстандық құтқарушы Думан. 

Думан өзі құтқарған адамдардың арнайы іздеп келіп, алғыстарын жаудырғанын да айтты. Құтқарылған түрік әйелдері қазақстандық құтқарушыларды тіпті таңғы сегізден бастап күткен көрінеді.

Мәселен, мен құтқарған екі әйел адам – анасы мен қызы зілзала болатын күні осы ауданға қонаққа келген екен. Біз оларды түні бойы үйінді астынан алып шығу үшін арпалыстық. Содан кейін таңға қарай бізді келесі құтқарушылар алмастырды, яғни екінші ауысым келді. Құтқарған адамдарымыз алғысын айту үшін таңғы сегізде бізді іздеп келіп, таба алмаған екен. Ол жерде Медет есімді аудармашы жігіт болған еді. Медет зардап шеккен әйелдердің алғысын біздің құтқарушыларға қазақ тілінде аударып берді. Кейіннен тағы іздеп келіп, Сергей деген менің жанымдағы қазақстандық құтқарушыны тауып алып, ризашылықтарын білдірді. Алғысын жаудырып, тіпті, көздеріне жас та алды. Соңында барлығымыз бірге естелік суретке түстік. Мұнда жүріп олардың амандықтары мен алғыстарынан артық бақыт жоқ екенін сезіндік. Мен құтқарған бір адам ауруханада жатыр. Көңілім толқып кетті. Негізінен құтқарылғандарға бармауға тырысамын, өйткені оларға психологиялық тұрғыда қаншалықты қиын екенін білемін. Бастарынан ауыр жағдай өтті. Ондай қиын сәтті ұмыту мүмкін емес қой. Мұндай жағдайды ешкімнің басына бермесін. Бауырлас елдегі зілзаладан соң үйінді астында қалған адамдарды іздеу, құтқару жұмыстарында жүрміз. Осындай игілікті істің басы-қасында жүргеніме ризамын, - деп түйіндеді сөзін Думан Камзин.

 

Аяулым АЛТЫНБЕК

Барлық жаңалықтар